- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- 1930-1960 жылдардағы әдебиет...
1930-1960 жылдардағы әдебиет
Отызыншы жылдар ішінде біздің елімізде іске асқан қоғамдық-экономикалық өзгерістер қазақ поэзиясының дамуында жаңа дәуір туғызды. Поэзияның тақырыптары да, қаһармандары да жаңарып, жанрдың ішкі мүмкіншіліктері кеңейіп өсті. Сөйтіп, поэзия жаңа көркемдік-стильдік ерекшеліктерге ие бола бастады. Мұның өзі поэзияның өмірге батыл араласып, қоғамдық өзгерістерге жедел үн қосып отыруымен байланысты еді. Бұл жылдардағы поэзияның ең көрнекті тақырыптарының бірі – индустрияландыру тақырыбы болды. Ел ішінде салынып жатқан өндіріс орындары, темір жол құрылыстары, осы жолдағы табыстар мен қызу еңбек – алдымен ұшқыр өлеңнің назарына ілікті. Қазақ ақындары бұл тақырыпқа арнап көптеген өлең, поэмалар жазды. Өндіріс тақырыбына жазылған алғашқы өлеңдердің идеялық мәні бесжылдық жоспарды төрт жылда орындауға шақырып, қалың бұқараны творчестволық еңбекке жігерлендіруге үгіттеумен байланысты болды. C.Сейфулиннің «Қалаушылар жыры», «Тоқу фабригінде», І.Жансүгіровтің «Алтын қазан», «Екпін күйі», С.Мұқановтың «Қарағанды», «Конвейер», Қ.Әбдіқадыровтың «Екпін», А.Тоқмағамбетовтың «Түрксиб түйіскенде», Т.Жароковтың «Бесжылдықтың бағасы», Ғ.Ормановтың «Шеңбер», «Мыс қала», Ә.Тәжібаевтың «Айнабұлақ», Ө.Тұрманжановтың «Байғыз» тағы басқа өлеңдері бүкіл одақтық социалистік өндірістің екпінді қарқынына үн қосу мақсатымен ғана жазылған емес, Қазақстанның индустрияландыру саласындағы жаңалықтарын нақты суреттермен бейнелеу тұрғысында да пайдалы қызмет еткен шығармалар болып табылады. І.Жансүгіров Қазақстанның кен байлығын алтын қазанға балап, соны пайдаға асырып жатқан халық күшін мадақтаса, С.Мұқанов өлеңдері ақынның Қарағандыда болған кездегі ой-сезіміне, әсерлеріне құрылады. Осындай әсер Ғ.Орманов пен Ө.Тұрманжановтың Балқаш жайлы өлеңдерінде де байқалады. А.Тоқмағамбетов пен Ғ.Орманов, Ә.Тәжібаевтардың қуатты өлеңдері Түркістан – Сибирь темір жолының іске қосылуына арналған. Бұл тақырыпты әр ақын өзінше шешті. Қазақ поэзиясының отызыншы жылдар ішінде көр жырлаған тақырыптарының бірі – ауыл шаруашылығын коллективтендіру, колхоз құрылысының нығаюы, шаруалар санасындағы өзгерістерді бейнелеу болды. Сол кездегі негізгі кәсібі ауыл шаруашылығымен байланысты болған қазақ шаруаларын жаңа социалистік құрылыс жолына үндеу, жер игеру мен мал шаруашылығы саласында үздік табыстарға жетуге шақыру сияқты үгіт өлеңдер жиырмасыншы жылдардағы осы тақырыптас лириканың дәстүрін жалғастыра түсті. Сонымен бірге бірқатар ақындар ескі үгіт сарынымен кете бермей, ауыл еңбекшілерінің өміріндегі өзгерістерді, оның жан-сезімін көңіл-күйін көрсетер жаңа лирика жасады. С.Сейфулиннің «Даладағы жаңа күй», «Тракторшы», Б.Майлиннің «Коллективтің жырын айт», «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз», І.Жансүгіровтің «Егінші», «Қойшының ойы», С.Мұқановтың «Малшының мақтанышы», Ғ.Ормановтың «Темір ат», Ә.Тәжібаевтың «Қарлығаш» сияқты өлеңдері осы саладағы бірсыпыра жақсы ізденістерді танытады. Бұларда ауыл адамдарының ойлары мен істері, техниканы игеруі мен жаңа мамандыққа ие бола бастауы лирикалық жылылықпен, көркем образдармен бейнеленеді.
