- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- "Абай жолы" эпопеясындағы...
"Абай жолы" эпопеясындағы Құнанбайдың портреті
Француз жазушысы Луи Арагон "Абай жолын" оқығаннан кейін мынадай ой түйіпті: "Әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын; бұл менің ойымша, ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі". Бұндай пікірді тудыру үшін автор эпопеяда суреткерлігін танытқан. Эпопеяның өн бойында адам образдарын жасайтын штрих, детальдар толып жатыр. Мінездеу, мүсіндеу, жинақтау – бәрі бар.
Сөзбен салынған кейіпкер суреті І томның өн бойында көптеп кездеседі. Рахманқұл Бердібаев шығармадағы портреттердің кескінделуі туралы былай деді:
1. Қаһарманның сырт келбетін толық келтіру.
2. Адамның бірер белгісін атап өту.
3. Адам портретін түрлі жағдайда қайталап, әрбір қырынан толықтыра отыру.
4. Қаһарманның бет-жүзіндегі, денесіндегі ерекшелікті екінші бір адамның көзімен бағалату.
Осы төрт белгіні дәлірек келтірсек, бірінші ерекшелікке Абайдың Ділдәға үйленгеннен кейінгі бейнесі толық келеді. Екінші ерекшелікке Ұлжан портретін алуға болады. Оспан "Ойбай, бауремдеп" келгенде, толық денесін қозғағанынан денелі екенін білеміз. Ал Құнанбайдың бейнесі әр қырынан көрінеді. Қатал кескін түрлі оқиға барысында қайталанып отырады. Бұл үшінші ерекшелікке келетіндей. Ал соңғысына Абайдың бейнесін алайық. Әке сәлемімен Байдалыға барып тілдесіп, оның сөзін мырзаға жеткізуге асыққан Абай бейнесі Құнанбайдың көзімен көргенде, "екі көзі от шашып, беті қызғылттанған".
Әдеби туындының тұтастық жүйесін құруға елеулі үлес қосатын, біртіндеп тұрақты эстетикалық өлшемге айналған ежелгі көркемдік межелерінің бірі – портрет. Ғ.Мүсірепов аңғарғандай: "Қайтқанда", "Қат-қабатта", "Шытырманда", "Бел-белесте", "Өрде", "Қияда" – әр бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге, бұл – Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құанбайдың жолы болып шығады. Бірі – көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл – Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы". Осы әрбір өткелден өткен Құнанбайдың образды бейнелерін келтіріп көрейік.
Құнанбай тұлғасының жасалу шеберлігі бүкіл дүниежүзінің әдебиет тарихында сирек ұшырасады. Әдеттегі түсінікпен атап көрсек, Құнанбай – жағымсыз кейіпкер. Кері кеткен керзаманның жанкешті жақтаушысы, рулық-феодалдық жүйенің бір тінінің үзгісі. Әдетте осындай ұнамсыз типтер бізде бірыңғай қара бояумен баттастырыла ылғи жамандық жағы қазбаланып, кейде тіпті іске алғысыз дөкір, дөрекі күйде көрсетілетін. Ал, Құнанбай ондай емес. Мейілінше, шыншыл суреткер, бұл образды мінездеу мен мүсіндеуге, жинақтау мен даралауға өзінің бай палитрасындағы бір (қара) емес, бірнеше (ақ, көк, сары ...) бояуды қоса, қатар жұмсап, түрлі-түсті табиғи кескінде, алдымен адам ретінде барлық күнгей-көлеңкесімен жан-жақты толық тұтас тұлғаландырған. Автор ұнамсыз кейіпкер бойындағы ұнамды қасиеттерді күзеп не тонап әкетпейді, өзіне береді, өзінде қалдырады.
Осы мақсатта дәлелдемелер келтірсек. Оқудан қайтқан Абайдың әкесімен алғаш кездескен тұстағы әке портреті: Абай "үш күндік жолдың бүгінгі, соңғы күніне" барын салып, аулына қайтып келеді, әкесіне сәлем бере келеді. Өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды әке бала сәлемін суық көңілмен қабылдады. Құнанбайдың зор денелілігі, бурыл сақалдылығын байқадық. Ал сұп-сұр өңі жоғарыда аталған палитраның кішкене бөлігі. "...Қонақ үйде, дөңгелек үстел үстінде қызғылт, күңгірт сәулесі бар тас шам жанып тұр. Оқтын-оқтын іргеден соққан жел лебімен әлсіз шам кейде ұйтқып, шалқи түсіп, кейде лапылдап, жалпылдай жанады. Қырын отырған әкесінің үлкен, кесек пішіні Абайға жартылай ғана көрінеді. Түсі суық. Қара сұр жүзіне бозғылданып түгі де шығып алыпты. Жалғыз өзі ұзақ сөйлеп отыр. Зор даусында ыза мен зіл бар... Әкесінің ат жақты келген, ұзын сопақ басының құлақтан жоғарғы жері қаз жұмыртқасындай көрінді. Онсыз да ұзын, үлкен бетіне ұп-ұзын боп дөңгелей біткен сақалы қосылғанда, басы мен беті бір өңірдей. Сонда Құнанбайдың жалғыз сау көзі, оның көтеріңкі жал-тұмсығының сол иығына шығып алып, қалғымай, сақшыдай бағып, осы өңірді қалт етпей күзетіп тұрған сияқтанады. Жалғыз көз шүңет емес, томпақша. Кірпігін де сирек қағады. Иығына бота ішігін жамылып, шалқия отырып сөйлейді".
