«Абай жолы» эпопеясындағы ел ағаларының портреттері

«Абай жолы» эпопеясындағы ел ағаларының портреттері
Фото: tmgrup.com.tr

Француз жазушысы Луи Арагон «Абай жолын» оқығаннан кейін мынадай ой түйіпті: «Әлемнің басқа елдерінен онымен тең түсетін шығарма табу қиын. Менің ойымша, бұл ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі». Автор эпопеяда суреттеу шеберлігін танытқан. Эпопеяда адам образдарын жасайтын штрих, детальдар толып жатыр. Мінездеу, мүсіндеу, жинақтау – бәрі бар».

Кейіпкердің сөзбен бейнеленген суреті І томда көптеп кездеседі. Рахманқұл Бердібаев шығармадағы портреттердің кескінделуі туралы былай деді:

1. Қаһарманның сырт келбетін толық келтіру.
2. Адамның бірер белгісін ерекше атап өту.
3. Адам портретін қайталап, әрбір қырынан толықтырып отыру.
4. Қаһарманның бет-жүзіндегі, денесіндегі ерекшелікті екінші бір адамның көзімен бағалату.

Осы төрт белгіге тоқталсақ, біріншіге Абайдың Ділдәға үйленгеннен кейінгі бейнесі жақсы келеді. Екінші ерекшелікке Ұлжан портретін алуға болады. Оспан «Ойбай, баурем деп» келгенде, толық денесін қозғағанынан оның денелі екенін білеміз. Ал Құнанбайдың бейнесі әр қырынан көрінеді. Қатал кескін оқиға барысында қайталанып отырады. Бұл үшінші ерекшелікке келеді. Ал соңғысына Абайдың бейнесін алайық. Әке сәлемімен Байдалыға барып тілдесіп, оның сөзін мырзаға жеткізуге асыққан Абай бейнесі Құнанбайдың көзімен көргенде, «екі көзі от шашып, беті қызғылттанған». Бүгін эпопеядағы ел ағаларының бейнесін топтастырып отырмыз.

Бөжей.

«Түсі ақ сұр келген, өзі қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бөжей – осы отырғанның бәрінен де сұлу, бетінде әжімі де аз. Бірақ Абайдың көзін оған көп тартатын бір нәрсе – бұның бітікшілеу, кішкене келген көздері... Қалың етті, салбыраңқы қабағы кішкене көзін көрсетпей, тасалап алған сияқты». Автор кейіпкердің бейнесін көрсетуде «ақ сұр, қоңыр сақалды, кесек мұрынды Бөжей» деп эпитетпен суреттеп береді. Тіпті оқырманға өтімдірек болуы үшін бас кейіпкер Абайдың көзімен түсіндіреді. Оны «Абайдың көзін оған көп тартатын бір нәрсе – бұның бітікшілеу, кішкене келген көздері» деген жолдардан аңғаруға болады.

«Қарқаралы көшесінде келе жатқан Абайға үш атты кезікті. Аңырап тұра қалды да, тез таныды. Келе жатқан Бөжей, Байсал, Байдалы екен. Ортадағы түлкі тымақты, күрең төбел атты – Бөжей. Ақ сұр жүзі жабыңқы. Қоңырқай мұрты менен сақалына кешкі аяз қылау салыпты». Автор бұл жолы тек Бөжейдің тұлғасын суреттеді. Сонымен қатар, жазушының бір ерекшелігі детальды суреттей отырып, екінші бір құбылыстың қасиетін көрсетіп отырады. Оны ойы қырағы оқырмандар бірден байқайды. Мәселен, «Қоңырқай мұрты менен сақалына кешкі аяз қылау салыпты» дегеннен қыс мезгілі екенін білуге болады.

Ал науқастанған Бөжейдің бейнесінде жаңағы тұлғалық, паңдық байқалмайды. Ауру дендегендегі оның келбетін автор «Қаны қашқан, сарғылт, жүдеу жүзіне көкшіл таңбадай ашу келді» деп көрсетеді.

Алшынбай.

