- Негізгі бет
- Түп тамыр
- Киелі жерлер географиясы:...
Киелі жерлер географиясы: Шернияз ақынның жерленген жерін білеміз бе?
Сөзге шешен, от ауызды, орақ тілді ақындардың бірі – Шернияз Жарылғасұлы. Оның мазары Атырау облысындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдениет ескерткіштердің қатарына енген. Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов ақынның мазары жөнінде айтып берді.
Мазар Қызылқоға ауданы Жантерек ауылынан солтүстік батысқа қарай 15 км жерде орналасқан. Шернияз Жарылғасұлы - Исатай, Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне (1836-1838 жж.) қатысып, оның жалынды жыршыларының бірі болған. «1977 жылы әдебиетші Берқайыр Аманшин Шернияз Жарылғасұлының жерленген жерін тауып, оның басына қойылған құлпытаста жазылған деректі жариялады. Ақын бейітінің басындағы құлпытастың биіктігі 155 см, үстіңгі бөлігі дөңгелене ойылған. Құлпытастағы жазуда былай делінген: «Кете руы Мұсайдар тайпасы, Мәлік бөлімі Шернияз Жарылғасоглы 61 жасында опат болды 1867 шылдыбу ташын алып қойған баласы Асқаралы мырза Дұғай хайрсандетіп-Амин». Аймақтық «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес, 2005 жылы ақын бейітінің үстіне мазар тұрғызылды. Сәулетшісі Заңғар Медетбек, салған шебер Олжас Демесін. Мазардың көлемі 3х3 метр, биіктігі 7 метр. Әктас-құмтас материалынан жасалған. Қабырғалары тік төртбұрышты, жарларының төрт жағынан үш бұрыш түрінде кеңістік қалдырылған. Үстіңгі бөлігі күмбезделген. Ақын құлпытасы мазардың батыс бөлігіне орналасқан. Мазардың маңдайшасына «Ақын Шернияз Жарылғасұлы» және «1806-1867» деген жазулар ойылып жазылған», дейді Ф.Байдәулетов.
Ақын Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс жеңіліске ұшырап, Исатай мерт болса да, азаттық, бостандық тақырыбын асқақ үнмен жырлаған. Сол арқылы Исатайдың батырлық бейнесін жасаған: «Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас», «Ақ алмас алтын сапты қылышым-ай», «Исатай ел еркесі, ел серкесі», т.б. жырларын шығарды. Шернияздың «Ай, Қазы би, Қазы би», «Тостағанды қолға алып», «Ай жігіттер», «Сөз сөйлеймін бөлмелеп», «Көл қылып Құдайым талай судай ағын», т.б. өлеңдерінде өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіздігі, өмірдің өзгермелілігі мен оның мән-мағынасы үлкен ой елегінен өткізіле жырланады.
Дереккөз: inform.kz
Massaget.kz