Жанр туралы түсінік жазба әдебиеттің қалыптасуы, дамуы барысында анықталады. Әдебиет - өнердің үлкен бір саласы болса, яғни, өнердің үлкен бір тармағы деп қарастыруға болады. Қазақ әдебиеті - қазақ өнері мен өмірінің айнасы, шежіресі іспетті. Осы өнер мен өмірдің кескінді сұлбасы қазақ әдебиетінде ежелден көрініс тауып келеді. Десе де, жанрға бөліп, жік-жігімен қарастыру әңгімеміздің басында айтып кеткендей жазба әдебиетпен тікелей байланысты. Қазақтың жазба әдебиеті негізінен ХIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алатынын тіл білімі ғалымдары жан-жақты дәлелдеп берді (Т. Қордабаев, Р.Сыздықова, С.Аманжолов және т.б). Демек біздің әдебиетімізде жанр, тек пен түрге ажыратып қарастыру да осы кезеңнен бастау алады. Әдебиетті жасайтын ақын, жазушы, драматург, сатирик, публицист, сыншы және т.б атқаратын қызметіне орай әдеби жанр жасайды. Жанр дегеніміздің өзі ішінен тек пен түрге ажыратылады. Яғни түр жиналып тек жасайды, тек бірігіп жанр қалыптастырады. Әдебиеттегі белгілі бір заман ағымына, сол замандағы адамдар психологиясына (образ) қарай әдебиеттанушы ғалымдар тарапынан жанр деп баға беріледі. Бірақ, бұл шартты құбылыс. Дегенмен бұл құбылыс орын алмай жанр қалыптаспайды, әдебиет те алға қадам баспайды. Жанр дегеніміз әдебиеттің өсіп-өркендеуіне, қарыштап дамуына қызмет етеді. Әдебиеттің үш үлкен тегі: поэзия, проза және драма. Осы үш ұғым қай кезеңде де көрініс береді. Әрине сол кезеңнің шығармашылық тұлғаларына байланысты бір жанрдың қарқынды дамып, енді бірінің кенже қалуы ықтимал. Бірақ қашанда халық тұрмысының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап отыратыны сөзсіз. Мысалы, алысқа бармай-ақ өткен ғасырды кезең –кезеңімен бөліп қарастырар болсақ, ХХ ғасырдың басында қазақ прозасы жаңа ізге түсіп, қарқынды дами бастады. “Бақытсыз Жамалдан” бастау алған роман көші “Абай жолына” дейін қарқынын бәсеңдетпеді, ал 50-60-жылдары қазақ әдебиеті сахнасына Мұқағали, Төлеген, Қасым сынды жыр саңлақтарының келуімен поэзияның белең алғаны мәлім. Сол секілді алма-кезек алмасып отыруы заңдылық. Мен ХХ ғасырдың екінші ширегінде поэзия болмады немесе 50-60 жылдары прозалық туындылар дүниеге келмеді деуден аулақпын, тек біреуінің басымдыққа ие болуына байланысты сөз қозғап отырмын. Ал біздің тәуелсіз кезең әдебиетінде поэзияның дәурені жүріп тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Қорытындылай келе, жанрды тудыратын көркем шығарма. Көркем шығарма өз заманының бейнесін суреттеп, тұрмысты ақиқатпен бергенде ғана жанрдың дамуына өзіндік үлес қоса алады. Сыншылар, әдебиетшілер арасында кең талқыға түсіп, әдебиетте өзіндік орын алуы үшін шындыққа құрылуы маңызды. Міне, сонда ғана әдебиет алға қадам басып, үлкен өмір арнасына ұласады.
Сурет: www.blogtrepreneur.com
Оқи отырыңыздар:
Сұраншы батыр жырына арқау болған сюжеттік желі
Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті: Жаңа тақырыптардың пайда болуы
Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары
Үкілі Ыбырайдың «Жиырма бес», «Арарай» әндері