Қазақтың әдет заңындағы қылмыстық жазаның қандай түрлері болған?

Қазақтың әдет заңындағы қылмыстық жазаның қандай түрлері болған?
Фото: freepik.com

Қазақстанның Ресейге қосылуына дейінгі кезеңде Тәуке хан ережесі мен басқа да қазақтың дәстүрлі құқық ескерткіштерінде жазаның келесі түрлері белгілі болды: өлім жазасы, дене жарақаты, ұялтатын жазалар, құн, айып, құлға айналдыру, кінәліні жәбірленушіге қызмет етуге беру, кінәлінің барлық мүлкін тәркілеу, кінәліні қауымнан қуу.

Өлім жазасы. Қылмыскерді жазалаудың өлім жазасы халық жиналысының шешімі бойынша қолданылды. Тәуке заңы бойынша кісі өлтіру, әйелді ұрлау мен зорлау, бірнеше қайтара мал ұрлау сияқты қылмыс түрлерінде кінәлі адамдарға өлім жазасы берілген. Осы заң бойынша жәбірленушінің немесе оның жақын туыстарының келісімімен өлім жазасы басқа жаза түрімен құн төлеу, құл етіп алу, дене немесе ұялтатын жазаларымен ауыстырылуы мүмкін. Тәуке хан заманында өлім жазасы сирек қолданылған.

Өлім жазасының қолданылуы жаңа қылмыстың (барымта немесе ру аралық тартыстар) тууының себепшісі болды. Хандар мен сұлтандар сондықтан өлім жазасына күшті тірегі жоқ, іздеушісі жоқтарды ғана кесті.

Дене жарақаты және ұялтатын жазалар. Дәстүрлі құқық нормалары негізінде дене және ұялтатын жазалар жеке тұлғаға қарсы қылмысқа,мүліктік қылмысқа және басқа да қылмыс категорияларына қолданылды. Мұндай жаза түрлері жеке немесе екеуі бір мезгілде қолданылуы мүмкін. Тәуке заңында айтылады: «Егер қылмыс үлкен болмаса, онда өлім жазасының орнына қылмыскерді жартылай жалаңаштап, оның бетіне күйе жағып, мойнына қара құрым киіз байлап, аттың құйрығына байлаған жіпті тісімен ұстауды бұйырып, оны аттың соңынан жүгіруге мәжбүр етеді».

Дене жарақатында жиі қолданылатын әдіс дүре соғу, яғни жуандығы ортаңғы саусақтай болатын қамшымен көпшіліктің көзінше жазалау болды. Қазақ дәстүрлі құқұғының шариат заңынан айырмашылығы соққы саны алдын ала анық болмады, ол бидің шешіміне байланысты болды. Дене жазасы қанжығамен немесе көк шыбықпен ұру түрінде қолданылды. «Әкесіне немесе шешесіне тіл тигізген немесе ұрып соққан адамды қара сиырға теріс қаратып отырғызып, мойнына құрым киіз байлайды, сиырды ауылдың ішімен жүргізіп, үстінде отырғанды қамшылап ұрады».

«Қара найза» - жазалаудың ең ежелгі түрі айыптыны жерге қағылған, жоғарғы ұштары түйіскен үш найзаның астына отырғызып қоятын. Сонымен қатар, билер «сөгіп тастау» және «түкіріктеу» сияқты жазаны да қолданып жүрді.

Құн. Қылмыстық іс - әрекеттер үшін жауапкершіліктің мүліктік түрлері де (құн, айып) кең қолданылды. Қазақтың дәстүрлі құқығы жүйесінде кең тараған жаза түрі құн болды. Адам өлтіру және оған теңестірілген қылмыс түрлері (денені ауыр жарақаттау, зорлау, зинақорлық әйел ұрлау) үшін құн төлететін. Ежелгі құн құрамы бірнеше бөліктен тұратын:

1) Өлтірілген адамның еліне (руына) басқа адам берілетін (тұтқын, құл, «ясырь», әйел). Бұл адам өлтіру арқылы келтірілген «зиянның» орнын нақты толтырудың белгісі еді.

2) Кісі өлтірушінің аты мен қару-жарағы берілетін («қанды, қаралы», «құйрығы кесілген ат», сауыт, мылтық). Бұл арқылы татуласу, ымыраға келу туралы тілек, өтініш білдіретін.