Қазақ тарихының әр дәуірдегі әр қилы шындығын бейнелеуде І.Жансүгіровтың атқарған қызметі ерекше. 1930 жылы жазған «Дала» поэмасында ол қазақ тарихының революциядан бұрынғы ауыр кезеңдерін оқушыға таныстыра келіп, даладағы өзгерістерді мақтанышпен жырлайды. Ұзақ тарихи оқиғаларды нақты да жинақы етіп көркем елестете алуымен, бүгінгі жаңалықтарды реалистік шабытпен суреттеуімен, рухани қуатының молдығымен «Дала» – отызыншы жылдардағы қазақ поэмаларының бір сала үлгісі. Мұнда ақын тарихты шолып қана қоймай, қоғамдық дамудың заңдылығы жайлы философиялық түйіндер жасайды.
Отызыншы жылдар ішіндегі қазақ әдебиетінің елеулі табысы – үлкен прозаның өрістеуі. Көркем әңгіме, повестермен қатар үлкен прозаның үлгісі – роман туды. Б.Майлиннің «Азамат Азаматыч», І.Жансүгіровтің «Жолдастар», С.Мұқановтың «Теміртас», «Ботакөз», М.Дәулетбаевтың «Қызылжар», С.Ерубаевтың «Менің құрдастарым», Ғ.Мұстафиннің «Өмір не өлім» романдары халқымыздың өткен тарихи жолы мен бүгінгі өмірін эпикалық кең суреттеп беруімен, жанрдың ішкі ерекшеліктерін меңгеріп, типтік құбылыстарды бейнелей алуымен аз уақыттың ішінде-ақ бұл жанрдың зор болашағын танытты. Отызыншы жылдардың бас кезінде туған қазақ романдары Б.Майлиннің «Азамат Азаматычы» (1934) мен С.Мұқановтың «Теміртасы» (1935) – революциядан кейінгі қазақ халқы өміріндегі жаңару процесін, ауылдағы әлеуметтік өзгерістерді көрсетуге арналған шығармалар. «Азамат Азаматыч» арқылы Бейімбет Қазақстандағы социалистік құрылыстың жеңістері жолындағы күрестің қиыншылығын, тап жаулармен қақтығыстарды, сол жолда өсіп шыққан ұлттық интеллегенция өкілдерін бейнеледі. Роман сюжетін кейіпкерлердің қақтығысына негіздей отырып, автор олардың әрқайсысын-ақ әрекет үстінде көрсетуге тырысады. Ал «Теміртас» шығармасы болса, тақырыптық жағынан «Азамат Азаматычқа» жақын болғанмен, қазақ халқы өмірінің өзгеше бір ақиқатты ашуға тырысады. Отызыншы жылдар қазақ әдебиетінде әңгіме жанрының қаулап өскен, бірталай идеялық-көркемдік табыстарға ие болған дәуірі болды. Бұл жылдары әңгіме жанрында Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Ерубаевтар өнімді еңбек етті. Қазақ прозасының бағыты, оның өмір шындығын терең де жан-жақты қамтуға талабы, жазушыларымыздың тынымсыз ізденістері отызыншы жылдар әдебиетінің үлкен табысы болып саналады.
Сурет: tisk.org.ua
Оқи отырыңыз:
Мағжан Жұмабаев шығармаларының жанрлық ерекшелігі
Шоқан Уәлиханов «Ыстықкөл күнделігі» атты зерттеу еңбегі туралы
Абайдың қазақ поэзиясына енгізген жаңалықтары
Ж. Исакаев