- Негізгі бет
- Түп тамыр
- Конституция кімдер үшін...
Конституция кімдер үшін жасалады?
Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Құжатқа сәйкес Қазақстан президенттік басқару формасына ие мемлекет атанды.
Кейін Конституцияға төрт рет өзгеріс енді: 1998, 2007, 2011 және 2017 жылдары. Өзгерістер президенттік қызмет мерзімі, сенаторлық, мемлекеттік қызметкерлердің жасы, Мәжілістің құрылымы мен Президентті сайлау бағыттары аясында жасалды. Ата заңдағы соңғы өзгерістерге 2017 жылы наурыз айында Президент қол қойды. Барлығы 19 бапқа 26 түзету еңгізілді.
Конституция деген не?
Бұл сұраққа бәріміздің "заң" деп жауап беретініміз анық. Бірақ, оның адам баласына қандай қажеттілігі мен байланысы барын екінің бірі біле бермейді.
Заң саласында қызмет ететіндердің басым бөлігі конститутцияны адам не ұйымның өз бостандығының бір бөлігін бере отырып, орнына әділеттілік пен мемлекет қорғауына ие болуы деп түсіндіреді. Оның үстіне, конституция адамның жеке құқығы (өмір сүруге құқығы, ойының еркіндігі, қажетті дәрежеде өмір сүру мүмкіндігі) және қиын жағдайда қолдау алуға (әлеуметтіу сақтандыру не қамтамасыз ету) мүмкіндік береді.
Конституция адамдар арасындағы қарым-қатынас қағидаларын қалыптастыру үшін керек. Заң барлық адамның ортақ құндылықтарын сақтай отырып жасалады. Конституцияға қоғамның ортақ мақсаттары, өзара қарым-қатынас ережесі, мемлекеттік ұйымдармен байланыс жүйесі енеді.
Конституция кімдер үшін жасалады?
Қазақстан Республикасының Конституциясының 3 бабында "Мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы – халық" деп көрсетеді. Сол себепті Конституция бүкілхалықтың референдумда қабылданады. Заң мемлекет азаматтарын қорғау, елдегі тәртіпті сақтап, тыныштықты бұзбау мақсатында жасалады.
Конституциясыз мемлекеттер қалай өмір сүреді?
Өзінің конституциясы жоқ мемлекеттердің басым бөлігі діни мемлекеттер қатарына жатады. Олардың заңдары діни жазбалар мен ережелерге сүйенеді. Мысалға Сауд Арабиясы мен Ватиканды алуға болады. Ал, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Канада мен Израйиль секілді мемлекеттерде конституция орнына ержелер мен заңдар жинағы қолданылады. Бұл мемлекеттерде бір ғана құжаттың орнына бірнешеуі жұмыс істейді. Бірақ, қағидасы мен маңызы екі жағдайда да бірдей болып қалады.
Өзге заңдардан конституцияның айырмашылығы неде?
Басты айырмашылығы конституция – тұрақты, жалпыға ортақ. Бірақ, тұрақтылық оның ешқашан өзгермейтінін білдірмейді. Уақытқа сәйкес адам құндылықтары мен қағидалар өзгеріп отырады. Соған сәйкес конституция да өзгереді. Әрбір адам бұл "келісімшартты" өз қолымен жасайды. Сондықтан, заңды құрметтеу де, оны сақтау да өзіміз үшін маңызды болмақ.