- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Ақан – психолог...
Ақан – психолог ақын
Адамның ішкі сезім дүниесін суреттеуге Ақан өте шебер. Оның «Құлагер», «Мылтық пен мергеншілік» атты өлеңдері әртүрлі жағдаймен байланысты өзінің не басқалардың басында болатын психологиялық өзгерістерді, күйініш-сүйініштерді суреттеуде әлі күнге дейін қазақ поэзиясында үлгілі өлеңдердің қатарында есептеледі.
«Құлагер – халыққа көп тараған Ақанның ең даңқты өлеңінің бірі. Жаулары соққыға жығып, мерт қылған атын іздеп табады да, басын ұстап отырып, Ақан сол жерде-ақ атына арнап ән және өлең шығарады. Бұл кейін «Құлагер» әні аталып кетеді. Тегі жағынан «Құлагер» күйініш лирикасына жатады. Өйткені оқиғаға ақынның көзқарасын көрсетуден гөрі, сол жағдайға байланысты оның сезім дүниесіндегі күйінішін, психологиялық жайды суреттеу жағы анағұрлым басым. Сондықтан мұны жан күйінішін білдіретін өлең деп талдаған дұрыс.
«Құлагер» өлеңінде Ақан атының өлімімен байланысты өз басындағы ауыр халді өте шебер бере білген. Атын өте жақсы көретіндігі де, зорлықшыл үстем тап өкілдерінің жауыздық қиянатына қарсы іште қайнаған ыза, кегі де, аяулы жануардың өлуімен байланысты оның күйініші де әр образынан-ақ байқалады. Бір жерінде ол:
Құлпырған күлте жібек құйрығын-ай,
Суырлып топтан озған жүйрігім-ай, - деп өзегін өртеген жалынын сыртқа шығарып, жасын төксе, екінші жерінде:
Шыныңмен өлгенің бе, Құлагерім,
Салбырар сапты аяқтай төменгі ернің, - деп атын өлімге қимай, өлді деуге сенбейді. Аянышты сезімнің күші бар денесін билегендей болады. «Құлагер» өлеңінде ақынның аянышты жан күйігі ғана емес, оның тап сол минуттағы жан сезіміндегі болған өзгеріс, құбылыстар да анық байқалады.
Алдыңғы ат баран емес, қылаң деді,
Сол жерде тұра алмадым денем шошып, - деп, суық хабардың шеті құлаққа тигенде, күдік пен үміттің араласқан жерін ақын осылай суреттесе, күдіктің қауіпке айналғандағы қорқынышын:
Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін, - дей береді. Өлеңде сезілетін оның психологиялық құбылыстары осылай өзгеріп отырады.
Құлагер мерт болды деп алғаш естігенде, Ақанға ол жай түскендей қатты әсер еткен. Ақан сол секундтағы күйінішінің ең шарықтау шегіне жеткен жерін:
Құлагер мерт болды деп естігенде,
Жұлдым да сақалымды, ойбайладым, - деп суреттейді. Мұнан кейінгі психикалық өзгерістерін де ақын шебер түрде суреттеп бере алған. Бірақ ол Құлагердің қадірлілігі де, оның өлімінің зор қайғы болуы да, тек сұлулығында, не өзінің аты болғандығында емес, өз елі үшін (Атығай, Қарауылға) керекті мал деп ұғады. Құлагер өлгенде Ақан: «Ел бетін қалай көремін», - депті дейді.
Ақынның «Құлагерін» оқығанда, оқушылар Ақанмен бірге күйініп, оны шексіз аяп, аяулы жануарды мерт қылған жауыздарға лағынет айтып отырады. Өлеңде сезілетін ақынның азалы үні, қасірет-қайғысы, қатты күйініші ерекше әсер етеді.
Сөйтіп, «Құлагер» өлеңінде жалғыз ат қайғысы ғана жырланбайды, соның аянышты өлімін аза тұту арқылы, адамның сай-сүйегін сырқыратарлықтай, жүрегін тебірентерліктей, ыза-кегін өршітерліктей дәрежеде заман шындығын, әлді үстем таптың зұлымдығын әшкерелейді, сол арқылы өткен кездегі теңсіздікті еске түсіреді.
Ж. Исакаев