Мүсінші-автор Құнанбайдың жалғыз көзін айнытпай жасапты. Сол бір сау көзі, басы мен беті қосылған өңірді күзетшідей бағып отыр. Күздеуден жеті көшіп отырған ауыл Құнанбай бұйрығымен Көлқайнарға ат басын бұрды. Абысын, келін атаулының бәрі үлкен бәйбіше Күңке үйіне сыбаға әкеледі. Таңшолпан шешесі Құнанбайдың үнсіз отырғанын жақтыртпай, сынап еді. Сол кезде Құнанбай жымия күлгені бар ғой. Күлкісін автор жақсы жазған. Жымия, риясыз күледі.
"...Құнанбай Шыңғыстың күн реңіне қарап тұрды. Қастарының арасынан түскен екі сай әжімі болушы еді. Сонысы қазір тереңдеп, қатты шүйіліп алыпты. Бетінде ұзарып қарауытып шыққан түктері бар. Үлкен, өткір жалғыз көзі қанталап, шапшаң қарап, жалт-жалт етеді". Жоғарыда түктері бірен-саран еді ғой. Бүгін ұзарған, қарауытқан түктері".
Ел арасындағы дау-дамайдың ортасындағы кейіпкерлердің өңін еске алайықшы. Мәселен Бөжей мен Құнанбай арасында ұрыстың лебі есіп өткен кезі. "Бөжей арыз беріп, аяғымнан алғанын қойсын. Болмаса сұр шекпенді кигізіп, бойын кездеп айдатқанша тоқтамаспын" деп еді Құнанбай. Жауап иесі Бөжей "Көк шекпенді біздің мырза пішкен жоқ. Құдай пішкен. Кім киерін көрерміз" деп құдасы Алшынбайдан сәлем айтыпты. Құнанбай қайсар жауапты есітті де, басын жоғары алып, қарсы терезеге жалғыз көзімен қадалып қарап, үндемей отырып қалды. Сұрғылт жүздері түнеріп, қатты ашумен қарайып бара жатқан тәрізді. Бетінде түк атаулысы бозғылданып біліне бастады".
Қарқаралыдан шығардағы әке бейнесі әдемі, кербез. "Үстінде қара құлын жарғағы бар, күміс кісе буынған, қара мақпалмен тыстатып, қызыл тымақ киген Құнанбай сырт жағынан қарағанда, тіпті, зор көрнекті еді. Қара жарғақ сары атқа жақсы жарасады". Бұл ақсүйектерге тән бейне ғой, әрине. Абай Қарашоқыға келіп, үйге кіргенде үй іші лық толған кісі екен. "Биік төсектің алдында, бар жиыннан иығы асып, ақ көйлегінің омырауын ашып, тас-тап, төс жүнін көрсетіңкіреп әкесі отыр". Бұл да мырзалардың өзін еркін ұстағандағы бейнесі.
Енді, Бөжей жантәсілім етті деген суық хабарды естіген Құнанбайдың бейнесі. "...Қатты сұрланып алып, түрулі тұрған есіктен алыстағы көкадырға қадалып отырып, ернін жыбырлатты да, баяу ғана бата қылды". "Өртеңнің бауырына қонып отырған Ұлжан аулына Құнанбай екі-үш күндей қонақтады. Күңкенің аулы да осы арада жақын еді. Абай осы күндерде байқады – әкесінің сақал, шашындағы ақ көбейіп, бетінің әжімдері де молая түскен екен".
Базаралы Құнанбайға болыс баласы Тәкежанның қылығын айтқандағы бейнесін алайықшы. "Базаралы шығып кетті. Құнанбай жалғыз көзін жұмды да, қабағын түйіп, ойлана қалды. Әйеліне (Нұрғанымға) қазіргі түсі қыраулы қыстай, жат секілді". Барлық жүзінде жойылмас таңбадай боп, кәрілік табы айқындап тұр.
Құнанбай – көзі дара болғанмен, көкірегі сара – көреген, өз ортасынан биік, оқшау тұрған жоталы тұлға, алыс-жұлысқа, арпалысқа, сөзге жүйрік. Алыс-жұлысқа жүйрік екенін Құнанбайдың үстінен шағым түскен кезінен көреміз. "Майыр қоньякты көбірек қарбытып жіберіп, масая бастап еді. Құнанбай сол уақытта орнынан тұрып кеп, Майырды ту сыртынан құшақтап, қос қолын сыртынан топшыдан қайырып тұра қалды да, Мырзаханға қатты бұйрық етіп, пешті нұсқады". Міне, осы әрекетінен мырзаның жасында үлкен жауынгер, найзагер болғанын байқаймыз. "Әлі де қатты, қайратты болатын. Майырды тыпыр еткізбеді".
Е. Жұмабайұлы