3) Өлтірілген кісінің еліне біршама мал, басқа да заттар берілетін (кілем жабылған қара нар, қара шапан, орамал т.б.). Бұл арқылы өлтірілген адамның аруағымен татуласу салты, жерлеу және қара жамылу жүзеге асырылатын.

Кейінірек құнның құрамы өзгеріп, ол негізінен малдан тұратын болды. Ер адамды өлтірген үшін 1000 қой, әйелді өлтіргені үшін 500 қой берілетін ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, сауданың дамуына байланысты ақшамен төлеу жүргізілді. Құнды қылмыскер төлемеді, оны руы бөліп төледі. Қылмыскер жеке өзі 50 қой, бір түйе мен ат, ал жақын туыстары 10-нан 20-ға дейін қой, алыс ағайындары 1-2 қойдан беруі керек болды. Құнның қалған бөлігі ру мүшелеріне тең бөлінді.

Патшалық үкіметтің жүргізген әкімшілік-территориялық реформасына байланысты ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап құн рудан емес, территориялық-шаруашылық белгілері бойынша алынды. Патриархалдыфеодалдық ХІХ ғасырдың екінші жартысында ауыл немесе болыс тек ғана барлығы құнды бөліп төледі.

Қазақстанның әр жерінде қоғамның өзгеруіне байланысты құн мөлшері, оның құрамы біркелкі болмады. Құн мөлшері мен құрамы ең алдымен жәбірленуші мен кінәлі адамның сословиелік деңгейі, мүліктік және қоғамдық жағдайына байланысты шешілді. Тәуке заңы бойынша құнның мөлшері мынадай болды: «ер кісіні өлтіргені үшін толық құн – ердің құны екі жүз жылқы», «ал әйелді өлтіргені үшін жарты құн – жүз жылқы». ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда төтенше билер съезінің ережесінде көрсетілгендей орташа құн мөлшері 200 бас жылқы немесе 2000 сом мөлшерінде белгіленген. 

Айып. Қазақ қоғамында келтірілген шығынның орнын толтыру және кекті қанағаттандыруда кең тараған жазаның түрі айып болып саналады. Көбіне мүліктік қылмыстарға, сондай-ақ жеке тұлғаға қарсы қылмыс (ауыр дене жарақаты мен кісі өлтіруден басқа), басқару тәртібіне қарсы және басқа да қылмыс категорияларына белгіленді. Айып мөлшері әлеуметтік-экономикалық қатынастың өзгеруі, қорғалатын объектінің әлеуметтік табиғаты мен әрекет ауырлығына да байланысты болды. Феодалдардың мүддесі қарапайым халыққа қарағанда жоғары дәрежеде қорғалып, үлкен мөлшерде айып төленді. Айып мөлшерін әдетте билер белгіледі. Әдет заңдарына әркез қосымшалар мен өзгерістер енгізіліп отырды.

Айыптың 3 түрі болатын:

1) мойнына қосақ
2) тоғыз
3) ат-тон

Тоғыздың үш түрі болатынын Д'Андре былай жазды: «Тоғыздың бірінші ең үлкен де ауыр түрі тоғыз ірі малдан, атап айтқанда – 1 түйе, сауылатын екі бие, екі тайдан тұрады». Ескерту: Сауылатын жылқы үш малға саналады: еміп жүрген құлын, төл және биенің өзі.

Тоғыздың екінші түрі тоғыз малдан – 1 жылқы, екі сауын сиыр (екі бұзауымен) және төл, бір жасар екі ірі қара малдан тұрады.

Тоғыздың үшінші түрі, немесе тоқал-тоғыз сегіз малдан – қозысы, төлі екі қойдан, бір бойдақ қойдан және бір текеден тұрады.

Ат-тон айыптың «азусыз ат, жеңсіз тон» және «астарсыз шапан» деген түрлері болды.

Айыпты кінәлі адам төледі. Егер кінәлі сотқа келмесе немесе белгіленген айыпты төлей алатындай жағдайы болмаса, онда оның туыстары төлеуге тиіс болды. Жақындарының жағдайы келмесе, кінәлі адам тұратын ауылға белгіленген айыпты төлеу жауапкершілігі жүктелді.

Алынған айып бірнеше бөліктерге бөлінді. Бір бөлігі жәбірленушіге келтірілген шығынды қанағаттандыру үшін берілсе, екінші бөлігі хан немесе сұлтандар пайдасына алынды, оны «хандық» деп атады. Сонымен бірге «билік» яғни судьяларға сот ісін жүргізген үшін сыйақы ретінде төленді.

