Ақан сері Қорамсаұлы - ақындығымен, әншілігімен, композиторлығымен исі қазаққа белгілі үлкен дарын иесі. Әншілігі мен композиторлығы өз алдына, өнер мен өлеңге бүкіл өмірін арнаған Ақан шығармаларының шоқтығы биік. Оның жырлары, туындылары халық жадында жақсы жатталған. «Асыл мен жасық» және «Жақсы мен жаман» өлеңдері де ақыл-нақылға бай. Сонымен қатар, психологиялық паралеллизммен өрнектелген бұл екі өлеңнің жалпы айтар ойы бір.
Аққудың астығы жоқ шайнағанмен,
Құр тілдің пайдасы жоқ сайрағанмен.
Көнбейді жаман адам ынтымаққа,
Жүрмейді шошқа жөнге айдағанмен.
Алтынды қорлағанмен жез болмайды,
Жібекті жуғанменен бөз болмайды.
Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,
Жаманның көкейінде көз болмайды.
Мысалы, «Асыл мен жасық» өлеңінің осы бір екі шумағы толық психологиялық паралеллизмге құрылған. Жаманды дұрыс жолға салуға тырысу шошқаны жөнге айдағанмен тең дейді.
Шірімес алтын жерде жатқанменен.
Оқ жетпес ажалсызға атқанменен.
Жалқауға – сөз, жаманға – таяқ өтпес,
Тас жетпес дарияға атқанменен.
Мына жолдар да «Ақымаққа айтқан сөз – құмға сіңген сумен тең» деген аталы сөзді еске салады. Құдды бір өлеңнің өзегі де осы аталы сөзде жатқан секілді.
Ие қызыл болғанмен түлкі болмас,
Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас,
Ел көркі дәулет екендігі ежелден-ақ,
Дәулетсіз ел болса да, көркі болмас.
Бұл жолдардың «болмас» деп анафоралық қайталаумен берілуі оқырманның назарын аудартады. Және өз ойына өзгені сендіреді.
Жақсыға бітсе дәулет бағы айналар,
Жаманға бітсе дәулет әуәйланар.
Басына ер жігіттің бір іс түссе,
Арасы қас пен достың абайланар.
Ақын қарсы мәндес сөздерді қолдана отырып, ақ-қараны ажыратып береді. Бұл жерде «Жалқау», «жаман» деген сын есімдер заттанып, метонимияның қызметін атқарып тұр.
Ал «Жақсы мен жаман» өлеңі де дәл осындай негізге құрылған.
Көкқұтан мойнын созып қаз болмайды,
Шөл қумай көк шалғынды саз болмайды.
Пысықтың пиғылы лас,
Қараңғылық тұрса шілде туып жаз болмайды.
Жиылып қарға-құзғын шулағанмен,
Артылып сол қалпына мәз болмайды.
Жамандар жауда жәрдем бермек түгіл,
Тар жерде басын бақса аз болмайды.
Тағы да «болмайды» сөзін өлеңнің тармағының соңында қолданып, басты ой екпінін түсіріп тұрған жайы бар.
Ит үрер жақсыға да, жаманға да,
Сары алтын жамандаумен жез болмайды...
... Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді,
Жаманнан үлгі аларлық із қалмайды.
Бұл жолдарда да алдыңғы өлеңдегідей антонимдерді қатар қолданып, ойдың ара-жігін ажыратып береді. «Көк шалғын», «сары алтын» сынды эпитеттер, «жақсы», «жаман» сынды метонимиялар, «шілде», «қарға-құзғын» тәрізді синекдохалармен өлеңнің ажары кіріп тұр.
Ақан серінің «Құлагер» туындысына келсек.
Жел соқса, қамыс басы майда деймін,
Атыңды ат айдаушы айда деймін.
Алдыңғы ат барам болмай, қылаң болды,
Жығылмаса, Құлагер қайда деймін?
Риторикалық сұрақ бойынша берілген мына шумақтың соңғы жолында жауабы беріліп-ақ тұр. Аттың жығылғанын шартты формамен беріп отыр.
Түбінен дәйекшінің тұрдым тосып
Алушы едім бәйгеңді талай осып.
Отыз ат уәделі өтіп кетті,
Сол жерде тұра алмадым дереу шошып.
Міндім де Саралама тұра шаптым,
Бәйге алам деп бұл істен залал таптым.
Намазшам намаздыгер арасында
Баланы жылап жатқан әрең таптым.
Құлагер айналайын шабысыңнан
Атағы елге шыққан табысыңнан.
Біліп ем өлеріңді Құлагерім
Шыңғырған түзіңдегі дауысыңнан.
Құлагер шешең-сұңқар, әкең-тұлпар,
Соғып ең дөненіңде сегіз арқар.
Сен өлсең, орның басар Көкбесті бар
Болады Құдай қосса, ол да тұлпар.
Жалпы, өлеңнің бойынан метафоралық қолданыстарды байқауға болады. Құлагердің шешесін сұңқарға, әкесін тұлпарға балап бергенін көресіз. Эпитетті жолдармен берілген тұстарын терсек: «шыңғырған түзіңдегі дауыс», «сегіз арқар», «атағы елге шыққан табыс», т.б.
Ойымызды қорытындылай келе, Ақан сері Қорамсаұлы өмірдің шынайылығын астарлап та, тура мағынада да бере алған. Сонымен қатар, жай қарабайыр мысалдармен емес, түрлі көркемдеу тәсілдерін кеңінен қолдана отырып, түйсікке жететіндей етіп өрнектеген.
Сурет: paolaandreoni61.wordpress.com