Әдебиет (арабша — асыл сөз) — сөз өнері, әлеуметтік мәні бар шығармалар жиынтығы. Мазмұнына қарай саяси, ғылыми, техникалық, көркем әдебиет болып бөлінеді. Әдебиет атауы көбінесе, көркем әдебиет мағнасында қолданылады. Ахмет Байтұрсынұлы оған “бір нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері”, “Сөз өнері” деп баға берген. Әдебиет — жалпы өнердің бір саласы. Бірақ ол қоғамдық сананың ерекше түрі есебінде шындықты логикалық ойлау жүйесімен емес, көркем тіл арқылы, сөз өнерінің күшімен суреттеп көрсетеді. Көркем бейненің сыртқы сұлбасымен бірге ішкі мазмұнын, сырын оқырман тұшынып сезіне алатындай етіп ашады, адамның жан дүниесі мен ішкі сезім байлығын көзге елестету арқылы қоғамдық санаға әсер етеді. Оның “өнер атаулының ең қиыны және күрделісі” (Бальзак), “Өнердің ең жоғарғы түрі” (В.Белинский) болатыны да осыдан. Қазақ та “Өнер алды — қызыл тіл” деп тегін айтпаған.
Әдебиет теориясы әдебиет тарихында жасалғандарды жинақтауға жегіліп, сонымен бір мезгілде оларға нақты әдебиеттанушылық зерттеу жасауға түрткі болатын бағыт ұстанып, оған танымдық басымдылық бағдарын береді. Ол әдебиет тарихына қатысты көмекші пән болып табылады. Сонымен қатар әдебиет теориясы өз алдына дербес мәнге ие болып келеді. Оны толық құқылы іргелі ғылыми пәндер санатына қосуға болады. Әдебиет теориясының аясы – көркем әдебиеттің мәнісін жарыққа шығаратын біршама кең ауқымдылыққа ие болып, белгілі бір шамада адамның шынайы болмысын тұтастық ретінде өзінше түсіндіреді. Осы жағынан теориялық әдебиеттану өнер теорияларымен және тарихи үдеріспен, философияның пәндері ретінде эстетикамен, мәдениеттанумен, герменевтикамен, семиотикамен кіндіктес (әрі тұрақты байланыста) болып тұрады. Бүгін біз сіздерге әдебиеттің салалары туралы әңгімелейтін боламыз.
Комедия - өмір құбылыстарының, мінез-құлықтың, іс-әрекеттің күлкілі жақтарын көрсету мақсатымен сахнаға лайықталып жазылған драммалық шығарма. Жанры түрліше: водевиль, фарс, сатиралық комедия, юморлық комедия, лирикалық комедия, музыкалық комедия, т.б. Комедияның алғашқы белгілері Ежелгі Грекияда шарап тәңірісі Диониске құрмет көрсетуге арналған ойын-сауықтан басталған.
Ежелгі Грекиядағы комедия жанрының тамаша өкілі — Аристофан (біздің заманымызға дейінгі 445—385 жылдар шамасы) болды. Оның комедиялық туындыларында халықтың күнделікті өмірі, тұрмыс-тіршілігі басты орын алды. Сондықтан да болар, оның комедияларындағы кейіпкерлер әдетте халық атынан сөйлеп, халықты қанап, алдап-арбаушыларды өткір сынға алады. Ұрылар сияқты қоғамға жат элементтермен қатар, ақылы мен арын сатқан ел билеуші философтарды да әжуаға ұшыратады. Оның 138 «Салт аттылар», «Бейбітшілік», «Лисистрата» және тағы да басқа комедиялары саяси мазмұндағы шығармалар қатарына жатады. Аристофан грек театрының халықтың дөстүрлеріне сүйене отырып театр сахналарында мималарды (өмірдің күнделікті жағдайларын бейнелейтін шағын көріністер) кеңінен пайдаланды. Дөл осы кезенде пантомима жанрының туындауы комедия жанрын одан әрі түрлендіріп, оның халықтық сипатын айқындай түсті.