Айып құрамына сондай-ақ «жасауыл ақы» және «жаушыға жіпкесер» де кірді. Жасауыл ақы – бұл кінәлі адамды сотқа шақыруға жіберілген немесе сот шешімін орындауға барған тұлғаның үлесіне алынды. Жаушыға жіпкесер әдет бойынша жәбірленуші мен кінәлі адамның арасындағы даудың аяқталғандығын бейнелейтін жіпті кесуші тұлғаның үлесі.

Мүлікті өндіріп алу кезінде жәбірленуші шеккен зиянның орнын ғана толтырып, мүліктің қалған бөлігі басқа адамдар үлесіне тиетін. Мысалы, өлтірген адамға төленген құнның 10-15 проценті оның отбасына берілетін; ұрлықта жәбір көрген адамға төленген айыптан ұрланған жәбір көрген адамға мал мен төл беріліп, қалған мал билерге, куәлерге т.б. берілетін. Патша чиновнигі Аитов жазғандай, тоғыз алған адам «… оны өз еркімен басқа қырғыздарға, тіпті айыпты адамның туыстарына тарту етіп береді; ата-анасына, туыстарына беруге, өзіне қалдыруына болмайды. Егер де осындай заттарды өзіне қалдырса, не ата-анасы, туыстарына беретін болса, бұл оның абыройы төгілгені саналады».

Айып оны төлей алатын жағдайы бар қылмыскерлер үшін ғана тиімді болды, ал жарлы-жақыбайлар үшін бұл ауыр жаза болып табылды, кейде айып барлық мүлкін тәркілеумен теңестірілді. Белгіленген айыпты төлей алмаған кінәлі адам одан да қатаң қылмыстық жазаға тартылды.

Құлға айналдыру мен кінәлі адамды жәбірленушіге қызмет етуге беру. Бұл жаза дәстүрлі құқықта кінәлі адам сот белгілеген құнды немесе айыпты төлей алмаған кезде қолданылды. Екі жағдайда да айыпкер құл ретінде белгілеген айып пен құн мөлшерін өтегенше қызмет етті. Кейбір айып немесе құн үшін құлға айналған адамдардың балаларына құлдық қалып  отырды. Бұл жаза түрі үстем тап өкілдерінің жұмысшы халықтың өзіне қарсылығын басудың бірден-бір күшті құралы болды.

Басын беру. Мұнда жәбірленушіге немесе оның туыстарына айыпкерді береді. Беглов: «Кінәлі адам талапкер еркіне берілсе, ол онымен не істегісі келсе, соны істейді, тіпті өлтіріп тастауға да құқы бар» - деп жазды.

Барлық мүлкін тәркілеу мен оны қауымнан қуу. Барлық мүлкін тәркілеу жазасы дәстүрлі құқықтың жекелеген жазбаларында хандық билікте басқа дінді қабылдау кезінде қолданылды деп көрсетілген. Бірақ мұндай жағдай сирек кездескен.

Дәстүрлі құқықта кінәлі адамды рулық бөлімшеден (ауылдан) немесе көшпелі қауымнан қуу жазасы да белгілі болды. Бұл көбінесе өз ауылының старшыны немесе ауыл ақсақалдарының келісімінсіз қылмыскерді жасырған тұлғаларға қатысты қолданылды. Кейіннен егер кімде-кім қауымнан қуылған адамды өлтірсе, ол үшін жауапкершілікке тартылмады.

1822 жылғы устав бойынша қылмыстық істің зорлау, ұрлық, таяққа жығу т.б. түрлерін билер соты қарады. Сібір қырғыздарына империя заңының таралуы» деп аталатын заңдар жинағы империя сотына жататын қылмыстар санын көбейтті. Оған үкіметке қарсы істер, өртеу, ақша жүйесіне байланысты істер және патша ұрлық үстінде ұсталса 10-60 дүре соғуды енгізді, қылмыскерді жеті күннен бір айға дейін қамауға алды. Билер енді халықты орыс заңымен қорқытып қылмыскерге айып құн төлетті.

ХІ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың басында Қазақстанда жалпы империялық заң, Ресей империясының ұлт аймақтары үшін заңы және қазақтардың дәстүрлі заңы қатар жүргізілді.

