Абай Құнанбайұлының 33-ші қара сөзіне талдау

Абай Құнанбайұлының 33-ші қара сөзіне талдау

ОТЫЗ ҮШІНШІ СӨЗ

Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі — қазақтың әулиесі сол. Бірақ Құдай Тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады.

Әуелі — бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Осы қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады.

Екінші  ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке салынады.

Үшінші  «дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе «ағеке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер!» дегенде «маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін» деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Және анаған дүниенің қызығы алдауды білген дегізіп, көңілін де мақтандырып кетеді.

Төртінші  тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, бір болымсыз нәрсені берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын дегенге мәз болып, тамырым, досым десе, мен де керектінің бірі болып қалыппын ғой деп, және жасынан іс істеп, үйден шықпағандық қылып, жоқ-барға тырысып, алдағанды білмей, дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, тіпті жетпесе өзінен қосып, қылып бер дегенінің бәрін қылып беріп, күні өтіп, еңбек қылар уақытынан айрылып, «жоғары шыққа» қарық болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын бұлдап қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, соныменен табыс құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді. Осы несі екен. Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш болатұғыны қалай?

Абайдың қай қара сөзі болмасын, жүрекпен түсініп, көңілге түйетін нақылдарға бай. Бұл қара сөзінде де, арам ойдан алшақ болуға шақырады хакім. Барлық адамзаттың өзге тіршілік иелерінен сөйлей алатын қабілетімен ерекшеленіп тұратын қасиеті бар. Сондай қасиеттерінің бірі де бірегейі  бір іске икемді болуы. Ішкен тамаққа тойып алып, бүк түсіп жата беру адам баласына үлкен сын болмақ. Ал Абай атамыздың бұл ретте айтқысы келген ойы қандай? «Өнері бардың кеселі бар» деген ойды ұстанып, оның төрт түрін көрсетеді. «Бойымдағы өнерім өзіме жетеді» деп білім-ғылым қумай, тым асыра қанағатшылдыққа салынып, талапсыздыққа бой алдыру  пендені кері бағытқа салады десе, екінші бір айтар ойы  еріншектік. Бауыржан Момышұлы атамыз «Адамды үш нәрсе бүлдіреді: арақ, ақша, атақ» деп айтқан екен. Малға мастанып, қит ете қалса, көп жұмыс бітіргендей ақысын сұрап тұруы  қателік. Бұл ретте, «сыйға  сый, сыраға  бал» деген халық нақылын айтсақ, артық етпес. Еңбегіне қарай, ақысын да береді емес пе? Әр зат өз шамасымен болуы керек дегенді ұстанған ұлт ғұламасы үшінші кемшілігінде нендей ой айтты екен? Мақтаған сиырдың күйін кешіп, арзан мақтаудың артынан еріп, аса дандайсып кету өмірден адасудың бір сорақысы екенін айтпақшы. Ақырғы кемшілігі – қарызға бату. «Жасап берші» деген бір ауыз сөзін «мен де біреудің пайдасына керек екенмін» деп жерге тастамай, мойнына алып, шектелген уақытына дейін бітіріп бере алмай жүрсе ше? Басқадан қарыз алып айыбын жуып-шаятынын қайтесің? Сөйтіп, анда тартса, мында жетпей, мында тартса, анда жетпей, «екі қолын мұрнына қыстырдының» күйін кешпек. Тоқ етері, артылған істің жауапкершілігін сезіне білу керек. Өз заманының жайын айтып отырса да, бұның жалғасы қазіргі өмірде көрініс беріп жатқаны жалған емес. Сондықтан, ардың жүгін арқалаған 550 жылдық тарихы бар ұлттың болашағына жалқаулық, салғырттық, боямашылдық деген кері пиғылдар жараспасы хақ.

 Сурет: www.zharar.com

Е. Жұмабайұлы