Бизнеспен айналысу тиімді: өз уақытыңды өзің басқарасың, табысты әрі тәуелсіз боласың. Алайда осындай деңгейге жету үшін алдымен біраз тер төгу керек. Әдетте кәсіпкерлікпен айналысқанда салық органы тарапынан, өзге де бақылау-қадағалау органдары тарапынан тексерулер жүреді. Қазіргі таңда қоршаған ортаға зиян келтіретін химиялық өнеркәсіп, мұнай-газ, тау-кен қазу және тағы басқа салалар экологиялық тексеруден өтеді. Мұндай кәсіпорныдарға көптеген шектеулер қойылады, үлкен айыппұлдар салынып, қосымша салық салынады. Қоршаған ортаға мейілінше зиян келтірмейтін кәсіп түрлері бар ма? Назарларыңызға экологияға зияны жоқ әрі Қазақстанда инновациялық жоба ретінде басымдыққа ие 4 бизнес түрін ұсынамыз. Қағаз қаптама өндіру Азық-түлік дүкені, супермаркеттерге барсақ, алған заттарымызды полиэтилен пакеттерге саламыз. Әзірге целлофан тасымалдаудың жалғыз тәсілі, өйткені тұрғындарда тауарларды салып алатын пакеттер мен себеттерді үйден әкелу сынды әдет пен қажеттілік болмай отыр. Ал ыдырауына 300-400 жыл кететін полиэтилен пакеттердің күнделікті қоқыс полигондарын толтырып, қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқанына мән бермейміз. Сондықтан қағаздан қаптамамен пакет жасау кез келген қала үшін маңызды, демек аталған кәсіп түрі сұранысқа ие болады. Мұндай пакеттерді халықаралық нарықта крафт-пакеттер деп атайды. Пакеттер заманауи жаңашылдық емес, бұл балалық шағымыздағы нан-тоқаштар, азық-түлік орауға арналған кәдімгі қатты қоңырқай қағаз түрі. Крафт-қағаз бұл пакет, ұсақ өнімдерге арналған қап және басқа да қаптама түрлерін өндіруге арналған аса мықты қаптама қағаз. Крафт сөзі немісше Kraft күш деген мағынаны білдіреді. Өйткені осы материал қасиеттерінің бірі механикалық зақымдалуларға деген жоғары төзімділік. Алайда, материалдың басты артықшылығы экологиялық тазалығында (полиэтилен пакеттерімен салыстырғанда) әрі өндіріс кезінде аз шығын болуында. Бұл қағаз түрі қайталама шикізат және целлюлозадан дайындалады. Бұл оның сан алуандығы және тығыздығымен, сондай-ақ төмен шығындылығымен түсіндіріледі. Агротуризм Еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік саласында шаруа және фермерлік қожалықтардың үлесі айтарлықтай. Бұған географиялық ерекшелік, халықтың мал шаруашылығына жақындығы, ауылдардың саны сияқты факторлар әсер еткен. Бүгінде шаруа қожалықтарына қосымша табыс әкелетін жаңа бағыт агротуризм. Тура ферма ішінде ауыл қонақүйін ашып, мал шаруашылығынан өндірілген асты ұсыну, қоршаған әсем табиғатқа серуен маршруттары, инфрақұрылым, жылқы, түйеге мініп серуенқылу, экскурсия жасау, жазғы уақытта саңырауқұлақ, бүлдірген теру, балық аулауды ұсыну сәнге айналып келеді, тіпті туристер арасында сиыр сауып көруге ынтасы бар адамдар кездеседі. Осы мақсатты орындау үшін шаруа қожалығыңыз табиғаты әсем жерде орналасуы керек әрі жатын бөлмелере мен асхана салуға да қаражат керек. Тұрмыстық қалдықтарды жинау және сұрыптау қызметі Үлкен мегаполистер үшін тұрмыстық қалдықтарды жинау өзекті мәселе. Қалаларда қоқысты дәстүрлі жинау бойынша қызмет көрсететін агенттіктер мен кәсіпорындар көп, тіпті бұл үлкен нарық деп айтсақ болады. Алайда олардың көбі қоқыстарды тұрғын үй кешендері, қоғамдық тамақтану орындары және басқа да нысандардан белгілі бір уақытта жинап, жиналған қоқысты қала маңындағы полигондар мен күресіндерге апарып тастаумен ғана шектеледі. Астана мен Алматы қалаларында қоқыстарды сұрыптау бойынша арнайы контейнерлер де қойылған болатын, алайда қоқыс қалдықтарының көлемі одан азайған жоқ. Атамекен ҚР ҰКП жүргізген талдау бойынша қазіргі таңда Қазақстан аумағында 43 млрд. тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналған. Оның ішінде 600 млн тонна улы заттар. Мұнымен қоса жыл сайын жиналатын қалдық көлемі 700 млн тоннаға ұлғайып келеді. Сондықтан осы бағытта жаңа идеяны қолға алып, қала тұрғындарын қоқысты сұрыптап жинауға ынталандыратын тетіктер ұсынатын кәсіпорын құру маңызды бағыт болмақ. Жаңартпалы энергия көздері саласында қызмет көрсету Жаңартпалы энергия көздері қоршаған ортаға зияны жоқ. Аталған энергияны дәстүрлі көмір, газ, мұнайдан емес, жел, су мен күн көзінен алады. Әлемнің дамыған елдері жасыл энергетикаға қарай бет бұруда. Адамзат баласы су қуаты мен физикалық мүмкіндіктерін агро саласында әрі гидро-электростанциларын салып, тиімді пайдалануды игерсе, күн мен жел энергиясы әлі де жетілу үстінде. Дегенмен, электр қуатын тұтынатын автокөліктер, басқа да тұрмыстық техникаға қуат беруде шағын жел станциясын ашу табысты бизнес болмақ. Келешекте электрмобильдер саны күрт артады, ал жел, күн, су қуатын алғашқы болып қолданған, жетілдірген компаниялар табысты болады. Желпаркі әсіресе Қазақстанда тиімді болуы мүмкін, өйткені елімізде үнемі жел тұратын өңірлер көп. Бұған қоса күн көзінен қуат алатын батареялар жасауды қолға алуға болады. Алия Кемелбекова