- Негізгі бет
- Түп тамыр
- "Қыз" атауымен байланысты...
"Қыз" атауымен байланысты ұлттық ойындар
Кең далада көшпенділікпен күн көрген халықтың ұлттық ойындары да мал шаруашылығымен, ұлттық салт-дәстүрлермен тығыз байланысты. Әр ойынның түрлерінде ұлттық өнерге тәрбиелеудің нақышы бар. Сондықтан ұлттық ойындар балаларға және ересектерге арналған ойын түрлері болып бөлінеді.
Халық ойын түрлерін атағанда да қарапайым сөзбен атай салмай, оның мән-мазмұнын ескере отырып, айшықты да ұғынымды атау беріп отырған. Соның ішінде әйел затына байланысты ұлттық ойындардың атаулары жиі кездеседі. Әсіресе "қыз" сөзіне қатысты ойынның атауларын көптеп кездестіруге болады.
Әдетте бұндай атаумен келген ойындар ересектерге арналған, қыздар мен бозбалалардың қатысуымен ойналған. Ондағы ойынның мақсаты тек ойнап қана қоймай, қызбен таныстық, онымен жүздесу, жақындасып, сырласу болған. Ойын түрлерінде қыздардың рөлі ерекше болғандықтан, көбіне-көп қыз атауымен аталған. Солардың бірі – "Қыз қуу" ойыны.
"Қыз қуу" – қазақтың ұлттық спорттық ойыны. Қазақтың ойындарының түп-төркіні зерттеген этнограф Базарбек Тетенай "Қыз қуу" ойыны жайлы былай деп жазады:
"Қыз қуу" ойынының шығуы өте әріде жатыр. Қазақстан жерінде өмір сүрген алғашқы сақ тайпаларының өмірі көпшілік жағдайда жаугершілікпен өткен. Ал жайшылықтағы өмірде мерген қыздарды әскерлер өздерімен бірге соғысқа ертіп алып, бос уақыттарында жылқымен бірін-бірі қуалап ойнаған, міне, осыдан барып халық арасында "қыз қуу" ойыны пайда болған.
Ертеде ата-бабаларымыз ат жалында ойнауға тек ер балаларды ғана емес, қыздарды да баулыған. Бұл спорттық ойын түрінің аталуына қарай қыздардың тек үй шаруашылығымен айналысып, бала-шаға қамымен отырған әйел затына ғана тәрбиеленбей, спорттық ойындарға да тартылатыны байқалады.
Ойынның ережесі бойынша атқа мінген қыз қууға дайын тұрған жігіттердің ішінен өзіне ұнағанын қамшымен тартып жіберіп, шауып кетеді. Артынан жігіт қызды куып береді. Егер жігіт қуып жетсе, қыздың бетінен сүйіп алады, ал қуып жете алмаса, қыз кері қайтара жігітті қуып, арқасынан қамшымен осып сабайды.
"Қыз" сөзімен байланысты тағы бір ойынның түрі – "Қыз ойнақ". Бұл ойын туралы Қ.Жанатаев "Қыз ойнақ – қазақтың ұлттық ойын сауығы. Бұл ойын-сауық кеші екі түрлі жағдайда өткізіледі: 1) Ауыл жастары қалаған кездерінде ата-аналары мен ауыл ақсақалдарынан рұқсат алып өткізеді. Өздері рұқсат еткеннен кейін үлкендер думанның көңілді өтуін қадағалайды. Түрлі ойындар болып, ән салады; 2) Қыздың ұзатылар алдында ауыл жастарымен қоштасуы ретінде өткізіледі. Мұны ұзатылар қыздың аға-жеңге, туған-туыстары ұйымдастырады" деп анықтама берген.
