- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Абай - мәдениеттің...
Абай - мәдениеттің есігін ашқан ұлы ақын
Мұхтар Әуезов: "Абай Құнанбаев қырдағы қалың қазаққа мәдениеттің есігін ашқан ұлы ақын. Орыстың Пушкин, Лермонтов, Крыловтарын қазаққа аударушы Абай" деп тауып, Абай шығармашылығының ең бір айшықты сипаттарын айқындаған. Бұл сол кезеңдегі Абайдың жаңашылдығын және орыс әдебиетімен байланысын дәл бағдарлаған пікір. Абай өлеңдерінің жалпы сарыны екіге бөлінеді: біреуі - ескішілдерді сөгіп, олардың надандығына, бақ құмарлығына кею, екіншісі - елді өнерге, оқуға шақыруы. Абайтану ілімінің өркендеу барысы оны арнайы зерттеу қажеттігін тудырды. 1964 жылы Мекемтас Мырзахметұлы "Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасын зерттеу туралы" кандидаттық, 1990 жылы "Мұхтар Әуезов және Абайтану проблемалары" деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. "Абай жүрген ізбенен" (1985) және "Абайтану" библиографиялық көрсеткішін (1987) шығарды. Абайтану ілімінің қалыптасу процесін зерттеуді одан әрі жандандыра түскен Е.Ысмайылов та жаңа ой-пікір қоса білді. 1945 жылы Абайдың туғанына 100 жыл толуына байланысты көптеген еңбектер жазылды, солардың ішінде Е.Ысмайыловтың "Абайды зерттеу жайында" деген арнайы баяндамасы бар. Осы мәнді еңбекте Абайтану ілімінің қалыптасу кезеңіндегі сыни ой-пікірлерді үш кезеңге - революцияға дейінгі кезеңге, революциядан кейінгі алғашқы 10 жылға (1923-1933), Абайды ғылыми жолмен зерттеудің басына (1934-1945) жіктеп қарайды да, әрбір кезеңнің ерекшеліктерін көрсетеді. Абай жайында 1918-1940 жылдар арасында жазылған сын, зерттеу еңбектерді іштей үш кезеңге бөліп қарайды. Әдеби мұраны игерудің барысы тұрғысынан да, сонымен қатар, сыншылдық ой-пікірдің эволюциясы тұрғысынан да бірінші кезеңді 1918-1933 жыл аралығымен белгілеген абзал, өйткені осы кезеңде Абай шығармашылығын тану-танымау мәселесі айқын шешілді. Абай шығармаларының 1933 жылғы жинағы алғашқы кезеңнің қорытындысы болды. Демек, Абай шығармалары айтыс-тартыс кезеңінен өтіп, халық кітапханасынан орын алды. Алайда Абай шығармашылығының шын мәні, тарихи орны әлі анықталмай, келешек кезеңнің ауқымына ауысты. 1933 жылғы жинақтан кейін "Сана", "Таң", "Әдебиет майданы", "Қазақ тілі" газеттерінде Абайдың бұрын баспасөз бетін көрмеген өлеңдері басылып, қалың оқушы қауымға ұсынылды.
1934 жылы Абайдың қайтыс болғанына 30 жыл толуын атап өту жөнінде Қазақ АССР-ның Орталық Атқару Комитетінің указы шыққаны, 1945 жылы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толуының ұлттық көркем сөз мерекесі ретінде тойлануы тек әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, ғылыми эстетикалық тұрғыдан да мәні зор. Бұл кезеңді шартты түрде Абайтану ілімінің дайындық дәуірі деп атауға тұрарлықтай. Өйткені Абай шығармашылығының мәні мен маңызына, эстетикалық қуат-қауқарына, саяси-әлеуметтік және қоғамдық көзқарасының қыры мен сырына жан-жақты барлау жасалды. Ал, бұдан кейінгі жазылған күрделі де мәнді еңбектер Абайтану ілімінің қалыптасу дәуірін айқындайды.
Ұлы жазушы, кемеңгер әдебиетші-ғалым, Абайтану ілімінің негізін салған Мұхтар Әуезов: "Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ" - деген болатын.
Ж. Исакаев