Тәуелсіздік алғанына 2,5 ғасырға таяп қалған АҚШ елі бүгінде экономикалық дамуының дербестігін танытып үлгерген. Көлік өндіру, жаңа технология, IT, ғаламтор бизнесі мен туризм сынды елдің өнеркәсіптік салалары негізгі экономикалық табыспен қамтамасыз етеді. Әйткенмен де, АҚШ-тың экономикалық жүйесін оның табиғат ресурстары құрайды. Атап айтсақ, екі мүхит аралығын алып жатқан алып елдің климаты ауыл шаруашылығына қолайлы және минералды ресурстарына бай болып келеді. Одан бөлек құрлықты кесіп өтетін Миссисипи және Миссури өзендері, АҚШ пен Канаданы бөліп тұратын Ұлы көлдер кеме қатынасына қолайлы бағыттарды ашып береді. Аталған кең ауқымды су жолдары АҚШ тарихында маңызды рөл атқарды. Тіпті қазіргі 50 штаттың бірігуіне де септігін тигізген.
Дербес елдің екінші экономикалық құраушы күші деп табиғат ресурстарының тауар айналымына енуін айтамыз. Бұл өндірістік орталықтарда еңбек ететін ел азаматтарының әл-ауқатын көтеруге бағытталған жоба. Ендеше ел тұрғыны сергек болса, экономиканың өркендеуіне де демеу болатыны рас. АҚШ-қа көшіп келушілердің саны артуына байланысты жұмыс күшінің артуы экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр.
Ел үшін эмигранттардың қатарынан жұмыс күшінің талапқа сай болуы әлі де маңызды болып қалуда. Бүгінде америкалықтар адамның еңбек күшін жаңа жоғары технологиялық өнеркәсіп салаларының табысымен бағалап отыр. Елдің үкімет басшылары мен кәсіпкерлері өнеркәсіптің жаңа салалары болатын телекоммуникация және компьютер технологиясына жылдам бейімделе алатын, ұшқыр ойға ие адамдарды дайындауға басты назар аударған. Дегенмен, жұмыс күші мен табиғи ресурстар экономикалық жүйенің бір бөлігін ғана құрайды. Сондықтан ел басшылары бұл ресурстарды тиімді ұйымдастыра білуі қажет.
Сыртқы экономикалық байланыстары
XVIII ғасырда іргесін тіктей бастаған жаңа мемлекет бірден дипломатиялық келіссөздерді жақсартуға тырысқан. Кез келген жаңадан қалыптасқан ел алдымен географиялық территориясын тұрақты түрде нақтылап алатыны белгілі. АҚШ-тың да қазір бізге белгілі 50 штаты осы сынды ділгірліктерді шешу арқылы жүзеге асқан. Айта кетсек, ел тәуелсіздігін алған кезде құрамында небәрі 13-ақ штат болған.
Ел қайраткері Бенджамин Франклин Франциядағы АҚШ-тың елшісі болып жүрген кезде ресми келіссөздер жүргізіп, француздардың Америка құрлығындағы Луизиана деп аталған отарын сатып алады. Америкалықтар Аляскаға да ресми келіссөздердің арқасында қол жеткізген.
Қазіргі заманда сыртқы байланысы жоқ елдің өзі жоқ. Кез келген ел өзімен көрші болған мемлекеттермен ең болмағанда тауар айналымы саласында байланыста болады. Одан бөлек саяси, мәдени және білім салаларында да елдер бір-бірімен қарым-қатынасқа енеді. АҚШ – аталған салалардың барлығын негізге салып дамыта білген ел.
ХХ ғасырдың 40-80-жылдары АҚШ көршілес Канада елімен біртұтас шаруашылық кешенін құруға келісімге келеді. Ортақ келісім аясында екі ел де өз мүмкіндіктеріне қарай ауыл шаруашылық машиналары, автомобиль жасау және әскери техника өндірісі салаларында бір-біріне қолдау білдіре бастады. Осы межемен қазіргі ең дамыған 7 елдің қатарына кіретін бұл екі ел дүние жүзіндегі ең қуатты экономикалық аймақты құра білді.
ХХ ғасырдың соңына қарай, АҚШ Аустралия, Сингапур, Қытай, Канада, Мексика, Корея, Бруней,
Чили, Филиппин, Жаңа Гвинея, Тайвань, Тайланд және Малайзия елдерімен ортақ байланысқа келіп, Азия - Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық ұйымын (АТА, 1989ж) құрады. Ал 1994 жылға келіп, Солтүстік Американың үш үлкен мемлекеті бірігіп, солтүстікамерикалық еркін сауда аймағын (НАФТА 1994. 1 қаңтар) қалыптастырады.
Сурет: azh.kz
Оқи отырыңыз:
АҚШ шаруашылығының жалпы сипаты, өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік қатынасы
АҚШ-тың геосаяси жағдайы
АҚШ-тың табиғат жағдайлары мен ресурстары
АҚШ-тың экономикалық-географиялық жағдайы, мемлекеттік құрылымы