- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Абай Құнанбайұлы –...
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының мақтанышы
Абай поэзиясы – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Тек қана Абай өлеңдерінен қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері түгел көрініп, сезіледі. Ұлы ақын "Абайдың қазақ әдебиетіне XIX ғасырда және XX ғасырда еткен әсері аса мол. Абайдың өзін көрмей, сөзін оқу арқылы, естіп ұғыну арқылы, сол Абайдың өлеңдерінің үлгісінде әлеуметтік мәселеге, адамгершілік жайға, ағартушылық турасына арнап көп-көп өлеңдер жазған талай ақындар бар. Әсіресе, бұлардың саны, Абай шығармалары қазақ сахарасына жайыла бастаған сайын молая түскен", - дейді Мұхтар Әуезов.
Абайдың қазақ әдебиеті алдындағы ұлы қызметі оның ұлттық әдебиетте шындық дегеннің не екеніне бірнеше рет көңіл аударып, оны тұңғыш аша білуі деуге болады. Ол - қазақ әдебиетінде әйелдердің тағдырына бірінші көңіл бөлген ақын. Оның кіршіксіз, таза, терең сезіміне үңілді, ананы, даналықты, достыққа берік адал сезімді жырлады. Абай кедей ақындардың күнкөріс кәсібіне айналып, бағасы түскен өлең сөзді өз биігіне қойып, оқырманның, тыңдаушының талғамын тәрбиелеуге белсенді араласты. Ақынның бұл саладағы ұлы қызметі орыстың классикалық әдебиеті эстетикасымен, Белинский, Чернышевский көзқарастарымен ұштасып жататыны ғылымда әлдеқашан дәлелденген.
Абай нағыз адам мұратын қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсетіп берді. Абай шығармашылығындағы сондай-ақ адам бойындағы қайырымдылық, қанағат секілді адамның қалыптасуына себепші иманды қасиеттер де талданған. Кант, Достоевский тәрізді ұлы гуманистер "қайырымдылық", "қарапайымдылық" секілді ұғымдарды тұлғаны қалыптастыратын басты белгі деп қарастырған. Нағыз адамды білімділік, ақылдылық, біліктілік, ғылымсүйгіштік қасиеттер анықтайды деп тұжырымдайды. Дана ақынның пайымынша, адамшылықтың мұратына жетудің негізгі құралы - шығармашылық ойлау. Абайдың айтуында, ой кісіге табиғат құбылыстарын ғана емес, адам өмірін талдау, қорыту, салыстыру үшін берілген. Нағыз адам мұратына жетудің екінші шартын Абай еңбек, қызмет деп есептейді. Ақын еңбек туралы да жаңа сөз айта алды. Ол қазақ қоғамында еңбек туралы жаңа түсінік қалыптастырды. Абайдың айтуынша, еңбек - жай ғана қызмет емес, адам болмысының айнасы. Еңбектің өмір сүру құралы екендігін баршаға насихаттайды. Ғылымды игеру, тану, білімді болу - табан ақы маңдай тердің, еңбектің мәні. Сондықтан ақын еңбек пен мақсатты өлеңдерінде асқақтата жырлады.
Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір проблемаларын күн тәртібіне қойды. Ол қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты озық мәдениетке сүйреді. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі - дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтты. Елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну - Абай даналығының белгісі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Оның өлеңдерін оқи отырып, одан жалғандық табу қиын. Өлеңдерінен қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Оның өлеңдері өзінің қарапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады. Абай ақын боп сөз жазып қана отырмаған, өз өлеңіне өзі ән шығарып таратқан. Оның композиторлық шығармашылығы біздің халықта ерекше бағаланады. Қазақ даласында бірінші шырқалған Татьяна тек Пушкинді ғана насихаттап, халыққа таратып қана қойған жоқ, сүйгеніне қосыла алмаған мұңды орыс қызын қазақпен байланыстырды. Абайдың жастайынан көргені, естігені - халық әдебиеті, бай фольклор, жеке ақындар творчествосы болды. Жасынан әке ырқымен ел ісіне араласқан Абай сөз сырын жақсы білді, дау ұстағандардың талай сынынан өтті, шешен атанды, төбе билікке де сайланды.
Ж. Исакаев