Солтүстік Американың жалпы шаруашылығына келер болсақ, оның климаты кейбір шаруашылық салаларына байланысты қолайсыз не қолайлы келетіні бар. Айта кетсек, елдің оңтүстігі шөлейтті аймақтарды қамтитын болғандықтан, көп өнімдерді өсіру мүмкін емес. Дегенмен ғалымдардың жаңа технологияны қолдануы арқасында АҚШ-тың ауыл шаруашылығы жедел дамып, оның үлесіне жалпы дүние жүзінде өндірілетін өнімнің 1/5 бөлігі және өнеркәсіп өнімінің 15%-ын қамтып отыр.
Аталған елде еңбек өнімділігі артқандықтан, экономиканың даму деңгейі де жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Нақты статистикалық ақпаратқа сүйенсек, өткен ғасырдың 90-жылдарында АҚШ-тың еңбек өнімділігі әрбір азаматқа 51 000 АҚШ доллары көлемінде тұра келген. Яғни әрбір адам $51 000 қаржы есебіне орай еңбектенген екен. Еңбек өнімділігінің жоғары болуына ғылымға негізделген өндіріс үлесінің артуы себепші. Ал ғылымға негізделген өндіріске елдегі жетекші университеттердің жанында ашылған ғылыми-өндірістік орталықтар түркі болып отыр. Атап айтқанда, электронды жабдықтармен қамтамасыз ететін Стэнфорд университетінің негізінде құрылған "Силикон алқабы" маңызды рөл атқарады. Ал Бостондағы Массачусетс Технология Институты дайындайтын ғылыми мамандар мен үздік деп танылған инженерлер де өз үлестерін қосуда.
Қазіргі кезде кез келген шаруашылықтың саласын жаңа технологияның көмегімен дамыту негізгі жолға қойылған. Айта кетсек, АҚШ-тың әр 100 азаматына 63 компьютер келеді. Бұл әлемнің ең бай миллиардерлерінің бірі Билл Гейтс ұстанған "әрбір үйге, әрбір үстелге компьютерден" ұраны негіз болған көрінеді.
АҚШ-тың экономикалық өндірісі мен қаржы айналымы басты назарға алынған. Оған басқа елдердегі ірі кәсіпорындардың негізгі бастауы осы елден шығып, халықаралық корпорацияға айналғаны белгілі болып отыр.
Өнеркәсібі
АҚШ-тағы өнеркәсіп өнімдерінің жалпы құны ауыл шаруашылығы өнімдерінің құнынан 10 еседей артық. Расында АҚШ өнеркәсіп өнімдерін шығару жөнінде дүние жүзінде жетекші орындардың қатарынан табылады. Елде металлургия, отын-энергетика, машина жасау өнеркәсібі, автомобиль жасау, электрондық техника жасау өнеркәсібі, химия өнеркәсібі және жеңіл өнеркәсіп күшті дамыған.
АҚШ өнеркәсібінің өзекті салалары — металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі. Қара металлургия кәсіпорындарының орналасуы ұзақ уақыт бойы шикізат көздеріне тәуелді болып келді. Аппалач алабының кокстелетін көмірі мен Ұлы көлдер маңындағы темір кен орындары негізінде Чикаго, Кливленд, Питтсбург сияқты осы саланың орталықтары қалыптасты. Соңғы жылдары шикізаттың көршілес елдерден әкелінуі қара металлургия кәсіпорындарының шығыстағы портты қалаларға (Балтимор, Филадельфия) «ығысуына» әкеп соқты. Түсті металлургия кәсіпорындары, негізінен кен орындарына жақын орналасады. Дегенмен көп энергия жұмсалатын өндірістердің Колумбия және Теннеси өзендерінің энергетикалық кешендері негізінде дамуы да байқалған.
