Сырым батыр үйіне қонып отырған қадірменді қонағы Төленді биден:
- Биеке, қазақтың қонағы неше түрлі болады?, – деп сұрапты.
- Қазақтың қонағы төрт түрлі болады: біріншісі – арнайы қонақ, екіншісі – құдайы қонақ, үшіншісі – қыдырма қонақ, төртіншісі – қылқыма қонақ.
- Ал оны қалай айырамыз?, – дегенде:
- Арнайы қонағымыз, алыстан арнайы келген жақын туыс, нағашы, жиен, құда, күйеу, қайын сияқты жекжатың немесе сүйікті достарың, жақсы жолдас-жораң.
Міне, бұл - нағыз сыйлы қонағың.
Құдайы қонағымыз, өзің танымайтын, білмейтін шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүріп, ат басын тірей қалған тосын да бөгде қонақ.
Міне, бұл - нағыз сауап қонағың.
Қыдырма қонағымыз, ерігіп те желігіп үйден-үйді, ауылдан-ауылды кезіп, сөз аңдып, өсек теріп, қымыз ішіп, ет жеп жүрген сандалма қонақ.
Міне, бұл – нағыз далбаса қонағың.
Қылқыма қонағыңыз, үй арасындағы, ауыл ішіндегі түтіні түзу шыққан үйді торып, өзінің құлқыны үшін аузына тигенін қылқытып жіберіп, басы ауған жаққа тарта беретін көлденең қонақ.
Міне, бұл - нағыз сұғанақ қонағың, - депті, көпті көрген көне би Төленді қарт.