Абай шығармашылығы қазақ әдебиетінің дамуына үлкен серпін берді

Абай шығармашылығы қазақ әдебиетінің дамуына үлкен серпін берді
Фото: alashainasy.kz

Абайдың ұлылығы - өзінің өскен орта, туған елінен қол үзбей, қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған рухани мәдениетін меңгере отырып, орыс халқының өзіне өнегелі мектеп етуінде. Абай шығармашылығының негізгі мәйекті тұсы - адам мәселесі. Осы мәселені қозғағанда, ақын ұстанған екі бағытты аңғаруға болады. Ең бірінші Абай Шығыс философиясының дәстүрін саналылықпен жалғастырды. Алғаш философия жүйесі құрылысын, қоғамды, мемлекетті, этиканы, т.б. зерттеуге көңіл бөлген. Абайдың философиялық шығармашылығы дегенде, біз оның адам қақында өзіндік ой-толғам қалыптастырғандығын айта аламыз. Абайдың пікірінше, нағыз адам - оқыған, білімге ынтық, білімге құлаш ұрған жан. Нағыз адам еңбекке ғана сүйенеді, оған ессіздік, жатып ішерлік, алаяқтық, т.б. жат деп ұғынады. Нағыз адамның сезімталдығы, жүректілігі айрықша, сұлулық пен сүйіспеншілікті, т.б. түсінеді. Ұлы гуманист адам туралы өз түсінігін ғана қалыптастырып қоймайды, ол нағыз адамның идеалын, мұратын жасап, сонымен бірге ақиқат адам мен тұлғаның қалыптасуына себепші жол һәм құралды талдап береді.

Абайдың сезімі өз өлеңдерінен анық көрінеді. Ол өзін жиі жалғыз сезінді, қамықты, әлділердің әділетсіздігіне күйінді. Абай заманында қоғамды өзгерту мүмкін емес еді. Ол ағартушылықтың өмірдегі орнын дәл бағамдап, оны қоғамды дамытушы күш деп білді. Абай дүмше молданы сынады, бірақ дінді жоққа шығармады. Ол діндегі рухани құндылықтарды қастерлеп, әлсіздердің жақтаушысына айналды.

Ақын шығармашылығының негізгі бөлігі - Пушкин мен Лермонтовтан аударған өлеңдері (Пушкиннің "Татьянаның хаты", Лермонтовтың "Қанжар", "Желкен" т.б. шығармалары). Ол сондай-ақ Крыловтың бірқатар мысалын тәржімалады. Абай аудармаларына қарап, ақынның түпнұсқаны жете меңгергендігін аңғаруға болады. Абай XIX ғасырдағы орыс әдебиетін өзіне зор мектеп еткен де, сырттай еліктеуші емес, орыс әдебиетіндегі реалистік дәстүрді қазақ әдебиетіне творчестволық жолмен қабыстырушы болды. Абай XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің даму жолындағы әдебиет майданындағы күрестің қазақ даласындағы жақтаушы қалам қайраткерлерінің бірі. 

"Қазақ халқының XIX ғасырда оянуы мен жаңаруына басшы болған Шоқан, Ыбырай, Абайлар Белинский ойлары мен өсиеттерінен, үлкен сындарынан мол нәр, тәрбие алған. Абай шығармаларындағы, Алтынсарин өсиеттеріндегі халық қамын жейтін сан толғауларды Белинский еңбектерінен ауысқан өнімді ойлар әсерін тану қиын емес", - дейді Мұхтар Әуезов. Абай Белинский еңбектерінен бүкіл орыс әдебиетінің тарихын, даму жолдарын ұғып, біліп зор мектептен өтті. Пушкиннен басталатын реалистік мектептің әуелгі іргетасын салушы жазушының бірі - Крыловты Абайдың аударуы, орыс әдебиетіндегі озық идеяның, жаңа бағыттың негізі мен дамуын терең түсінуінде. Пушкиннің нағыз мұрагері, өз заманындағы жауыздыққа қарсы ыза мен кектің жырын жырлаған, жай отындай жарқылдаған жалынды ақын Лермонтовты да Абай ерекше бағалады. Лермонтовтың отты жыры Абайдың да жүрек сырына жалғасады. Тар заманның қапасынан еркіндікке бой ұрған екі ақынның терең сезімінен тебіреніп шыққан жырлары іштей жалғасып, үнемі үндес келіп отырады. Абайдың әлеуметтік тақырыпта жазылған өлеңдерінің Гоголь, Салтыков-Шедрин, Некрасовтармен үндес болып отыруы орыстың демократ жазушыларынан алған үлгі-өнеге еді. 

Абай шығармашылығы қазіргі қазақ әдебиетінің дамуына үлкен серпін берді. Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сынды ағартушылардың шығармашылық дәстүрі жалғасын тауып, XX ғасырдың бас кезінде қазақ әдебиетінің демократтық рухы ашыла түсті. Осы бағыттың ірі өкілі ретінде С.Көбеевті, С.Торайғыровты, С.Дөнентаевты, Сералинді атауға болады.

Ж. Исакаев