Одан бөлек, АҚШ-тың әлемдік нарықтағы өзіндік орыны мен сипатын айқындайтын дәстүрлі өнеркәсіптерінің бірі - көлік құрастыру. Айта кетсек, АҚШ-тың 125 қаласында автокөлік шығарылады. Әсіресе, Детройт қаласы ерекше көзге түседі, оны «автокөліктер астанасы» деп те атайды. Әрине мұның өзіндік тарихы бар. Нақтылап өтсек, 1896 жылы Генри Форд өзі құрастырған алғашқы көлігін осы Детройт қаласының маңындағы Дирборн қалашығында көпке ұсынады. Ол Америка тарихында алғаш рет көлікті конвейерлік әдіспен шығаруды игерген болатын. Оның құрған компаниясы "Фордмоторс" деп аталды. Бүгінде аталған кәсіпорын дүние жүзіндегі ірі ұлтаралық автокөлік концерніне айналып үлгерген. Одан бөлек, АҚШ-тың автокөлік жасау саласында әйгілі «Дженерал моторс» және «Крайслер» корпорацияларының да өзіндік үлесі бар.
Өткен ғасырдың орта шенінен бастап, АҚШ-та жаңа ғылымды көп кажет ететін өнеркәсіп салалары дами бастады. Қазіргі кезде АҚШ телекоммуникациялық жабдықтар мен микросұлбалар жасаудан екінші, санды бағдарламалар негізінде басқарылатын станоктар жасаудан үшінші, авиациялық техника жасаудан дүние жүзінде бірінші орын алады. Сондай-ақ, электроника мен ғарыштық техника жасау өте жедел қарқынмен өсе бастады. Негізгі жетістіктерге тоқтала кетсек, 1971 жылы АҚШ-тағы «Іntеl» компаниясы дүние жүзінде түңғыш рет микропроцессорларды қолдануды жүзеге асырды. Бұл дербес компьютерлік техниканың алғашқы үлгілері болатын. Қазіргі кезде дүние жүзінің дерлік барлық елдеріндегі компьютерлік жүйелерде «Іntеl» өндірген микропроцессорлар қолданылады.
Ғарыштық техника жасауда «Юнайтед технолоджис» компаниясы көзге түседі. Елдің оңтүстігіндегі Даллас және Хьюстон қалаларында ірі әуе-ғарыш өндірісі шоғырланған. Ал солтүстік-батыстағы Сиэтл қаласында 1916 жылы «Боинг» фирмасының алғашқы авиациялық зауыты ашылған болатын. Қазіргі кезде мұнда алып «Боинг» ұшағы ғана емес, вагондар мен кемелер, тоңазытқыштар да жасалады. Электрондық техника жасау мегалополистердің барлығында бар. Бұл саладағы жетекші кәсіпорындар — «ІВМ», «Дженерал электрик», «Хьюлетт-Паккард» компаниялары.
АҚШ-тың ірі химия өнеркәсібінің орталығы ретінде мұнай-газ алабы мен оның шикізат көздерін өңдейтін территориясы болып Мексика шығанағы есептеледі. Мұнда 200-ден астам мұнай және газ-химия кәсіпорны жұмыс істейді. Хьюстон қаласын «мұнай химиясының астанасы» деп те атайды. Расында мұндай өнеркәсіптің қоршаған ортаның экологиясын нашарлататыны айдан анық. Экологиялық мәселелер енді ғана талқыға салынып жүр. АҚШ-тың мұнай өнеркәсібі саласында «Экссон», «Тексако», «Шеврон», «Амоко» компанияларының үлесі жоғары. Қазіргі кезде бұл ірі компаниялар Қазақстанның мұнай байлықтарын барлау, өндіру ісіне де белсене қатысып отыр.
АҚШ-тың бүкіл территориясы өнеркәсіпті қалаларының шоғырлануына байланысты ірілі-ұсақты аудандарға бөлінеді. Олардың жиынтығы өз кезегінде өнеркәсіптік белдеулерді құрайды. АҚШ аумағындағы аса ірі өнеркәсіпті аймақтар мынадай ретпен бөлінеді:
1. Галф;
2. Калифорния;
3. Солтүстік өнеркәсіпті белдеу;
4. Оңтүстік-Шығыс өнеркәсіпті белдеу.