Трагедия - драмалық жанрдың бір түрі. Трагедия алғаш ежелгі грек мәдениетінде қалыптасып, сахна өнерімен қатар дамыған. Трагедияның жанрлық ерекшелігі – өмірдегі шиеленіскен тартысты, бір-біріне қарама-қарсы күштердің ымыраға келмес күресін, қақтығысын суреттеу. Трагедияда қоғамдағы түрлі көзқарасты ұстанған күштердің, кертартпа топтардың арасындағы тартыс бейнеленеді. Өмірдегі ауыр жағдай мен қиын-қыстау кезеңдегі адамзат басына түскен ауыртпалық баяндалып, шығарма көбіне негізгі кейіпкердің қазаға ұшырауымен аяқталады. Бірақ жеке адамның трагедиялық халге ұшырауы оның үміті кесіліп, арманы орындалмады деген сөз емес, керісінше, ол ғұмырын арнаған арман-мақсаттың биік те зор екендігін танытады.
Дүниежүзілік драматургияда трагедияның тұңғыш классикалық үлгілерін көне грецияның ұлы драматургтары Эсхил (б. з. б. 525 — 456 ж. ж.), Софокл (б. з. б. 496 — 406 ж. ж.), Эврипид (б. з. б. 480 — 406 ж. ж.) туғызған. Бүгінгі өнер сүйгіш қауымда, айталық, “трагедия атасы” Эсхилдің “Бұғауланған Прометейі” мен “Парсыларын” немесе “Орестейя” трилогиясын, Софоклдың “Эдип-патшасы” мен “Антигонасын”, Эврипидтің “Медеясы” мен “Электрасын” білмейтіндер кемде кем шығар. Сайып келгенде, осылардың бәрінің пафосы - адамға тән сана мен сезімнің күшін, адамның ұлылығы мен рухани сұлулығын дәріптеу. Бұлардың мәңгілік шығармалар болу себебі де — сол.
“Трагедия — поэзияның шыңы", - дейді Илья Сельвинский. Сөз өнерінің барлық түріне трагедия тигізген құдіретті ықпал бағзы заманнан бері аян. Бүкіл оркестрдің бар екпінін өз уысында ұстап тұратын контрабастың байыпты философиясы секілді трагедия пафосы да әдебиет дәрежесін ұлы дәуірдің иығына көтеріп тұрады”. Осы пікірде үлкен шындық бар.
Сонет - әр шумағы тұрақты өлшемнен тұратын, 14 тармақтан құралған өлең түрі. Өлең құрылымы күрделі болып келеді, тармақтар екі рет төрт-төрттен, екі рет үштен топтасады. Яғни, 4 жолдық (катрен) 2 шумақ, 3 жолдық (терцет) 2 шумақ. Ұйқасы 4 жолдық шумақта, көбіне абаб, абба түрінде, 3 жолдық шумақта әр түрлі болып келеді. Алғашқы 4 тармақта айтылған ой одан кейінгі 4 тармақта өрістеп, кейінгі 2 қатар келетін 3 тармақтарда түйінделіп, тиянақтап бітіру тәсілі жиі кездеседі. Сонетте ұйқастар өрнегіне, үйлес сөздердің әуезді келіп, сыңғырлап айтылуына да назар аударылады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні өз сөзімізді ең әйгілі соннеттердің авторы Уильям Шекспирдің шығармашылығымен аяқтағымыз келіп отыр.
Сен - тәтті әуез, тәтті әуезге алайда,
Тамсанасың сырлы мұңмен қалайда.
Неге сонша ұнатасың, қайғыға,
Қуанышпен құшақ ашу жарай ма?
Жан азаптың жасырын сыры кімде екен?
Уайымға ұрыныпсың бір бөтен,
Байыппенен баялатқан дыбыстар,
Жалғыздықты жазғыратын үн бе екен?
Тыңдап көрші, шекті аспаптар түрленіп,
Қоңырлатты ғажайып бір үн беріп.
Шырқағандай әке-шеше, жеткіншек,
Жұбын жазбай баратқандай бірге еріп.
Аңғартады үн шек - пернеде өрілген,
Жалқы сапар тең екенін өліммен.
Оқи отырыңыз:
Қазақ қаламгерлерінің елдің тәуелсіздігін, халықтың арман-мүддесін жырлауы
Ақан серінің «Ләйлім шырақ», «Маңмаңгер», «Сырымбет», «Балқадиша» өлеңдеріне талдау
Ақұштап Бақтыгерееваның "Наурыз" жырының көркемдік ерекшелігі
О. Бөкейдің «Қар қызы» повесіндегі реализм мен романтизмнің араласып келуі
Сурет: middlemarketcenter.org