Эпопеяның басты кейіпкері Абайдың нұрлы образы оқырманды толғандырып, ынтықтырып отырады. Алғашқы беттерден-ақ, Абай бойына тән тамаша қасиеттер тереңірек ашыла түседі. М.Әуезов Абайдың өмірін қағаз беттеріне түсіруде ерен еңбек етеді. Ерекше жазу стилімен, өзіндік тіл шеберлігімен оқырман қауымға ұсынған осы бір туындыдан Абайдың өсу сатысын санамалау арқылы ол кешкен өмірдің тарихын түсінеміз. Жасына жас, ойына ой қосылған шақтағы Хакімнің өмір баспалдақтарын аттағанын көреміз.
Эпопея қазақ әдебиетінің көркемдік деңгейін көтерді, жаңа эстетикалық игіліктер жасады, тақырыптық ауқымын кеңейтті. Эпопеядағы мол қуат, алуан сөздер, күйлер, бояулар, образдар, идеялар романды әлемдік әдебиеттің үздік туындылары қатарына қосты. Роман реалистік сәтті мол қамтыды. Абайдың өмірі, оның шеккен бейнеті, тартқан азабы, көрген қызығы – бәрі қазақ халқының шынайы бейнесімен тағдырлас. Абайдың өсу жолымен танысқан әр адам рухани байиды, кемелденеді. Өмір сүрудің адамдық, ізгі жолдарына қарай ұмтылады. Жазушы өзінің кейіпкері Абайды халықпен тығыз байланыста алып суреттейді. Абайдың өсу жолдары оқыған адамға үлгі болардай тағылым. Эпопеяның бірінші томында бала шәкірттің ауылға асыққан сәті баяндалып, ел ісіне жаймен араласып, халық қамын ойлап, ел сөзін сөйлеп жүреді. Ал соңында ақын өмірінің ақырғы сәттері тілге тиек болып, суреттеледі. Бұл – Абайдың кемеңгер ақын, кемеліне келген ойшыл, туған халқының тағдыры жайында тебірене толғанатын қамқоршы болған шағы. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен, мыңмен жалғыз алысқан» ұлы дананың қат-қабат,шытырман шындығы да ақырғы томында әңгімеленеді. Ол бір жағынан, жаңа дәуреннің кешікпей туатынын сезіп, қам көңіліне жұбаныш етсе, екінші жағынан халықты талауға салып, қан жылатқан жандардың сұмдық әрекеттерін көріп түңіледі. Сонау Қодар мен келінінің қазасынан бастау алған әділетсіздікпен арпалысып, артында оны оқитын өз оқырманы барын біліп, әлденеше туындылар қалдырған Абай рухани ауыр күйзеліс үстінде дүние салады. Халқының тілеуін тілеп, арын арлап, жоғын жоқтаған Хакімді өмірден өтті деуге бола ма? Әр шығармасын оқып отырғанда, құлағыңа келіп сыбыр еткендей болса, ол – тірі деп түсінгеніңіз жөн, сірә?! Эпопеяда халқымыздың мақтаны, даңқы болған кемеңгер Абайдың өлмес-өшпес, жанды бейнесі барлығын танытса керек. Құнанбайдың текті тұяғы, әжесі мен анасының ертегісімен сусындаған, Барлас пен Шөженің сарқытын ішкен, айнымас махаббат иесі, үлгілі әке, ажырамас дос, кемеңгер ұстаз, ұлы ақын, ең бастысы – халқының жанашыры хақында жазылған бұл эпопея әлі зерттеліп бітпеген. Шынында да, ақын өмірі – үлгі. Эпопея осылайша, ұлы ақынның өмірден кетуін баяндаумен аяқталады. Бірақ ол өзі баулыған елдің, өз халқының жаңа заманға бет алып бара жатқанын кәміл сеніп кетеді. Құз жартасты жарып шығып, жапырақ жайған жас шынар әлі күнге дейін жайқалып тұр, тұрады да. Белгілі ғалым, білімдар сыншы Мұқаметжан Қаратаев үш томдық «Таңдамалы шығармалар» кітабында Хакім хақында былай сөйлеген: «Бұл тамаша адамның, ақынның, кемеңгер ойшының, дарынды композитордың өмірі мен қайраткерлігі тарихи жағынан да, әдебиет тұрғысынан да өте қызық». Қазақы тәрбие мен нақыш, өнер мен мінез, дәстүр мен тағдыр үйлесім тапқан бұл туынды әлі де ғасыр жасайды. Абайдың тағдыры, ол жасап кеткен еңбектері ұрпағы үшін үлкен мирас. Ғабит Мүсірепов айтқан «үздіксіз жолдарды» кешіп өткен, өмір баспалдақтарын жаңылмай басқан ақын тағдыры күрделі болса да, тартымды, жүйелі, құрылымды, қызықты, сабақ аларлықтай деп білемін. Сатыларды аңдап басқан ақын ғұмыры қысқа болғаны өкінішті-ақ.
Эпопеяда Абайдың түйсінулері мен сезінулерін, қабылдауын оқырманға көзге елестетерліктей жазылған. Осындай ерекшеліктермен шығарманы жазудың өзі тылсым күш шығар, сірә?! Зейнолла Қабдолов «Абай тақырыбы – Әуезовтің ойшыл-жазушылық ғұмырының өн-бойына желі тартып кеткен күрделі де іргелі тақырып» деп атап көрсеткен. Композициялық құрылымы ерекше, үсті-үстіне дамып отыратын бұл туынды ұлы ақынның күнделігі іспеттес. Сегіз жасынан білім қуған, он екі жасынан бастап өлең шығарған, ең бірінші рет ақын қыз Қуандықпен айтысқан,он жеті жасында алғаш әке атанып, жиырма бесінде Михаэлиспен танысып, жиырма сегізінде әкесімен сөзге келіп, өз тағдырын өзі белгілеп, отызында рулық тартыстан жаны азап шегіп, отыз бес жасында достарының атынан өлең шығарып, қырықтан асқасын «Жаз» өлеңін өз атынан жазып, елу жасында Әбіші мен Мағашынан айрылып, алпысында топас, надан жауларының қуғынына ұшырап туған даласында қайтыс болды. Сонау 1845 жылы қара мақпал аспанда жұлдыз жанған болатын. Сол жұлдыз әлі де жарқырап тұр, жарқырап тұра береді де... Зейнолла Қабдолов тағы да: «Абай» эпопеясының төрт кітабы түгел талқыланды. Менің осы сөзім дұрыс емес» деген болатын. Зерттеліп бітпеген, бітпейтін де бұл шығарманы талқылау келешек сыншылардың қолында. Бұл эпопея қай кезде де жаңғыра берері хақ. Зәки Ахметов «Абай жолы» роман-эпопеясы − өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамы өмірінің алуан түрлі жақтарын терең ашқан, сол заманның бейне тұлғасын жан – жақты суреттеп берген, кең эпикалық пландағы шын мәніндегі энциклопедиялық туынды», – демеп пе еді? Орынды сөз.