Жеке адамға қарсы қылмыс. Қазақстың дәстүрлі құқығында жазалануға тиісті және жазалануға тиісті емес өлім түрлері көрсетілді. Ұзақ жылдар бойы ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін жазалануға тиісті емес өлім түрлеріне қожасының құлды, ата-анасының өз баласын, күйеуінің өз әйелі мен оның көңілдесін, ұрыны ұрлық үстінде ұстаса, қарақшыны өлтіру жазалау шарасы көрсетілмеген. ХІХ ғасырдағы дәстүрлі құқық нормаларында абайсыздықпен кісі өлтіру қастандықпен кісі өлтіруге қолданылатын жазаның жартысындай болған.

ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарында Аитовтың: «Кіші жүз қазақтарының дәстүрлі құқығы жазбаларында», «Кім төбелесте абайсыздықпен кісі өлтірсе, сол қастандықпен жасалатын қылмысқа төленетін құнның жартысын төлейді, яғни сұлтанды өлтірсе 1000 немесе 750 қой ал старшин, би мен қырғызды өлтірсе – 500 қой». Қастандықпен өлтіру қорғалатын объект пен қылмыстық қол сұғушылық сипаты бойынша: кінәні ауырлататын жағдай қылмыстары, кінәні жеңілдететін жағдай қылмыстары және қарапайым қылмыстар болып бөледі. Кінәні ауырлататын жағдай өліміне: «сыйлы адам», ата-ананы, жүкті әйелді, нәрестені өлтіру және өлген адам денесін қорлау жатады. ХІХ ғасырда дәстүрлі құқықтың қылмыстық-құқықтық нормаларында кінәні ауырлататын жағдайға сұлтан мен қожаны өлтіруден басқа тархан атағы бар батыр, патша үкіметі берген шені мен атағы бар лауазымды тұлғаларды өлтіру т.б. кірді. Бұл тұлғалардың өлімі туралы іс патшалық сотқа берілді, сонымен бірге би соты кінәлі адамнан немесе оның туыстарынан жоғарғы құн төлетті. Қазақтың дәстүрлі құқығында ханды және балаларының ата-анасын өлтіруі ісі болмады, егер мұндай жағдай болса ең ауыр жаза қолданылды.

«Егер әйел күйеуін өлтірсе, оны құн төлеу арқылы құтқара алмайсың, оған өлім жазасы берілген. Жүкті әйелді өлтірген айыпкерді, екі адамды өлтіргендей жазалайды. Бала үшін құн мөлшері, оның даму уақытында байланысты болды. Тоқмақта болған төтенше билер съезінде: «Жүкті әйел өліміне құн талап еткенде, бала үшін құн немесе айып төлету ерекше: а) жаңа дамып келе жатқан бала үшін айып түйеден бастап 9 мал; б) бес айлық бала үшін - түйеден 25 мал; в) бес айдан асқан бала үшін - әйелдің жарты құны.

Өлген адамды қорлау қылмысты ауырлататын жағдай болды. Кінәлі адам табылғанша дене жерленбеді. Мұндай өлім үшін құн мөлшері «ерлер үшін 15-20 түйеге, әйелдер үшін 5-10 түйеге» өсті. Бұл «сүйек құны» деп аталды.

Барымта кезінде болған өлім үшін кінәлі қарапайым өлімге қарағанда жазаның жеңіл түріне тартылды. Егер барымта уақытында екі жақтан өлген адам саны тең болса, онда бұл іс әрі қарай өрбіміген.

Қазақтың дәстүрлі құқығы нормасы бойынша әйелін өлтірген ер адамды қатты жазаламаған, оған өлім жазасы кесілмеген. Бұл сол қазақ қоғамындағы әйелдер жағдайының теңсіздігінің куәсі болды. Бұл өлім түрі қарапайым өлім түрі ретінде қаралды. Кіші жүз қазақтарының дәстүрлі қазақ жазбасында: «Кім өз әйелін өлтірсе, одан қарапайым өлім үшін белгіленген құн мөлшерінде құн төлеуге тиіс», - делінген. Мұндай дәстүрлі құқықта норманың пайда болуы, отбасы басшысының патриархалдық билігінің әлсірегені мен құқыққа орыс құқығының прогрессивті әсер еткендігін көрсетеді.

