Тарихты тиыннан оқығанда…

Тарихты тиыннан оқығанда…
Фото: zhasorken.kz

Нумизматика сөзі латын тілінен аударғанда «тиын» деген мағына береді. Ал, қазіргі таңда бұл тарих ғылымының тиындарды зерттейтін көмекші саласы. Ғылымның аты – «нумизматика», ал онымен айналысатын ғалымдар немесе тиын жинаушы коллекционерлер нумизматтар деп аталады. Қазақстандағы осы ғылыммен айналысып жүрген ат төбеліндей азаматтардың бірі – Дархан ЕРЕСЕНОВ. Бірі білер, бірі білмес, ол өзі күйші Сансызбай Ересеновтің ұлы. Сонымен, нумизмат Дархан Ересеновпен болған сұхбатымыз былай басталған болатын…

– Дархан аға, армысыз! Əрине, көңіліңізге қаяу саламыз десек те, біздің парыз – əкейдің арты қайырлы болсын! Біз ол кісінің домбырадағы өнерін интернет арқылы көріп таныдық.

– Иə, домбырасын құшақтаған қалпы кетті. Сіздердің интернет арқылы көріп жүргендеріңіз ол кісінің өнерінің бір парасы ғана болатын. Бірақ, жазылып сақталғаны сол ғана. Өзімізге қанша кінə қойсақ та, кім ойлаған…

– Телебағдарламаға берген сұхбаттарыңыздың бірінде нумизматикаға қызығуға əкеңіз себепкер болғанын айтыпсыз.

G3mG73Pm7k8

– Иə. Он үш жасқа толған туған күнімде əкем маған өзі бір кездері қызығып жинаған бір уыс шет ел тиындарын сыйлаған болатын. Сол күннен бастап мен тиындарға қызыға бастадым. Сабақтан келе салғандағы бірінші жұмысым – сол тиындарды қызықтау. Əкем сыйлаған тиындар ішінде 1861 жылғы патшалық Ресейдің тиыны болды. Ол мен үшін өте көне болып есептелінетін. Он үш жасымнан бастап он жыл бойы шет елдің тиындарын жинадым. Қатты қызыққаным сонша, олардың саны 500-600-ден асып түсті. Бірақ, мен олардың түбіне түсіп зерттемеген едім. Тек тиын коллекционері болып қана жүрдім. 2011 жылы Өзбекстанға барып қайтқан досым арқылы қолыма бірінші рет арабша жазуы бар тиын түсті. Басқа тиындарға ұқсамайтын, көнелігі көрініп тұрған тиын еді. Зерттеп көрсем Əмір Темір мемлекетінде Бұхара қаласында 1432 жылы соғылған тиын болып шықты. Бұл тиын менің шетелдік тиындарға қызығушылығымның соңы, шығыстық көне тиындарға қызығушылығымның басы болды десек те болардай. Содан бастап тек Қазақстан территориясынан табылған тиындарды жинаумен айналыстым.

– Əлемде көптеген коллекционерлер кездеседі. Біреулері автокөлік жинаса, бірі  ескі телефондар, кітаптар, картиналар… Ал тиын жинайтындар туралы жақында ғана естідім. «Тиындарда адам қызығарлықтай не болуы мүмкін?

– Коллекционер дегенде көп адамның көз алдына белгілі бір заттарды жинаушы адам ғана елестейді. Бірақ, біз коллекционерлердің бір жағынан ғалымдар екенін ұмыт қалдыра береміз. Тиын коллекционерлерін –нумизматтар, ал тиындарды зерттеуші ғылымды – нумизматика деп атайды. Бұл ғылым өз алдына тарихтың бір саласы. Түптеп келгенде тарих тиындар тілінде де сөйлей алады. Мысалы, көптеген тиындарда оны соқтырған патшаның есімі, соғылған қаласы, тіпті, соғылған жылына дейін жазылады. Мұның бəрі жылнамалар мен кітаптар жетпеген тарихтың көлеңкелі тұстарына шам алып кіргенмен бірдей. Əр жерден табылған тиындар арқылы ежелгі мемлекеттердің сауда жүйесін, елдердің арасындағы дипломатиялық қатынастарға дейін зерттеп шығуға болады. Менің тиындарымның ішінде Үгедей хан 1233 жылы Самарқанда соқтырған өте қызық тиын бар. Көне тиындар соғу үшін негізінен қола, мыс, күміс, алтын сияқты металдар қолданылады. Мыс тиындар «фельс, фулус, пул» делінсе, күміс тиындар –  «дирхам», алтын тиындар «динар» деп аталған. Кей хандықтарда күміс тапшы болуына байланысты тиындар мыстан жасалып, оған күміс жалатылып, күміс дирхамның орнына қолданыста жүрген. Біз сөз етіп отырған Үгедей ханның Самарқанда соқтырған тиыны осындай тиындар қатарында. Бірақ, мыстан жасалып күміс жалатылған мұндай тиындарды саудагерлер көп ала бермеген. Сондықтан Үгедей хан өзі соқтырған тиынның артына: «Самарқанда жəне оның төңірегінде кімде-кім осы тиынды алмайды, сол жазаға тартылады», – деген сөздер жаздырған. Тарих ғылымына мүлдем қатысым жоқ адам едім. Мамандығым инженер-механик. Бірақ, осы тиын жинау əдетім мені тарихқа алып келді. Тарихты кітаптан емес, тиындардан оқыдым. «Адам қызығарлық не бар?» дейсің. Бұл салаға бір қызықсаң, тұңғиығына батырып алып кетеді.

