Қорқыт ата өз заманында болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болғанын дәлелдей келе, академик Ә.Марғұлан: «Атаның өмір бойы арман еткені – өлмейтін, жасай беретін өмір іздеу, сол үшін күресіп, өлімге қарсы тұру, бұл фәлсафасы дүние тарихында өте сирек жолығатын, адам баласы туғызған ойдың ең жарқын бейнесінің бірі екенін саралай келе, аталмыш аңызға бергісіз осы тұлғаға әлем әдебиеті мысалдарынан ұқсас-аналог қарастырады. «Мұны тек Прометей не Харта туралы айтылатын дүние жүзілік әдебиет мұрасына теңеуге болады. Қазақ аңыздары бойынша, Қорқыт бар өмірін тағдырмен алысу үстінде өткізеді, өлмейтін өмірді көксеп, тағдырға, өлімге қарсы тұрады.
Жас Қорқыттың іздегені – адам баласының өлмей, уайымсыз еркін жасауы. Қорқыт фәлсафасы бойынша, өлім оның көзіне зұлымдықтың басы болып көрінеді. Өліммен күресу, адам баласына өлмейтін өмір іздеу жолында Қорқыт – халықтың қорғаушысы, оған дем беруді өзіне мұра еткен кемеңгер бейнесінде суреттеледі» деп сипаттайды.
Ежелгі халықтың пайымдауынша, Қорқыттың қашып құтылуға талпынған өлімінің өзі қиялдан туған дүние. Ажалдың адамға бәрібір келері анық. Бірақ, осы бір ойдың шегін бұзып, одан қашып құтылудың жолын іздестірген Қорқыттың ісінен пайда шыға алды ма?! Жоқ. Қайта түбі бір шынайылық орнады. Оның артында «қайда барсаң Қорқыттың көрі» болды ғой дейтін де ұғым қалыптасып қалды.
Қазақтың интеллектілік арман-қиялында үлкен рөл атқарған Қорқыт хақында ұлы әдебиетші Мұхтар Әуезов те өзінің нанымды ойларын айтқан. «Ертегілер» деген зерттеу еңбегінің «Қорқыт» тарауында: «Қорқыт адамның тірлігі шақты болғанына наразы. «Өлім» деген обыр барына наразы. «Өлімнен құтылам» деп шарқ ұрады, шартарапты кезеді. Бірақ, қай тарапқа барса да, алдынан азынап тұрған көр шығады... Мұндағы «көр» дегені дәл көрдің өзі емес, әрбір тозбақ, өлмектің бейнесі, елесі деп білу керек... «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегеннің халық аузындағы мағынасы – осы. Философиялық, поэзиялық зор мағына... Қорқыт... артына, адам нәсіліне, соншалық асыл мұра тастап кеткендіктен өлмеді. Өлімге қарсы амал тапқан жан болды... Халық Қорқытты өмір, тірлік үшін алысушының ең зоры еткен... Халық ұсынған Қорқыт – өмір үшін қатты алысушының бірі. Сол көп алысушылардың ішінде дегеніне жеткен, өлместің амалын, шарасын тапқан жанның бірі Қорқыт деп аңыздағы атаның асқақ бейнесін әдемі сипаттап бергенін көреміз.
Өлімсіз өмір фантастикалық идеясын өзінің саналы тіршілік еткен заманында жұртшылыққа ұтымды тарата білген Қорқыт өз тарапынан сол тақырыпта не ауызша, не жазбаша ескерткіш есебінде, өкінішке орай, ештеңе қалдырмаған. Алайда бізге аты беймәлім басқа бір авторлардың жазбаларында сипатталғаны кездесіп қалады. Солардың бірін Ә.Марғұлан халық ауыз әдебиетінен жеткен «Қорқыт және ажал» деген дастандағы аңыздың мысалынан алады. Ғұлама тарихшы «Қорқыттың өліммен күресуі» тақырыпты салихалы еңбегінде сол дастаннан мынадай үзінділер келтіреді:
Қорқыт қашты ажалдан,
Аңыратты қобызын.
Қобызында көп арман,
Тоқсан толғау әдемі үн.
Желмаясын желдіріп,
Ілгері басып келеді.
Күй сарыны – сел тасқын,
Күңірентіп келеді.
Тасы құлап жартастың,
Жаңғыртты даланы.
Құйын боп та ұйытқыды,
Ну-орманды шулатып,
Дауыл боп та жүйткиді,
Көл-өзенді тулатып.
Қас қаққанша кенеттен
Баурап бәрін биледі,
Боздағандай беу-беулеп,
Жас төгеді күй легі».
Автор айтпақшы, «тізбектеліп басталатын аңыз сөзінде», Қорқыттың тоқсан толғау әдемі үні бар қобызын арманына жеткізетін, арқа сүйер рухани күштің басты бір компоненті есебінде қабылдауға болар.