Мүліктік қылмыстар. Қазақтың дәстүрлі құқығында «мүліктік қатынасқа қарсы қылмыс», басқаша айтқанда «мүліктік қылмыс» түсінігі болмаған. Барлық мүліктік қатынасқа қарсы қылмыс түрлері бір атаумен «ұрлық» деп аталған. Қазақ қоғамында шабу мен тонау болғанымен, бұл терминдер қазіргідей мазмұнға ие болмады. Мысалы, «шабу» түсінігіне ауылға қарулы барлық шабуылдар, күштеп мүлкін тартып алу, малдарды қуу мен адамдарды тұтқынға алу жатады. ХУІІІ ғасырда қазақ жүздеріне хандық билік кезеңінде де барымта және басқа басқару әрекеттері шабу деп аталды. Тәуке ережелерінде және басқа дәстүрлі құқықтық нормаларында ұрлық пен өлім, ұрлық пен қорлау үшін жазалау біріктіріліп екі қылмыс ретінде жазаланады. «Кім ұрлық пен бірге өлімді істесе, сол екі қылмыс үшін құн төлейді» - деген.

Тонау түсінігі дәстүрлі құқықта шабу мен ұрлық түсінігінен айрықшаланбады. Тәуке заңында ұрлыққа қолданылатын жаза тонауға қолданылды.

Дәстүрлі құқықта жылжитын және жылжымайтын мүлікке қылмыстық әрекеттер ерекшеленбеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақтың дәстүрлі құқығында бөтен біреудің жерін басып алу немесе иелену, шекараны бұзу және жылжымайтын мүліктерді иелену немесе басу т.б. тәртіп бұзушылықтарға жаза қолданылмайды.

Қазақтардың негізгі шаруашылығы мал болғандықтан малға меншік құқығының бұзылуына басқа мүлік түрлері құқығының бұзылуына қарағанда жоғары жаза тағайындалды.

ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін әрекет еткен Тәуке ережесі мен дәстүрлі құқықтың басқа нормаларында малды ұрлау түрлеріне әртүрлі жаза нормаларында малды ұрлау түрлеріне әртүрлі жаза ірі айып төлеу мөлшерінен бастап, өлім жазасына дейін қолданылды. ХІХ ғасырда Қазақстанда тауар-ақша қатынастарының дамуына байланысты, «сату-сатып алу айырбасы», «алдау» т.б. түсініктер пайда болды.

Дінге қарсы қылмыс. Көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүрген қазақтарға Қазақстанда тараған мұсылман діні қатты әсер етті. Қазақтың дәстүрлі құқығында мұсылман құқығы шариаттың ықпалы қазақ қоғамында дінге қарсы қылмыс түсінігін тудырды. Қазақ қоғамында дінге қарсы қылмысқа үстемдік етуші патриархалды-феодалдық қатынасқа қарсы бағытталған және шариаттың діни нормаларын бұзған әрекеттер жатқызылды. Тәуке заңында діни қылмыстың 2 түрі құдайға тіл тигізу мен оған сенбеу белгілі болды. Жеті кісі куәлік етсе, құдайға тіл тигізуші таспен атып өлтіріледі. Кәпір болған адамның бүкіл мал-мүлкін оның туған-туыстарының қарамағына өтеді. ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап дінге қарсы бағытталған әрекеттерге жаза түрлері кеңейе бастады. Дәстүрлі құқықта бейіттерді бұзу, қорымдарды ашу, құдайға тіл тигізу сияқты түрлеріне жауапкершілік белгіленді. Бұл сол уақытта Қазақстанда мұсылман дінінің күшеюімен байланысты болды. Дінге қарсы қылмысқа жауапкершілік жүктейтін әдет-ғұрып нормалары шариат нормаларымен астарласып, араласып кетті. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның Ресейге қосылу процесінің аяқталуына байланысты бұрын қылмыс болып есептелмеген кей әрекеттер, енді қылмыс болып саналады. Ішімдіктер қолдану, намаз ережелерін бұзу т.б. дінге қарсы қылмыс деп табылатын әрекеттер қарала бастады. Дінге қарсы қылмыс үшін кінәлі адамға мынадай жаза түрлері қолданылды: кейбір құқығынан айыру, дене жарақаты жазасы, бас бостандығынан айыру мен айып төлеу. Үстем тап шариат нормаларынан өздерінің сенімдерін қорғайтындарын ғана алды.

Massaget