Ауыл шаруашылығы
Әрбір елдің дамуында маңызды рөл атқаратын ауылшаруашылық саласы АҚШ-тың стратегиялық бағдарламасында негізгі өрістен орын алады. Бұл салада 23 млн адам жұмыс істейді. Бұл жалпы ел экономикасындағы жұмыс орнының 18%-ын құрайды. Ел астық, сүт, құс өнімдерін өндіруден дүние жүзінде бірінші орынды иеленеді. Дүние жүзі бойынша экспортқа шығарылатын өнімнің 33%-ын, ет өнімдерінің 40%-ға жуығын осы елдің ауыл шаруашылығы қамтамасыз етеді.
АҚШ-тың агроөндірісінде жеке тұлғалар басқаратын фермалардың алатын орны ерекше. Атап айтқанда олар елде дайындалатын жалпы өнімдердің 40%-ын қамтамасыз етеді. Ұлы жазықтардың Монтана және Солтүстік Дакота, Оклахома, Канзас, Колорадо штаттары орналасқан бөлігінде XIX ғасырдан бастап бидай өсіріле бастады. Қазіргі кезде АҚШ-тың басты астықты ауданына айналған бұл ауданды «бидай белдеуі» деп те атайды. Бұл белдеуде бидайдан басқа арпа, сұлы, құмай (сорго) және қызылша өсіріледі. Жалпы алғанда, елдегі өсімдік шаруашылығының негізгі бағыты дәнді дақылдар өсіру болып есептеледі.
Көлік қатынасы
АҚШ-та көлік түрінің дерлік барлық түрі кездеседі. Ел арасында көлік қатынасын жақсарту мақсатында технологияның ең соңғы жетістіктері қолданылады. Құрлық жолдарының негізгі күретамырлары елдің батысы мен шығысын (Тынық және Атлант мұхиттары аралығы), солтүстігі мен оңтүстігін (Канадамен шекарадан Мексика шығанағына дейін) жалғастырып жатыр. Ал алғашқы трансконтиненттік темір жолдар Нью-Йорк-Сан-Франциеко (1869 ж., ұзындығы — 4246 км), Вашингтон-Лос-Анджелес (1881 ж., ұзындығы — 4787 км), Нью-Йорк-Сиэтл (1893 ж., ұзындығы — 13560 км) аралықтарында іске қосылды. АҚШ-тың ең ірі көлік торабы Чикаго қаласы болып табылады. Осы қалада елдің әр аймағынан 30 темір жол түйіседі. Чикаго арқылы тәулігіне 2 мың пойыз өтеді екен. Дегенмен соңғы жылдары темір жол арқылы жүзеге асатын транспорттық қатынасты көлік өнеркәсібі ығыстыра бастады. Бұл әсіресе қалалар арасындағы жолаушылар тасымалынан айқын байқалады. Мұндағы автокөлік үлесі қазіргі кезде 90%-ға жетіп отыр.
АҚШ-тың батысы мен шығысы екі үлкен мұхитпен шектескендіктен, мұнда су жолының маңызы да орасан зор. Одан бөлек ел ішіндегі ірі өзен ағыстары да тасымалдау бағыттарына айналған. Ал сауда жолындағы ең маңызды порттық-өнеркәсіптік кешендер Атлант мұхиты мен Мексика шығанағы, Тынық мұхит жағалауларындағы қолайлы айлақтарда шоғырланған. Ресми статистикаға сүйенсек, елде 100-ден астам портты қала бар.
Жалпы тұрғыдан қорыта айтатын болсақ, АҚШ өз тәуелсіздігіне ие болғалы барлық саланы бірегей дамытуға бар күшін салып келеді. Расында елдің дамымай қалған ешбір өнеркәсібі жоқ. Елдің старегиялық бағыты осы мақсатпен құрылғандықтан, негізгі аспекті ретінде қаралуы да орынды болып табылады.
Сурет: ru-new-edem.livejournal.com
Оқи отырыңыз:
АҚШ-тың табиғат жағдайлары мен ресурстары
АҚШ-тың экономикалық-географиялық жағдайы, мемлекеттік құрылымы