Қай ақын-жазушыны, әсіресе Сәбит Мұқановты шындықтан, өзі өмір сүрген қоғамнан бөліп қарауға болмайды. Кеңес елінің орнығу, құралу, нығаю, өркен жаю кезеңдерінде белсенді шығармашылық үстінде болғандығы жаңа заманды орнату мақсатымен ұштасып жатқанын байқаймыз. Ұлттың шындыққа деген көзқарасын оятқан Сәбит ойларын барынша ашық әрі адал жазды. Сәбит Мұқанов шығармашылығын кінәлі еткісі келгендер жіліктің майлы басына ұмтылғысы келгендер екені белгілі. Тәуелсіздік заманы түлкі болып құбылуды тілемейді, Сәбит Мұқанов мұрасын тереңірек түсінуге жетелейді. Ол қазақ әдебиетінде қара сөздің қадірін аспандатып, қалыптасуына айрықша үлес қосқан. Сәбит Мұқанов өзінің шығармашылық жолында әдебиетке қатысты болған мәселелердің бірінен де қалыс қалып көрген жан емес. Бүкіл қоғамдық өмірді, оның ішінде әсіресе әдеби тірлікті жіті бақылап, оның даму барысына белсене араласып отыру Сәбит Мұқановтың бойына дарыған әдет ғана емес, оның өнегелі өмірінің бір бөлшегіне айналған.
Қазақ әдебиетінің барлық саласына бірдей қалам тартқан Сәбит Мұқанов 1900 жылы Қызылжар жерінде дүниеге келген. Ол өз өмірбаянын Қазақ елінің жарты ғасырлық тарихымен байланыстырып «Өмір мектебі» трилогиясында баяндап кеткен қаламгер. Бұл шығарманы өмірлік материалдардың жиынтығы деуге болады. Ақын-жазушының тарихтағы орнын айқындайтын бірден-бір көрсеткіш – өз елінде, өзінің ана тілінде ардақталған, қадірлеген шығармаларының жан-жақты талқылануы. Сәбит Мұқанов шығармалары дүние жүзінің 46 тіліне аударылған.
Сәбит Мұқанов – еңбекші бұқараның ой-арманын, тілек-мақсатын суреттеген лирик, өмір оқиғаларын қаламына арқау еткен кең көлемді жаңалыққа бастаған эпик ақын. Осы жолда жазушы қаламынан туған «Жетім қыз күйі», «Тұлпар жорығы», «Қанды көл», «Октябрьдің өткелдері» деген шығармаларын атауға болады. Оның артында асыл мол мұраға теңесер – 80 мың жолға жуық лирикалық өлең, жиырмаға тарта поэма, бірнеше повесть пен роман, көптеген әңгіме-очерктер, қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын талдайтын монографиялар мен қазақ мәдениетінің тарихы және этнографиясы туралы зерттеу еңбектер, т.б. сан-салалы кітаптар қалды. Ол сонымен қатар қазақ ауыз әдебиетін зерттеді, фольклор және көне жазба мұраларды жинап бастырды. Қазақ даласының көшпелі тұрмыс-тіршілігімен, әдет-ғұрпымен ұштасып жатқан фольклорлық мұралары баға жетпес құндылығымыз болып саналады. Қазақ әдебиетінің алыптар шоғырының бастауы Сәбит Мұқанов қазақтың 19 ғасырдағы ойшыл-ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығын ұзақ жылдар бойы терең зерттеді. Осы зерттеу еңбектерінің нәтижесінде «Аққан жұлдыз» (1967-1970) романы туды. Жазу барысында арнайы Қытайға, Шыңжаң өлкесіне барып, Шоқанның сонда өткізген өмір кезеңдерін, бастан кешірген оқиғаларын зерттеп біледі. Омбы және Ленинград қалаларының мұрағаттары мен кітапханаларын күні-түні ақтарып, Шоқан өміріне қатысты материалдар жинады. Шоқанның қоғамдық өмірден шеттелуіне, одан «безінуі» мен «түңіліске» патша шенеуніктері тарапынан көрсетілген сенімсіздік пен жан күйзелісі себепші болады. Оның астарында Шоқан Уәлихановтың өз халқының шығу тегін қазбалау, этностық аумағы мен жер-су аттарының түп-төркінін анықтау, «еркіндік» пен «теңдік» туралы идеялары жатты. «Тұманды дәуірде» өмір сүріп, өз халқының алдында «болу не болмау» мәселесінің тұрғанын бүкіл болмысымен, жан-дүниесімен ұғынған Шоқан Уәлиханов ұрпақтары үшін жарық жұлдыз екенін Сәбит Мұқанов тағы бір дәлелдеді. Өз халқын жан-тәнімен сүйген Шоқанды «тамаша ойшыл» ретінде суреттейді. Еңбектің көркемдік жағы Шоқанның тұлғасын өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіздігін сынай отырып жазылуымен ерекшеленеді. Шығармада қазақ-орыс қатынасының ара-жігі, сол кезеңде қабылданған реформаның, патшалық Ресейдің қол астына кірген қазақтың жайы кеңінен қамтылған. Шоқан туралы жазған еңбегінің 2 кітабы ғана аяқталған. Шоқанның өнегелі өмірінің ғұмырнамасына айналған еңбек аяқталмаған күйде қалды.
Сәбит Мұқанов – өзінің тағылымға толы өміршең шығармаларымен қазақтың жаңа ұрпағына рухани азық беріп, ұрпақтан-ұрпаққа жасай беретін ұлы классик.
Сурет: kzland.ru
Оқи отырыңыз:
Жамбыл Жабаевтың «Кедей күйі» өлеңіндегі замана шындығының көркем жинақталуы
Темірхан Медетбек лирикасының тақырыптары, жанрлық ерекшеліктері, поэзиясындағы көне түркілік сарын
Сәкен – қазақ мәдениеті мен тарихында қайталанбас өзіндік орны бар азамат
Тәуелсіздік жылдарындағы поэзиядағы уақыт пен кеңістік