Әзілхан Нұршайықовтың қай туындысын оқысаңыз да, баяндалған оқиғалары тартымды. Кейіпкерлердің бейнелерін, мінез-құлықтарын беруде ерекше шеберлік бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін, бәріміз де жарыса оқыған «Махаббат қызық мол жылдар» атты романын үлгіге алдық. Автордың Меңтай мен Ерболы қазақ прозасындағы қайталанбас бейнелердің бірі. Шығарманың образдары мен сюжеттері оқыған адамға ерекше әсер қалдырады.
Шығарманың бас кейіпкері Ерболдың мінезін мына сөздерінен көруге болады. «Сасқанымнан командирдің алдына келген солдаттай болып, екі қолымды жамбасыма жапсыра ұстап, тік тұра қалдым да: - Сәлеметсіздер ме, жолдастар! – дедім». Осы бір Ерболдың сөзінен оның кішіпейілділігін аңғарамыз. «... ілгері қарай үндемей, одыраңдап, бос орын іздеп өте беруді орынсыз көрдім бе, білмеймін: - Рұқсат пе кіруге? – деппін тағы да сасқалақтап». Ал мына сөзінен ұялшақтығын байқаймыз. Автор төл сөзден кейінгі қимыл-әрекет арқылы мінезді бере алады.
«Мұнда, курста староста болады, білесіз бе? – деді. Ішімнен: «мені тым тақымдап тұрғаның староста екенсің ғой» деп ойладым да, басымды изедім. Қыз сөзін қайта жалғады.
– Староста студенттердің бәрін тізімге алады. Мен тағы басымды изедім. Қыз енді маған маңғаздана қарады. – Мен староста емеспін. Бірақ, бүгін староста жоқ. Сондықтан, сізді тізімге алу құрметі маған тиіп отыр. Осылай, - деп журналды ашты.
– Фамилияңыз кім?
– Есенов.
– Атыңыз?
– Ербол. Қыз саусақтары майысып отырып, журналдың ең соңында Есенов Е.» деп жазды да, қайтадан бетіме қарады. – Ербол?.. Сіз соғыста ер болдыңыз ба? Бұл сұраққа не айтарымды білмей және бөгеліп қалдым.
– Жоқ, жұрт қатарлы, - дедім ақырын.
– Бәсе, кеудеңіз сылдырламайды, - деді қыз». Бұл тұстан да басты кейіпкердің ұяңдығын, ал екінші кейіпкердің сәл пысықтау екенін аңғарамыз.
Меңтайдың мінезін мына диалогтерден байқауға болады.
«– Ағай, ертең Жаңа жыл ғой, сіз елге қайтпайсыз ба? – деп сұрады. Мен басымды шайқадым.
– Неге? Өзіңіз соғыстан келдіңіз, өзге бармаса да, сіздің баруыңыз керек қой, ағай. Әке не шеше, тіпті болмаса да, туыстарыңыз бар шығар. Не басқа бір жақын адамдарыңыз болар. Соңғы сөйлемін Меңтай ойланыңқырап барып айтып еді. Тегі, мен соны сезіп қалмасын деді ме екен, әйтеуір, одан кейінгі сөздерін сәл шапшаңдатыңқырап жіберді.
– Ал менің шешем тірі болса, мұнда бір сағат та тұрмастан, үйге осы қазір-ақ жүгіріп кетер едім. Бірақ, шешем былтыр қайтыс болды.
– Неден? - деппін мен адамның неден қайтыс болғанын білсем, бейне бір тірілтіп жіберетіндей-ақ.
– Неден деріңіз бар ма, бәрі соғыстың әлегі ғой, ағай, - дей салды қыз шешесініңнеден өлгенін ежіктеп түсіндіріп жатқысы келмегендей». Мына диалогта Меңтайдың аса кішіпейілділігін, ізеттілігін, «ағай» деп сызылып, қазақ қызына тән биязылығын танытып тұр.
Жалпы алғанда, Әзілхан Нұршайықовтың бұдан басқа шығармаларында да шеберлік басым. Кейіпкердің мінезін диалог арқылы танытатын тұстарын өте кқп. «Ақиқат пен аңыз» романынан ерлікті, ерге тән мінез-құлықты байқайсыздар. Шығарманы оқығанда, зерек оқырман мұның бәрін бірден байқайды. Автордың сөз қолданысындағы бейвербалдық әрекеттерден, сөздерінен-ақ кейіпкерлерді оңай тани аласыз.
Оқи отырыңыз:
1. Ақан серінің «Асыл мен жасық», «Жақсы мен жаман», «Құлагер» өлеңдеріне талдау
2. Сәкен Жүнісовтың өмірі мен шығармашылық жолы
3. Оралхан Бөкейдің "Қар қызы" повесіндегі тіл көркемдігіне қатысты ой-пікірлер
4. Қадыр Мырза Әлінің «Домбыра» өлеңінің идеялық мұраты
5. Зейін Шашкиннің монолог пен диалог құрудағы ізденістері
Cурет: bmsrockstar.tumblr.com