Құнанбай мен Алшынбай Ділдә мен Абайды атастырып, құда болған. Сол кезде Құнанбайдың үйінде отырған Алшынбайдың бейнесін автор былай бейнелеген екен. «Толық, дөңгелек денелі, қызыл жүз, ақ сақалды Алшынбай, тірсек жең қара қамзолдың сыртынан пұшпақ ішігін желбегей жамылып отыр екен. Басында сұрғылт түсті сырма тақиясы бар. Қазақы тақия. Сол тақиясының екі самайдағы жиегінен ойдым-ойдым боп түскен ақ құйқа көрінеді. Жаңада қырылған ақ шашы қайта тебіндеп шығып келе жатқанмен, Алшынбайдың тазын жасыра алмай тұр». «Толық, дөңгелек денелі, қызыл жүз, ақ сақалды Алшынбай» деп түрлі эпитетпен суреттейді. Суреткерлік шеберлігінің мықтылығын мынадан байқауға болады. Автор Алшынбайдың шашының сирек екенін «Ол – таз» деп емес, «жаңада қырылған ақ шашы қайта тебіндеп шығып келе жатқанмен, Алшынбайдың тазын жасыра алмай тұр» деп көркем тілмен жеткізеді.                                                                                

Осы жүздесу кезінде: «Үй іші үнсіз еді. Бағана есік алдында, ауыз үйде қалған Қарабас есікті ақырын ашып, ептеп басып кеп:

Майыр кепті. Мырза, сізге келді, - деді.

...Аздан соң есік ашылып, еңгезердей қызыл сары Майыр кірді. Қасында қазақ тілмаш Қасқа бар. Сақалы шошайған, өзі қағілез келген арық сұр...

Майыр Құнанбай, Алшынбаймен қол алысып амандасып болды да, жерге отырмай, Құнанбай қарсысындағы жалғыз орындыққа отырды. Үлкен көк көздері қылилау келген. Бет-аузын қалың бұйра сары сақал басқан. Шүйдесі қып-қызыл екі қатпар боп тұратын. Мұны қазақ атаулы өз атымен атамай, өзге майырлар сияқты, сырт белгілерімен атайтын. Жалғыз-ақ, бұрынғы майырларды бір-ақ белгімен «сұлу майыр», «семіз майыр» деп немесе бетінің секпіліне қарап «тарғақ майыр» десе, мынаның сыртқы түсі, түгі талай ат атауға өз-өзінен сұранып тұрушы еді. Сондықтан мұның атын неше саққа мінгізіп кеп, бірде «шапыраш майыр», бірде «жүндес майыр», бірде «піскен бас майыр» деп те атасатын. Құнанбай, Алшынбай айналасы оны ақылсыз деген болжаммен, көбінесе, сол «піскен бас майыр» деуші еді». Автор мына кейіпкердің келбетін жай суреттей салған жоқ.  Оқырманға түсіну жеңіл болу үшін, Майырдың халық қойған атын да атап кетеді.

Манас.

Роман ішінде Абай әке сәлеміміен ел аралап жүріп, Құлыншақ үйіне келеді. Құлыншақтың «бес қасқа» деп атанған «бес мықты» ұлы болатын. Олардан қазір Манас қана үйде отыр. Бұл «қасқа» десе дегендей, еңгезердей екен. Жалпақ маңдайлы, нұр жүзді, балуан тұлғалы жас жігіт Құлыншақтың немересі еді. Үндемей отырып, домбырасын тыңқылдатып тартады да, қонақтарға салқын қарап қояды». «Жалпақ маңдайлы, нұр жүзді, балуан тұлғалы жас жігіт» – Манас. Автордың күрделі эпиттерді қолдану шебері екені көрініп-ақ тұр.

Ербол.

Енді бірінде Абай Сүйіндік аулынан аттанып бара жатқанда артынан дүрсілдеп ат кеп қалды. «Бір толықша қара жігіт екен. Мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан бала жігіт жұпыны киім киген. Астында құнанша күзеген күрең биесі бар. Абайларға жақындай бере сәлем берді. Ашық-жарқын жігіт болу керек. Аппақ сұлу тістерінің баршасын көрсетіп, ақсия күліп келеді. Жай сұрасқанда бұл жігіт – Сүйіндіктің ауылдасы, Көмекбай баласы Ербол деген жігіт боп шықты». 

Е. Жұмабайұлы