Әбіш Кекілбаев – ең алдымен айтулы жазушы. Оның прологтан басталып, эпилогына дейінгі әр тіркесінен адам баласының күрделі проблемаларын көре аламыз. Жеке бастың күйін күйттейтін кей шығармаларға қарағанда Әбіш туындыларының талғамы да өзгеше. Аңыздың ақыры шығармасының өзінде адамзат бойындағы ізгі қасиеттермен қатар күллі болмыстағы қажет емес дүниелер де суреттеледі. Әр адам шығарма соңынан сан түрлі ой түюі мүмкін. Біреу кейіпкер психологиясына терең бойласа, біреу жаһандық проблеманың астарына үңіледі.
Әбіш шығармаларының қайсысында болмасын адам психологиясының шарықтауына мүмкіндік көп. Ойлау процесінің іске қосылғанымен қоймай, кей дүниелерге екі жақты көзқарас қалыптастырып, ой салады. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып, халық арасында кеңінен таралып, талқыға түскен шығармалары – «Үркер» мен «Елең-алаң». Бір ғана адам санасын емес, бір ғана отбасы шытырманын емес, түгелдей бір халықтың тағдырына араласқан және сол халықтың тағдырында шешуші рөл атқарған Әбілхайыр ханның өмірінен сыр шертер бұл шығармалардың қазақ үшін шоқтығы биік екені айқын. Әрине, бұл тақырыпты Мағауиннің, Есенберлиннің туындыларынан да оқыдық. Алайда, Әбішше жырланған, Әбішше өрілген шығарманың артықшылығы өте көп.
Әбіш – эпик жазушы. Адамда талант болғанымен қоймай білім де тиісті деңгейінде жеткілікті болуы керек. Әбіштің кез келген шығармасын оқу арқылы оның кең тынысты, суреткерлік қарымы тым биік, философиялық ойшылдығы жоғары, қала заңы мен дала заңын ажырата алатындығын анық аңғара аламыз. Білімділігінің нәтижесі болар, Үркер мен Елең-алаң шығармалары тарихи тұрғыдан да, әдеби тұрғыдан да өте сауатты жазылған. Көркем әдебиет тарихпен сабақтасқан тұста көптеген қателіктер орын алып жатады. Әбіш шығармасына өз заманында мұндай пікір мен сындар мүлдем айтылмаған.
«Адамдар неткен көзсіз, неткен өжет. Тап бұдан айбынбайтын адам шанда-шанда бір жолығар деп ойлап еді, ондайлардың тек сақина-жүзіктерінің өзі бірнеше керуенге жүк болды. Бұл өрлік пен ерлік түгілі мешкейлікті де, дүниеқоңыздықты да жеңе алмады».
Шығыс Азиядағы бір өзенді қытайлар Хуанхе – Сары өзен, тибеттіктер Мачу – Қызыл өзен, маңғұлдар Хара-Мұрэн – Қара өзен деп атайды. Ал енді оны Хатын-Гол – Ханша-Дария десеңіз бәрі де түсіне қояды. Неге олай?
«Бұл салған ойран-бүліктердің тұсында тек басын баққандардың ғана қол-аяғы сау қалады. Басын баққандар тек қана басын бағатындарды туады. Сөйтіп, бұдан былай өмірге тек қана басын бағатындар келетін болады. Ал ондайлардың мойын-омыртқасы осал болып келеді».
Әбіш Кекілбаев кейіпкерлері ешкімге ұқсамайтын, қайталанбаған кесек кейіпкерлер. Өйткені, жазушы ретінде әр кейіпкерді жеке-дара сөйлетіп қоймай, оның жан – дүниесінен толық ақпарат бере алған . Ішкі толғаныс, жан күйзеліс, адам өмірінде кездесетін психологиялық ауытқушылық, кез келген дүниеге парадокс ұстана білу, қазақы иірім, болмыс, бабадан қалған өсиет-аңыз, бәрі-бәрі Әбіш шығармаларының негізгі арқауы, түйіні.
Тарихи романдар жазу барысындағы өзіне деген ішкі сенім оның қазаққа тың дүние әкелуіне себепші бола білді. Әбіш Кекілбаев жазушылықпен қатар, әдебиет сынында да біршама елеулі еңбек атқарды.
Адамзат ақыл-ойы талай ғажайыптарды ойлап тауып жатыр ғой. Алда да небір ғаламат ғажайыптар ашылар. Бәрібір ең ұлы жаңалық – жазу. Одан асқан жаңалық болған емес. Жазудың ойлап табылуы мәңгіліктің біржола мойындалуы. Жазу адам нәсілін ақылды, айлалы етіп қана қойған жоқ. Иманды да ибалы , парасатты да етті. Шын мәнінде Ғылым, Дін, Мәдениет жазудың арқасында пайда болды. Осы арқылы өткен ұрпақтардың құндылықтарымен сусындады, кемелденді.
Шын мәнінде, Әбіш жазу жаңалығында үлкен төңкеріс жасай білді. Кез келген кесек туындысы бүгінгі ұрпаққа бабалар аманатын арқалап келгендей, арқалап әлі де апарардай.