Бұл тіркестің мәні алғашында қызды ұзатуға байланысты айтылса, кейіннен халықтың танымы мен дүниені қабылдауына сәйкес ойын-сауық жиынды осылай атауы мүмкін. Ертеде жігітті болашақ қалыңдығының ауылына "қыз ойнауға", болашақ қалыңдығымен танысуға жіберіп отырған. Қыздың әке-шешесі күйеу баланың келу құрметіне жастарға арнап "қыз ойнақ" ойынын ұйымдастыратын болған. Кейіннен бұл ойынның таралып, жастар арасында көңіл көтерудің, қыз-бозбалалардың кездесуіне себепкер болатын бір үлгісі ретінде қалыптасып, үйлену тойынсыз-ақ та өткізіле беретін ойын түріне айналған.
"Қыз қашар" – атастырылған күйеу мен қалыңдықты жақындастыру мақсатында жасалатын ойын түрі. Бұл ойын да жастардың ойыны. Жастар қол ұстасып шеңбер жасап, ішіне не қалыңдықты, не қызды, сыртына күйеу жолдасты я жігітті қалдырады да, қыз қашып, жігіт қуады. Егер күйеу жолдас қалындықты ұстаса, оны күйеу жігітке апарып табыс етеді.
Жалпы қазақ халқында ойын атауларының "қыз" сөзімен тіркесуінде үлкен мән бар.
Себебі көптеген ойын түрлерінің негізгі ойнаушылары - өнермен ерекшеленіп, ойын сәнін келтіретін кыздар болған. Бұл - қыз баланың ертеде халық өмірінде ерекше орын алғанын білдіреді.
"Сақина салмақ" – бұл фразеологизмнің этномәдени мазмұнын былайша түсіндіруге болады. Ойынға жиналғандар екі жүргізуші сайлап алады. Олар қыз-жігіттерді араластырып отырғызып, бір қыздың аузына сақина жасырады. Ойын жүргізушілері ол қызға қалаған, ұнатқан жігітін өзіне шақыруды бұйырады. Шақырылған жігіт қыздың алдына келіп, домбырамен ән салып береді.
Сосын қыздың аузынан сақинаны ернімен алып, оны сол күйінде басқа қызға береді. Ол қыз да өзіне ұнаған жігітті шақырады, ол ән салған соң яки басқа өнер көрсетіп, жұрттың көңілін көтерген соң ғана аузындағы сақинасын береді. Жігіттің сақинаны қыз аузынан тек ернімен алуы шарт. Ойын осылай жалғаса береді. Басқарушылар ойын ережесінің бұзылмауын қатаң бақылайды, оның бұзылуына жол бермейді. Шарттан ауытқушылық байқалса, кінәлі ойыншыны есілген арқан, белбеумен арқасынан ұрады, жазалайды. Қазақ арасында бұл ойын түрі ұмыт болып, кейінгі уақыттары тіпті ойналмайтын болып кеткен. Мұндай ойынның болғанын қазіргі оқырман кейбір көркем шығармалардың өткен өмірді суреттейтін тұстарынан ғана кездестіре алады:
Дауысы шөп ете қап естіледі
Жігіттің қыз аузынан сақина алған.
Сүйгізген қыз көнбеген адамымсып,
Үкісі желкілдейді бұлғаланған.
Қыз атауымен байланысты ұлттық ойындардың енді бірі – "Қызбөрі".
Бұл жаз күндерінде ел орынға отыра қыз-бозбала жиналып, далада ойнайтын ойын. Қыздар "қой" болып, бір алаңға топталып отырады. Оларды екі-үш жігіт "қойшы" болып күзетеді. Өзге жігіттер "бөрі" болып, қойға тиіп, қолына түскен қызды жетектей қашады. Бұл ойындардың мазмұнынан кино-театры жоқ, би алаңы жоқ ерте кездегі қазақ жастарының бір-бірімен танысуында, бір-біріне арман-тілектерін айтып сырласуын ерекше рөл атқаратындығын және қазақ этносының өткен өміріндегі мәдени болмысына дерек беруде осындай этнографиялық атаулардың тілдік және мәдени құндылығы ерекше екені белгілі.
Қ. Слямбек