Протокараханид

– Көне тиындардағы жазулардың көбі араб əліпбиінде жазылған. Сіз оларды арнайы мамандарға қаратып оқытып аласыз ба?

– Жоғарыда айттым ғой, бұл сала өзіне бір қызықтырса, тере-ңіне тартып кетеді. Мен осы тиындардың бетіндегі жазуларды оқып, зерттеу үшін арнайы араб əліпбиін үйрендім. Адам өзінің кəсібін бүге-шігесіне дейін білуге тиісті деп ойлаймын.

– Қазақстандағы нумизматика жайында не айтасыз?

– Шындығына келер болсақ, біздің елімізде бұл ғылым саласы ауыз толтырып айтарлықтай дамыған жоқ. Жоғары оқу орындарындағы тарих факультеттерінің өзінде бұл сала оқытылмайды. Бұл сала бойынша мамандар дайындалмайды біздің елімізде. Сондықтан, біздің археолог-ғалымдардың көбі жаңа тиын жолықтырса, шетелдің ғалымдарына ала жүгіреді. Қарап отырсақ, өз жерімізде табылған байлықтарымызды, тікесінен айтар болсақ, тарихымызды да өзгенің көмегінсіз өзіміз зерттеуге қауқарымыз жетер емес. Қазақстанның өзінде нумизматикамен айналысушылардың көбі өзге ұлт өкілдері. Неге? Өйткені бұл сала туралы жастар хабарсыз. Оларға жеткілікті ақпарат берілмейді.

Сасанид мемлекеті 7 ғасыр

– Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қандай қарекеттер жасалу қажет? Өз тарапыңыздан қандай жұмыстар жасап жатырсыз?

– Ең бірінші, нумизматика саласы жоғары оқу орындарындағы тарих факультеттерінде оқытылуы керек. Өз тарапыма келер болсам, мамандығымды жоғарыда айтып кеттім. Мамандығым темірге қатысты болса да, тиын соғылған темірге қатысты емес екені анық. Сондықтан, биыл ғана Абай атындағы университеттің тарих факультетіне оқуға тапсырдым. Мамандығым – тарих пəнінің мұғалімі. Ойлана келе, ұлтымыздың жастарын бұл салаға қызықтыруды мектептен бастау керек деп шештім. Жастармен өз жорамалдарымды бөліссем деймін. Мəселен, соғыс кезіндегі Германияның гербін есіңізге түсіріңізші. Айқыш іспетті. Ол таңбаның арғы жағында кəдімгі крест жатыр.  Халық үшін ол фашизмнің таңбасы болып жатталып қалған. Өкінішті. Бірақ, ол таңба Гитлерден əлдеқайда бұрынырақта болған. Жəне батыста емес, біздің шығыстағы Қараханиттер тұсында Ташкент қаласында соғылған тиында дəл біз фашизмнің таңбасы дейтін таңба кездеседі. Бұл тиын VII-VIII ғасырларға тəн. Міне, бір тиынның айналасында қаншама тарих қозғалып, қаншамаəңгімелер айтылды. Бұл нумизматиканың беті ғана. Біз жай ғана теңіздің өзіне түспей, жағалауында жүріп қайттық. Теңізден соққан тұзды судың иісімен дем алып қайтқандай ғанамыз. Ал сіз, тиындарда адам қызығарлық не бар дейсіз…

