Қоғам қайраткері, жазушы З.Ахметованың "Шуақты күндер" шығармасы – ата мен келіннің, әке мен баланың, ұлт пен ұрпақ арасындағы байланыстың шебер көрінісі. Қаталдық артындағы жұмсақтықты, таяқтың ұшындағы тәрбиені, тентектік соңындағы тектілікті түйсіне білу көрегендік емей немене? Автордың бұл шығармасын өз өмірінен тыс алып қарауға болмайды, сондықтан әдебиет теориясындағы модальділік категориясына сай талдауды жөн көрдік. Біздің танымымыздағы автордың немесе кейіпкердің рөлі қандай?
Зейнеп Ахметова – дара. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржанның келіні болу атақтан бұрын ақтықты, абыройдан бұрын арды талап етеді. Даңқ пен дақпырт жолында кеше ғана табалдырық көрген келінге дара атану (көпшілікке жағу) оңай болған жоқ. Қонақты құт деді, әркімге тиесілі сыбағадан сый ұсынды. Аяқ асты келіп қалатын ата қаһарының құрбаны болса-дағы, құрмет тұтты. Атасының арқасында талай есікті қақты, белді ел ағаларының алдынан өтті, әуелгі келіндік ибасынан таймады. Ата мен келін арасындағы әдемі әңгімелер кейінгі әдептің көпірін салды. Батыр бабаның бабын табу, қыңыр жардың қыртыс мінезін жазу, бесіктегі баланың белдігін байлауды ол әуелгі анамның тәрбиесі деп құр мақтанға салынбады, келіндік жолымдағы атамның жоралғысы деп санады. Міне, қазақтың әйеліне тән кеңдік пен дархандық қайда жатыр?
Зейнеп Ахметова – Ана. "Бала – ананың бауыр еті". "Атадан ұл туса, игі", жардың жалғызын қалай кемелге жеткізем деген аманаттың жүгі ауыр. Өзінің естелігінде былай дейді: "Бір күні үйге келсем, атамның дауысы қатты шығып жатты. Бөлмесіне кірейін десем, рұқсат бермеді. Қабырғаның ар жағында баламның жылаған дауысы жүрегімді ауыртып барады. Кейін жолдасымнан ұрыстың мән-жайын сұрадым. Атаммен мәңгілік алауға бардым деп шығармасына өтірік жазыпты. Соны естіп, атам қатты ашуға булықса керек". Өмірде қалай пенде болып тіп-тіке жолдан таймауға болады? Қиын сұрақ, иә? Тіпті, авторға дәл осы шығарманы өтірік қоспасыз жазу қаншалықты салмақ салды екен?
Зейнеп Ахметова – дана. Осы бір шығармасы арқылы жаһанданудың "жаңарған жастарын" қайтадан ата жолына шақырды. Өз ұстанымы арқылы бүкіл қазақ жұртының баласын жақсылыққа тәрбиелеп отыр. Қаншама қаракөз қыздар іздегенін тапты. Бірде қысқы демалыста ауылға барғанмын. Қонақты сыбағасыз жібермеген халықпыз ғой, анам жұмыста болып, қызметтің бәрі менің мойныма артылған. Дайын асты қонаққа ұсынамын. Қойдың басы әкеме қарап "сәлем беріп" тұр. Сонда әкем қабағын бір шытқан. Сөйтсем, басты адамға қаратпай, маңдайына ыңғайлап береді екен. Оны Зейнеп апам айтпаса, әкемнің ашуын әлі түсінбей, сол олқылықпен келін болып отырар ма едім, кім білсін? Кітапты оқи отырып көп нәрсені ұғындым (жеке-жеке айтудың керегі шамалы). Қазаққа лайықты әйел, үлгілі ана боламын дегендердің әрқайсысы осы кітаптан сабақ алса, жаман болмасы анық. Менің тағы бір таңғалғаным, қазақты сүю ұлт талғамайды! Қазақты сүю қанынан ұю емес, жанынан жаралу!
Бурабаева Жұлдыз