Салқам Жәңгір соғысқан жер

Салқам Жәңгір соғысқан жер
Фото: Айжан Хамит

«National Digital History of Kazakhstan» интернет порталы «Өткен күнде белгі бар» айдарымен «Егеменді Қазақстан» жалпыұлттық басылымының тарихи сандарынан арнайы материалдар топтамасын ұсынады.

Ақпараттардың легі саяси-қоғамдық өзгерістерге толы батыл қадамдар, тарихи ақтаңдақтарды ашудағы тың жазбалар, сондай-ақ тәуелсіздік тарихының жаңа парақтарымен басталған жаңа тарих материалдарымен қамтамасыз етеді. 

Алғашқы санымызда атақты тарихшы, ұлттық тарих ғылымында тәуелсіздік жылдары Бас тарихшы бейресми атағын иеленген энциклопедист ғалым Манаш Қозыбаевтың «Абылай хан» тарихи-танымдық мақаласын ұсынсақ, соған жалғастырып бүгін жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Салқам Жәңгір соғысқан жер» атты тарихи-танымдық мақаласын береміз. Мақала «Егеменді Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 15 тамыз күні 3-бетінде жарық көрген. 

Ұлттық тарихқа деген көзқарас оң болып, елдің тарихи сана-сезімінің қалыптасуына тарихи-танымдық материалдардың тигізетін әсері мол. 

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының қазақтың атақты ханы, асқан стратег, дарынды әскери қолбасшы Жәңгірдің аз әскермен қалың ойрат қолына қалай төтеп беріп, ақырында жеңгені туралы кеңірек сипаттайды. Ел тарихының ақтаңдақ тұстарын ашып көрсетуді мақсат ететін мақалада Есім ханнан кейінгі Қазақ Хандығының тағына Жәңгірдің отыруын, бұл тұстағы Қазақ хандығы мен Жоңғария мемлекетінің арақатынасын, көршілес елдердің ішкі және сыртқы саясатын, әскери қуатының мөлшерін әр түрлі деректер келтіре отырып баяндайды. Осы орайда жазушы күмәнді әдебиеттерді де сол кйүінше пайдалана салмай, сын көзімен қарап, теріс жерін теріске шығарып отырады. Айталық Қазақ ССР энциклопедиясындағы кейбір жаңсақтықтардың дұрысталуына да өз пікірін білдіреді. 

Мақаладағы ең негізгі мәселе – Салқам Жәңгір соғысқан жерді анықтау. Бұл орайда автор осы оқиға туралы сол заманда жазба қалдырған Г. Ильин, Златкин секілді кісілердің еңбектеріне сілтеме жасайды. Сол кездегі Талдықорған облысына қарасты Ор бұлағы деген жердегі ордың қазылуын баяндай келе, бұл мекенде Жәңгір бастаған 600-ден астам қазақ сарбазының 50 мыңдай ойрат қолымен шайқасқанын дәлелдейді. Жоңғар Алатауының ұрымтал тұсында орналасқан терең ордың басқадай жайттарға қатысы жоқтығын, сол төңіректегі өзге де жер атауларын, тау мен қия-қыраттардың есімдерін, географиялық аумақтың табиғи жаратылыстарына мән бере отырып, соғыс тактикасына ойша барлау жасайды.   

Мақаланың соңында автор Б. Нұржекеұлы тарихи маңызы зор киелі өңірді тиісті мекемелер қарауына алып, республикалық ұйымдар арқылы мемлекеттік нысандар аясына кірсе деген ұсынысын жолдайды. 

Былтыр Қазақ Хандығының 550 жылдығы мерекесін тойлағанда Орбұлақ шайқасына байланысты көптеген салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Мыңдаған адамның қатысумен Талдықорған қаласында ашық аспан астында театрландырылған қойылым жұртшылық назарына ұсынылған еді. 

Дереккөзі: e-history.kz

Н. Айдархан