Театр фестивалінің ашылуына орай баспасөз мәжілісі өтті

Театр фестивалінің ашылуына орай баспасөз мәжілісі өтті
Фото: Массагет

Әдеттегідей фестивальдің ашылу салтанаты журналистерге арналған пресс-конференциямен басталды. 

Бүгін театр айдарына жарияланған мақаламызда хабарлағанымыздай, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық артисі, мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әнуарбек Молдабековтің 80 жылдығына арналған дәстүрлі «Театр көктемі - 2018» атты фестивалі өз жұмысын бастап кетті. Таңда ғана басталған өнер мерекесінің басы-қасында, ең алдымен, актермен театрға бірге келген замандастары жүрді. 

Осы баспасөз отырысына да өнердің абыз адамы КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері» орденінің иегері, М.Әуезов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, театр директоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Еңбек қызыл ту», «Парасат», «Отан», «Достық»  ордендерінің, «Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері Сәбит Оразбаев қатысты. 

Алғашқы сөз кезегін PhD докторы, «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері, аталған театрдың директоры Асхат Маемиров бастады.

“Биылғы театр көктемін Әнуар Молдабековтың 80 жылдығына арнап отырмыз. Әсіресе жас буындар үшін, студенттер үшін, театр сүйер қауым үшін үлкен мереке болғалы тұр. Бүгін Әнуар Молдабековтың кинодағы төлқұжаты Шегенің рөлі болатын болса, «Қыз Жібек» сазды драмасынан біз содан бастағалы жатырмыз. Қазылар алқасы жұмыс жасайды. Театрдың ішіндегі фестиваль болғандықтан, Әнуар ағамыздың өмірде де өнерде де досы болған Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов ағамыз қазылар алқасының төрағасы болады. Қойылымдардан бөлек, «Өзіндік жұмыс» деген болады. Театрдың артистері ізденеді, яғни репертуарлық спектакльдерден бөлек, жас режиссерлардың ізденісінен туған бес қойылым ертеңгі сағат он бірден басталады,” - деді  театр директоры Асхат Максимұлы.

КСРО Халық артисі, «Қазақстанның Еңбек Ері» орденінің иегері, М.Әуезов атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов: “Бүгін Әнуарбекті еске алдық. Басына бардық. Кеше ғана бірге шауып жүрген жігіт, 33 жыл арамызда жоқ. Еске алу фестивалі театрымыздың, биыл Әнуарға арнап жатырмыз. Талай образдарды жасаған. Кинодағы образдарын білесіздер. Соның бірі, халықтың сүйіспеншілігі бөленген рөлі Шеге еді. Халықтың бәрі бағалады. Әнуардың еңбек жолы өте күрделі болды. Бұл өзі балалар үйінде болған жігіт. Әнуарбек, Әзербайжан, Ыдырыс, Нұрмұқан, Фаридалар театрдың ядросы, осы біздің театрды кезінде Кеңес одағының ішінде төртінші орынға шығарды. Міне, Әнуарбектің жасаған еңбегін бағалап, бүгінгі күндерді соған арнап еске алып жатырмыз,” – деді.

“Енді Әнуарбек туралы айтар болсақ, көп дүние айтуға болар еді. Аз ғұмыр кешкенімен, өте көп бейнелер жасады. Сөйтсек, оның ойы халыққа кеңінен қызмет жасау екен. Жұмысын Қарағанды облыстық драма театрында бастаған Ә.Молдабеков ол сахнада М.Әуезовтің «Қобыландысында» Қобыланды, «Түнгі сарынында» Жантас, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Еркін, Шекспирдің «Ромео-Джульеттасында» Тибальт, Кебекті, Тәңірбергенді ойнап образдар жасады. Оның жасаған кейіпкерлері өте шоқтығы биік еді. Мәскеуге барып, «Ваня ағайды» ойнап орыстардың өздерін таң қалдырып, театрымыздың абыройын асқақтатты. Айта берсең, сомдаған бейнелері өте көп. Бастысы халқына, көрермендеріне адал қызмет етті. Амал қанша, 47 жасында ерте кетті,” - дейді  Қазақстанның халық артисі Сәбит Оразбаев.

Көрерменге айта кетеріміз, өзіндік жұмыста фестивальге қатысушы жас актер, режиссерлер А.Пушкиннің «Тас мейман» трагедиясын, Р.Эрдманның «Өле қалсам қайтеді?!» комедиялық қойылымын, Э.Олбидің «Зоопарк» психофизикалық драмасын, В.Гогольдың «Жындының жазбалары» және У.Шекспирден «Яго» деген атаумен моно-спектальдер қойылады.

А. Оралқызы