Семейден Абай ауылына бара қалсаңыз, жолшыбай Күшікбай асуын басып өтесіз. Бұл асудан қыс кезінде өту қиын-ақ. Семейдегі ашық, желсіз күн асуға таянғаннан-ақ борандатып, қарлатып тұрады. Бұл кезді жергілікті халық Күшікбай батыр ашуланып жатыр деседі. Елдің айтуынша, ертеректе осы маңды мекендеген Күшікбай атты батыр болыпты. Батыр сондай ержүрек, қайратты да қаhарлы болған екен. Айналадағы жау батырдың исінен қорқып, жолай алмапты. Күндердің бір күнінде Күшікбай ауырып, төсек тартып жатып қалады. Осыны пайдаланып, аурулы екенін естіген жауы батырдың ауылын шауып алмақ боп, шабуылға шығады. Батырдан басқа қарсы шығатын адам жоқ, оп-оңай басып алмақшы болады. Жаудың келіп қалғанын естіген батыр аурудан тұра алмай, іштей ыза-кегі қайнап, шарасыздықтан жата береді. Күшікбайдың тұра алмайтынын, әлсіздігін байқаған жау басынып, ауылды азан-қазан қылады. Мұндай қорлыққа шыдамаған батыр жалаңаш денесіне тонын жамыла сала атқа қонады. Күшікбайдың атта отырғанын көре сала жаулары қатты сасып, қаша жөнеледі. Күшікбай қуып береді. Сөйтіп, жауын бірнеше қырдан асырып қуып, қайтып келе жатқанда, ауруы меңдеп, бір төбеге келіп, жантая кетеді. Сөйтіп жатып, ұйықтап қалған екен, содан әлі тұрмаған екен деседі. Сол төбешекті қазір Күшікбай асуы деп атайды. Боранды, желді күндерді Күшікбай батырдың жауына деген ашу, ызасы ғой деп жатады.