- Негізгі бет
- Ұсынамыз
- Табыстың кілті қай...
Табыстың кілті қай сандықта?
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деп ізденуге, біліктілікті арттыруға үндейді.
Сонымен қатар 2017–2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасында қаржылық сауаттылықты көтеру, отбасылық бизнесті дамыту, өңірлерде жеке кәсіпкерлік санын арттыру мәселесіне зор мән берілген.
Нобель сыйлығының иегері Альберт Швейцар «Табыс – бақыттың кілті емес. Бақыт – табыстың негізгі кілті. Егер сізге өз ісіңіз ұнаса – сіз міндетті түрде табысқа жетесіз» деген нақыл қалдырған. Көңіліңіз қалған кәсіппен айналысқыңыз келе ме, өз ісіңізді ашып, табысқа жеткіңіз келе ме? Бүгінде әрбір адамға осындай сауал қойылары анық. Бақыт, байлық туралы түсінік әртүрлі қалыптасады. Біреуге мол табыс кез келген қалауыңды сатып алуға жол ашса, енді бірі ешкімге тәуелді болмай жұмыс істеуді бақыт санары талассыз.
Ал нарық заманында кез келген адамның кәсіппен айналысуына, шынайы білікті, білімді әрі қарымды екенін дәлелдеуге мүмкіндік мол. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1,186 млн бірлікті құрады, бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 4,6%-ға азайған. Қазақстан Республикасындағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері саны бойынша бірінші орында Оңтүстік Қазақстан облысы тұр, бұл облыста 173,8 мың ШОК субъектісі бар. Екінші орында – Алматы қаласы (160,8 мың), ал үшінші орынды Алматы облысы еншілеп отыр, бұл облыста 119,0 мың.
ШОК субъектілері шығаратын өнім серпіні де өңірлер бойынша ерекшеленеді. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің алдын ала деректеріне сәйкес 2016 жылы жалпы Қазақстан Республикасы бойынша ШОК субъектілері 16,85 трлн теңге сомасында өнім шығарған, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 7,3%-ға жоғары, және 2006 жылы он жыл бұрын болған көрсеткіштен 9 есе жоғары. Ал 2016 жылдың 4-тоқсанындағы мәліметке сүйенсек, 3 074 777 адам шағын және орта бизнес субъектілерінде жұмыс істейді.
Бұл статистикалық мәліметтер елімізде жеке кәсіппен айналысушылар бар екенін, жекелеген облыстарды әртүрлі дамып отырғанын, бизнестің осы бір сегменті халықты жұмыспен қамтуға үлес қосып, әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып отырғанын көрсетеді. Дегенмен, жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар қатары аз, жұмыссыз азаматтардың саны көп.
Осы ретте жеке кәсіпкерлікпен айналысу қиын ба, бизнестің қыры мен сыры қандай, кәсіп бастауға қанша қаражат керек, жеке кәсіпті заңдастыру керек пе, салықты қалай төлеймін деген сияқты көптеген сауалдар жиі туындайды. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің заңдық мүддесі мен құқығын қорғаудан бөлек, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, қаржылық сауаттылықты арттыруға зор мән беріп, «Табыс кілті» деп аталатын жаңа жобаны бастады. «Табыс кілті» жобасы «QAZAQ радиосы» арқылы бүкіл Қазақстан тұрғындарын қамтиды.
Мемлекет басшысы «Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы» деп жаңашылдыққа ұмтылуға шақырады. Сондықтан«Атамекен» Ұлттық кәәсіпкерлер палатасы бұқараға ақпарат таратудың жедел тетігінің көмегімен «Табыс кілті» бағдарламасын көпішілік назарына ұсынады. Тыңдаушы жұрт радио толқыны арқылы білікті сарапшылардың пайдалы кеңестерін алады.
Сонымен қатар тыңдарман Ұлттық палатаның сall-орталығының 1432 нөміріне қоңырау шалу арқылы кәсіпкерлікке қатысты кез келген сауалды жолдай алады. Келіп түскен сауалға орай жауап дайындалып, міндетті түрде эфирде айтылады.
«Табыс кілті» бағдарламасы күнделікті қазақ тілі және орыс тілінде сағат 10:00 және 14:00-де шығады. Табысқа жетелейтін пайдалы бағдарламаны тыңдауға асығыңыздар, кәделеріңізге асырыңыздар!
О. Сансызбай