Түркі мифологиясындағы Тәңір аспан Құдайы, ежелгі сенім оны аспанның рухы немесе иесі ретінде қабылдайды. Яғни тәңір қазіргі мағынадағы Құдай емес, кейде тұлғаланған, бірақ көбіне тұлғалана бермейтін көк аспан, ғаламдық жөн-жосық қана. Дуалистік мифологиядағы тәңір жасампаз екілік, аспан мен жер-су, жоғары мен төмен сияқты екіліктің біреуі. Оның аспандығы, жоғарылығы болып табылады. Бұл мифтегі Тәңірдің қосағы Ұмай, жердің және судың Құдай-анасы, жалпы дуализмнің идеясы ғаламды екі бастаудан материя мен рухтан тұрады деп түсіну. Біздің мысалда Тәңір рух, ал Ұмай материя. Л.Н.Гумилев моңғол дуалистік сенімі туралы айта келіп. оны осы екіұдай бірлікке негізделген сенім жүйесі дейді. Оның өз ғаламдық моделі (өзара қарым-қатынасы бар үш дүние), этикасы (жалғандықты айыптау, мифологиясы (күн адамынан пайда болғандығы туралы аңыз) және демонологиясы (ата-баба рухтары мен табиғат рухтары) бар. Бұл моңғол сеніміне қатысты болғанымен, тікелей түркілік сенімге қатысты айтылған пікір деп айтуға болады. Бірақ тәңір атауы барлық уақытта осы дуализмнің бір анықтаушысы болмаған. Тәңір атауы Орталық Азия халықтарының өте ежелгі ортақ сөздік қорынан шыққан делінеді. Қазір түркі-моңғол тілдерінде алуан вариантта айтыла беретін бұл сөзді хуннулар ченли (қытай транскрипциясы бойынша, оны шаңыр, шаңры деп оқуға болады), қытай тілінде тянь, шумерше дингир деп атаған деген болжамдар бар. Бірақ бұл сөз моңғолдікі де, өзгенікі де емес - түркінің төл сөзі. Тәңір сөзінің этимологиясын тан, таң, танг және ыр деген бөлшектерге ажыратып талдау арқылы түсіндіріле алады. Мұндағы ыр мән, суть, сущность, ал танг бір мезгілде аспан және мұхит, теңіз деп түсіндіріледі104. Аспанға қатысты сөзді мифологияда мұхит деп түсіну үндіевропалық мифке де тән. Мысалы, грек мифологиясындағы аспан Уран да, үндіиран мифологиясындағы аспан Варуна да мұхит, ғаламдық мұхит, алғашқы космостық сулар деген мәнге ие болған. Варуна Уран Оран параллелінде де түркілік Оран-телегейдің аспан мағынасының болғандығын анықтай аламыз. Міне, Тәңірдің де алғашқы мағынасы екіұдайлы аспан және мұхит болған дей аламыз. Ал танг сөзінің арғы жағында түркілік тұңғыш, алғашқы деген де қосымша, туынды мән болған. Бұл ретте тәңір сөзі алғашқы мән (изначальная суть) дегенді білдірген дей аламыз. Тәңір Ұмай қосағы көктүрік дәуірінің туындысы. Осындай еркек-аспан мен ұрғашы-жер қосағы деген трафарет-модель одан кейін де, оларға дейінгі көшпелілер мифологиясында болғанымен, аталмыш есімдер тұрақты трафареттің ұясына ие болған әр уақыттың, әр ортаның жеке есім-образдары болып табылады. Ұмай ежелгі күнтекті Майқы-Жұмайдың ұрғашылық бейнесі болса, Тәңір ежелгі су-от дуализмі мен оттекті космогониядағы күнтекті алтын тумақ қалқып жүрген алғашқы ғаламдық сулардың атауы. Яғни космостық сулар бейнесінен тәңір тек аспанға айналса, алғашқы еркек пен ұрғашы қосақтағы ұрғашы Ұмай енді бүкіл жер мен су, төменгі дүние тұлғасына айналған. Моңғолдардағы буддо-ламаизм тәңір дәрежесін төмендетіп, кез келген табиғат рухының атына айналдырса, түркілердегі ислам діні мұсылмандық Алла тағала, Құдай сөзінің бір синониміне айналуына жағдай жасады. Түркі-моңғол тілдерінде тәңір сөзі тенгери, тенгри, тегри, тер, тигир, дээр, тура, тангариа, тэнгэр деп айтыла береді. Сондай-ақ ежелгі орфиктік (грек, фракия, Кіші Азияда б.з.д. ғасырлардағы діни ағым) күн Құдайы - Танес (орыс 111 Таң немесе танг сөзінің өзі ты және анг деген түбірлердің бірігуінен шыққан. Мұндағы т прототүркілік өмір, тіршілік, қозғалыс дегенді білдіретін праформа (шумерлерде ти өмір түркілерде ті/рі өмір), ал анг кеңістік дегенді білдіретін праформа (қ-ангар, аңғ-ар, үңг-ір, к-еңістік), мысалы, ежелгі шумерлер аспан Құдайын Ан деп атаса, угорлар Ен деп атаған, осы жұрқадан қазақ тіліндегі ең (самый-самый, сверх) деген сөзі сақталып қалған, дәстүрінде Фанес деп жазылады) сөзін де осы ұғымдармен салыстыра зерттеп көрудің реті бар сияқты. Дереккөз: Қазақ мифологиясына кіріспе, Серікбол Қондыбай