Эпопеяның басты кейіпкері Абайдың нұрлы образы оқырманды толғандырып, ынтықтырып отырады. Алғашқы беттерден-ақ, Абай бойына тән тамаша қасиеттер тереңірек ашыла түседі. М.Әуезов Абайдың өмірін қағаз беттеріне түсіруде ерен еңбек етеді. Ерек жазу стилімен, өзіндік тіл шеберлігімен оқырман қауымға ұсынған осы бір туындыдан Абайдың өсу сатысын санамалау арқылы ол кешкен өмірдің тарихын түсінеміз. Жасына жас, ойына ой қосылған шақтағы Хакімнің өмір баспалдақтарын аттағанын көреміз.
Ғ.Мүсірепов аңғарғандай: "Қайтқанда", "Қат-қабатта", "Шытырманда", "Бел-белесте", "Өрде", "Қияда" – әр бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге, бұл – Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Бірі – көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл – Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы.
Күндес аналардың мұң-шері, жат қолында өлген жас Кәмшаттың қазасы, өзінің бақытсыз сүйіспеншілік тағдыры жайындағы Абайдың арманды ойлары, жеке басының мұрат-тілектері оның халық туралы ойларымен астасып жатады. Жазушы Абайды әкенің баласы емес, халықтың ұлы ретінде суреттейді. Құнанбайдың баласы емес, "қалың елі қазағының" баласы еді. Абайдың осындай қасиеті романда біртіндеп, бірақ барған сайын тереңдей түсіп ашылады. Абайдың әрбір әрекеті мен сөзінен халыққа деген шын қамқорлығы, адал тілегі аңғарылып отырады.
Үстем тап өкілдерінің қаталдығы мен жауыздығына, қоғам ішін жайлаған әділетсіздікке бағытталған күресі барған сайын өткірлене түскенмен, Абай сол әділетсіздіктер мен әлеуметтік теңсіздіктердің негізгі себептерін, түп төркінін әлі де болса жете тани алмайды. Бірақ өзі шыққан үстем ортадан мүлдем қол үзген Абай қашан да халықпен бірге болады. Оның ауыр тұрмысын, қайғы-қасіретін тереңірек көреді. Жас Кәмшаттың сорлы тағдырына байланысты Абай әкеге аздап болса да бой көрсетіп, жанамалап қарсы шығады. Бөжей үйінде тірі жетім болып жүрген Кәмшаттың қайғылы халін өз көзімен көріп түршігіп қайтқан Абай шерлі шешелерінің алдында Құнанбайға былай дейді:
"Рахым, мейірмандық жоқ, не деген жаны ашымас, қатыбас байлау – сол байлаудың өзі? Тату етер байлау да емес. Көңілге қату бітіретін байлау ғой және Кәмшаттан зорлықпен айырған Жігітекті мұндай ана бауыр қайтып жақын көре алады? Мал алмай, мазасыз масыл жас баланы алғанға олар қайтып ырза болады? Олардың рахымсыз, надан топастарына салсаңыз, Кәмшаттың барлығынан да бес байталды артық көрсе, қайтесіз? Ендеше ортамыздағы ең әлсіз, ең пұшайман бір ғаріпті қайда тастап отырмыз? Ит жемеге тастап отырғанымыз жоқ па?". Абайдың бұл сөздерінде рулық ескі салт-әдеттерді сынау ғана емес, сонымен бірге сол қатыбас байлауды желеу етіп жас сәбидің өмірін қорлаған топас жандарды, ең алдымен әкені кінәлау, тіпті айыптау да бар. Ол жалғыз әкесін ғана емес, көп адамды, оның ішінде өзін де кінәлайтындай.
...Жұтқа ұшыраған кедей ауылдардың малы аман қалуына Абай жағдай туғызады. Абай оларға өз қолындағысын бөліп береді. Көрген қорлығын бірге көргендей азап шегеді. Қақаған аязда Дәркембай малдары қырыла жаздағанда, Абай Ерболды жібертіп аман алып қалғаны жоғарыда айтқанымызға арқау болады.
Абайдың Барлас, Шөже сияқты ақындарды көргендігі және содан алған әсері баяндалатын тұстарды жарыса беріліп отырады. Егер Барластың сыры терең жырлары жас баланың жанында ақындық өнерге деген ыстық құштарлық сезімін тудырса, Шөженің өткір өлеңінен Абай нағыз поэзия өмір шындығын толғайтынын және оның ғажайып қуаты да осы қасиетінде екенін ұғады.
Егер романның бірінші кітабында бала шәкірт Абайдың оқудан қайтып ауылына келе жатқанын суреттеуден басталса, ал кітаптың ең соңғы тарауында Абайдың енді сол туған ауылын артына тастап қалаға қайта аттанғанын, білім сапарына түскенін көреміз. Бұл салыстыруда үлкен мән бар. Абай алғаш көргенде көркінен көз ала алмаған сұлу да шалқар дала енді ақ кебінге оранған. Далада жанға жайлы, жайма шуақ көктем жоқ. Оның орнын қаһарлы қыс басқан. Жалаңаш та жүдеу даланы суық, ызғырық жел ғана кезіп жүр. Міне бұлар – тек жылдың әр мезгілін көрсететін табиғат суреттері ғана емес. Бұл суреттерде шығарма кейіпкерінің сезімі, жан толқындары астарлы түрде ашылып жатыр. Туындыда ру тартысы, ру басылары Құнанбай мен Бөжей, Байдалылар арасындағы алыс-жұлыс көбірек суреттеледі. Бұнда басты кейіпкердің ой-өрісінің жастығымен, оның айналадағы құбылыстарды сын көзімен қарап бағалау дәрежесіне әлі жетпегендігімен санасса, екіншіден сол ру тартыстың өзіне де ауыртпалық кедей ауылдардың мойнына түсетінін малдан, жерден айырылу қаупі бар екенін аңғарады. Жазушы сол оқиғаларға Абай көзімен қарағандай болады.