Угедей хан Самарканд 1233жыл

***

Осы орайда қосымша өткен тарихқа шолу жасай кеткенді жөн көрдік. Иə, мүлде бейтаныс тараптар ашылды. Мүлде ойламаған жерден алтын табылды. Ендеше, белуардан қаз. Бірақ, мені өте қатты ойландырғаны сол Ташкент қаласында соғылған тиындағы свастика таңбасы. Ойыңа Əмірхан оралады. Ауылдан келгенде атынан үріккен «Қасқыр құдай болған кез» кітабын сыйға тартқаны. Оқыдық. Түсінбедік. Ішіндегі ең түсініксізі сол христиандарға айқыштың, яғни крестің түркілерден барғаны туралы сөзі болатын. Ол былай суреттелетін: «Тарихи деректерден біз ғұндардың Рим қаласына Еділ (Атилла) басшылығымен біздің дəуіріміздің 451 жылы жеткендігін, тіпті, оны тізе бүктіргенін де жақсы білеміз. Бірақ бұл Батыс пен Шығыстың көнеден байланысып келе жатқан ортақ тарихының көгінде жарқ ете қалған жасындай қас-қағым сəт қана еді.

Құмық Мұрат Əжінің «Дешті-Қыпшақ даласының жусаны» кітабында крест айқыштың тəңіршілдіктің бас таңбасы екендігі, оны Римге тəңіршіл ғұндар апарғандығы туралы баяндалады». Марс қылышы Еділдің қынабында болған жоқ, оның туында бейнеленген-ді. Яғни, ғұн көсемі бас иетін тотемнің символдық кескіні болып табылатын. Ал сырт пішіні бұрыштары мен қырлары тең айқыш-крестен гөрі төменгі қыры өзгелерінен ұзындау свастикаға көбірек ұқсайтын. Киелі таңбаның мағыналық оқылуы қасқыр деген ұғымды білдіретін-ді. Мұрат Əжі жазғандай, оның крест-айқышқа ұқсас нұсқасы болуы да шындықтан алыс кетпейді. Өйткені теология талаптары бойынша екеуі де тəңірлік мəнге ие еді», – деп тоқтағанда бұл кітап біздің жағамызды ұстатқан. Бірақ, оқи келе, таныса келе көзіміз шындыққа жете бастады. Осы мақаланы оқи сала христиандықтан басқа жерде көзімізге көрінген айқыш таңбаларды санамалай бастадық. Оның ең бірінші нұсқасын Əмірхан өзі ұсынған болатын. «Крест «+» һаш таңбасы Тəңiрi дiнiнiң бас атрибуты болған. Төрт қыры тең һаш – крест туралы адам жады ұмытқанымен сөз тiркестерi ұмыта алмапты.

Кушан мемлекети,Канишка патша 128-158жж

Қазақ шалы оңашада «Төрт құбыласы түгел кiм бар дейсiң?» деп күрсiнедi. Оның трансцендентальдық түсiнiгiнде төрт құбыласы тең Тəңiрi ғана. Һаш-ашамай қыры, бояуы қанық, метафораға бейiм түркi тiлiнде құбылаға айналған. Метафора – Ақындар тiлi» Һаш-ашамай тіліміздегі сөз тіркесінде бір кездессе, көшпендінің киіз үйінің күлдіреуішінде тағы бір кездеседі. Тəңіршіл түркілердің тəңір бейнесін төбесіне көтеріп жүргеніне тəнті боласың. Бүгін жолығып сұхбат құрған нумизмат Дархан Ересеновтың көрсеткен тиынындағы свастикаға мүлдем таңғаласың. Көне Ташкентте VII-VIII ғасырларда, мұсылман діні келіп орныққаннан кейінгі соғылған тиында тəңіршілдіктің бас атрибуты бейнеленген. Одан бері он үш  ғасыр өтті. Тарих үшін көп уақыт емес. Қазақтың санасынан бұл свастиканың осынша аз уақыт ішінде ұмытылып кетуі мүмкін емес. Тағы да ойланасың. Ескілікті қазғанда бірінші ауыл маңы қазылады. Үйінен қонақ арылмайтын қазақтың құтты қонағына бас тарту қашаннан қанына сіңген қасиеті. Ер адам ғана əкеліп тартуға тиіс бастың маңдайы жарқырайды. Өйткені, бастың маңдайы дəл айқыш етіліп тілінген болатын…

***

Қайран əкей ұлына бір уыс тиынды сыйлап тұрып, бір ұлттың тарихын сыйлағанын сезді ме екен? Көшедегі сабылысқан адамдар арасында кешегі тарихтың куəсіндей болған тиындарын құшақтап, Дархан аға кетіп барады. Өзінің тарихын, халқының тарихын құшақтап барады. Ал, мен қалтамдағы ертеңгі тарихымды жүргізушіге ұзатқан қалпы басқа бағытқа жол тартам…

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

Дерекккөзі: zhasorken.kz

Н. Айдархан