Абай және Дулат шығармашылығындағы үндестік

Абай және Дулат шығармашылығындағы үндестік
Фото: kartinkioboi.ru

Абай мен Дулат шығармашылығында үндестік көп. Абай өзінің бірінші қара сөзінде: "Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын", - дейді. Ал Дулат: Күнәм жойқын, тәубем аз, Тіршіліктен не таптым! Дүние - жемтік, мен - төбет, Соны бақпай, не бақтым? Ырылдасып, әркіммен, Не қапқыздым, не қаптым? - дей отырып, Абайдың ойын жалғағандай болады.

Дулаттың: "Азған елдің ішінен, Қазақ бұзар үй тентек, Көрдік шыққан батырды" деген жолдары Абайдың он төртінші қара сөзімен үндеседі. Абай: "Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі - пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?" - дейді. 

Р. Роза