- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Әдебиеттің кеңес идеологиясы...
Әдебиеттің кеңес идеологиясы құралы ретіндегі қызметі
Әдебиет – өмір айнасы. Өмірде болған, қоғамдық шындық тудырған жайттар мен олардың әдебиеттегі көрінісі де тарихтан өз орнын алуға тиіс.
Қазан төңкерісіне бүгін көзқарас өзгергенмен, жалпы төңкеріс атаулыға, халықтың азаттық, әділдік күресіне көзқарас өзгере қоймайды. Әділетті қоғамды аңсау, ол үшін ұмтылу – адам баласының ғасырлар бойғы арманы. Барлық халықты теңдікке жеткізу, жұрттың өмір сүру жағдайларын жақсарту, біреудің еңбегіне қол сұға алмайтын қоғам құру, құлдықтан азат сана қалыптастыру – ұлы мақсат қой. 20-жылдардағы қазақ әдебиеті қызықты ізденістермен басталғаны белгілі. Патша цензурасы тыйым салып, ой-пікірі жарық көре алмаған қаламгерлердің бірқатары осы тұста сөз еркіндігін пайдаланды. Ақын-жазушылар да қалаған, жанына жақын тақырыпқа шығармалар жазды. Алайда 1925 жылғы «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты» туралы қаулының шығуы, әдебиеттің партия ықпалына түсуі мұндай еркіндікке тез тұсау салды. Осы тұстағы әдебиеттік ой-пікірлер де, бұрын бағасын ала алмай келген, не теріс бағаланып келген шығармалар да жаңаша қарауды қажет етеді. Кеңес әдебиеті, бұрынғы Одақ көлемі тұрғысынан қарағанда, бірқатар тәжірибе жинап, ұлт әдебиетінің бәріне ортақ жаңа сапалар, өлшемдер кіргізді. Олардың ішінде адамды, оның күресін, оны дәуірдің ұнамды кейіпкері ретінде жариялау сияқты нәрселер бар. Қазақ әдебиеті бұл жылдарда халықты оятып, теңдікке үндеу, оқу-білім жолына шақыру сияқты үгіттік міндеттерді жаман атқарған жоқ. Сонымен бірге онда жаңа заман шындығын жырлаймыз деген ұранмен шығарманың тақырыптық жағына көбірек көңіл бөлу, көркемдік ізденістердің аздығы, тап күресін тым жадағай түсіну сияқты жайлар байқалатын еді. Өмір құбылыстарын біржақты бейнелеу, яғни көлеңкелі жақтарды қалыс қалдырып жақсыны ғана асыра жазу орын алды. Соның нәтижесінде 20-жылдары қазақ халқы бастан кешкен аштық, шаруаларды зорлап ұжымдастыру, қашқан елдің басынан өткен қуғын-сүргін көркем әдебиет бетінде сөз болған жоқ. Заман жаңалығын өлеңге кіргіземіз деген мақсатпен қазақтың дәстүрлі қара өлеңінің ырғағын бұзу ойдағыдай жеміс бермеді. Мұндай олқылықтар әдебиетке жаңадан келген жастармен қатар тәжірибелі ақындар шығармашылығынан да орын алды.
Кеңес әдебиеті өзінің алдындағы дәстүрлерден үзіліп зерттелді. Кеңестік атаулының жадағай мақталуының нәтижесінде жеке авторлар мен олардың еңбектерін бағалауда талғампаздық жетісе бермеді. Жеке шығармалар тақырыбына қарап мадақталды, ал кеңестік идеологияға сәйкес келмейтін туындылар өлтіре сыналды. Мұның барлығының түп-төркіні әдебиеттің партиялық идеологияның шылауында болуы мен әдебиеттің партиялылығы туралы В.И.Ленин теориясының салдары еді. Көркем әдебиет қоғамның міндеттерімен тікелей байланыстыра қаралды. Сондықтан онда науқаншылдық өріс алды, адамзат игілігіне жарайтын, жалпы адамдық ортақ мәселелер көтерілмеді. Бұл – әдебиетті өзінің табиғатынан, даму заңдылықтарынан айырды. Қалай болғанда да, қазақ ақындарының бостандықты қарсы алған жырлары отаршылдық пен ұлттық езгінің астында екі жақты қаналған еңбекші халықтың азат күнді аңсаған көңіл күйін байқатқан еді.
Сурет: www.bankoboev.ru
Оқи отырыңыз:
Сұраншы батыр жырына арқау болған сюжеттік желі
Ойшылдық пен философияның көркем шығармашылықта алдыңғы планға шығуы
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: Жаңа тақырыптардың пайда болуы
Ғ. Мұстафиннің «Дауылдан кейін» романындағы жазушының стилі, сөз қолдану ерекшелігі
Ж. Исакаев