Америкалық ғалым Джордж Клейсонның бұл кітабы экономика саласындағы заманауи классикаға айналып үлгерген. Ол 1926 жылы алғаш рет басылып, таралымы бірнеше миллионға дейін жеткен. Сонымен кітап көбірек табыс тапқысы келетіндерге не үйретеді екен? Анықтап көрейік.
Ғалым көне Вавилонды зерттеу үшін ұйымдастырылған археологиялық экспедицияға қатысып, көне тақтайша тауып алады. Ол табылған тарихи артефактіде Вавилонның дәстүрі не мәдениетіне қатысты құнды мәлімет жазылған болса керек деп ойлайды. Бірақ тақтада қарапайым тасқа сурет салушының күнделікті кірісі мен шығыны есептелген сызбаны көреді. Демек адамдар осыдан 5 мың жыл бұрын да табысы еселенуін жіті бақылап, кірісі мен шығынын қадағалаған.
Джордж Клейсон осы тарихи дерек арқылы көне және қазіргі заман қоғамының бизнес жасаудағы принциптері еш өзгермегеніне көз жеткізген. Осылай америкалық ғалым кейіннен әлемдік бестселлерге арналған кітабын жазуға бел буады.
Неге барлық адам бірдей байымайды?
Көне Вавилон шаһарының тұрғындары Бензир мен Кобби қаладағы ең бай адам Аркадқа келіп, датын айтады. "Аркад, біз сенен де көп жұмыс істейміз. Бірақ сен күн өткен сайын байып келесің, ал біз кедейдің шекпенін жамылып жүрміз. Мұның құпиясы неде?", — деп сұраса, Аркад та 30 жыл бұрын нанын әрең тауып жүргенін айтады.
"Мен де сендер сынды қарапайым еңбекпен айналысқанмын. Алгемиш есімді байдан табысымды қалай арттыруға болатынын сұрадым",— дейді Аркад. Сөйтсе, Алгемиш табысының оннан бір бөлігін сақтап отырып, байығанын айтады. Сосын бір жылда жиналған қаржысын 10 пайыздық дивидентпен түрлі кәсіпке инвестициялап, ақшасын үдемелі түрде арттырып отырады.
40 жыл еңбектің табысы
Сонымен математикаға қызығатын оқырмандарға арнайы табыстың мөлшерін анықтау жолын түсіндіріп өтейік. Мысалы, адам баласы 20 жасынан 60 жасына дейін 40 жыл еңбек етеді делік. Қазақстандағы орта табыс көлемі 100 мың теңге (мысал ретінде алынды) деп алсақ, оның оннан бір бөлігін депозитке салып отырамыз. Ал жалақы жылына 5 пайызға өседі делік.
Бір жылда 120 мың теңге жиналады, сосын оны 10 пайыз үстемақымен инвестиция жасаймыз. Сонымен алғашқы жылдың табысы 120 мың теңге, кейінгі жылдары табыс көлемі былай өседі:
2017 жылы - 120 000+10%=132 000 теңге
2018 жылы - 132 000+126 000=258 000 теңге + 10% (дивидент)
2019 жылы - 283 800+132 300(+5%)=416 100 теңге + 10% (дивидент)
2020 жылы - 457 710+138 915(+5%)=596 625 теңге + 10% (дивидент)
2021 жылы - 656 287+145 860(+5%)=802 147 теңге + 10% (дивидент)
2022 жылы - 882 361+153 153(+5%)=1 035 514 теңге + 10% (дивидент)
2023 жылы - 1 139 065+160 810(+5%)=1 299 875 теңге + 10% (дивидент)
...
Міне, осылай сіз 7 жыл еңбек етіп, 10 пайыздан үнемдеген ақшаңызды 10 есе арттыра аласыз. Азғантай үнемдеу арқылы қосалқы жиналған қаржыңызды 1,3 миллион теңгеге жеткіздіңіз. Ал 40 жыл еңбек ету арқылы бұл соманы еселеп көбейтуге болады.
Бай болудың жазылмаған ережелері
Вавилон қаласының әмірі Аркадты шақырып алып, неліктен халықтың тұтынуына қажет қаржысы жоқ екенін сұрайды. Сонда ол табысқа жетудің жеті ережесін айтады. Олар:
1. Табысты үнемдеуді үйреніңіз
2. Шығынды бақылауда ұстаңыз
3. Табысты арттырудың жолдарын табыңыз
4. Тиімсіз инвестициядан аулақ болыңыз
5. Үнемі инвестициядан түсетін табыс туралы ойлаңыз
6. Жалпы кірістің мөлшерін арттырып отырыңыз
7. Табысты арттыру приципін жаңартумен айналысыңыз
Одан бөлек, бестселлер беттерінен алтын саудасына байланысты жазылмаған заңдылықтармен танысасыз. Терлеп еңбектенгеннен түскен табыс сізге әрқашан қымбат болары анық. Ал оны өз құнымен арттыру да тәжірибе деп біліңіз.