Қазақта мүшел жас неге қатерлі саналады?

Қазақта мүшел жас неге қатерлі саналады?
Фото: © Дудин С.

Қазақ есепшілері адам баласының 100 жасын бір ғасыр ғұмыр деп есептейді. Осы 100 жастың 50 жасын "ұйқылы өмір" немесе "барзақ ғұмыр", қалған 50 жасын "ояу тірлік" немесе "саналы ғұмыр" деп есептейді. Ал ояу тірліктің 15 жасын ойнақтаған балалық, 75-тен асқанын жер таянған кәрілік, сонда ортасында "қамшының сабындай қысқа ғұмыр" деп есептейтіні содан. Tengrinews.kz тілшісі Этнограф Болат Бопайұлының қазақтың мүшел жас ұғымына қатысты еңбегінен деректер келтіреді.

Қазақ есебінде адам өмірінің әр он үш жылында бір мүшел айналып келіп отырады. Мұнда бір нәрсені анық білуіміз керек. Мүшелінің алғашқысы немесе бірінші мүшел 13 жылда қайырылса, қалған мүшелдер 12 жылдан қайырылып отырады. Мәселен, жүзден асып жығылған адамның мүшел жасы 9 рет айналып келеді. 13 жас - бір мүшел, 25 жас - екінші мүшел, 37 жас - үшінші мүшел, 49 жас - төртінші мүшел, 61 жас - бесінші мүшел, 73 жас - алтыншы мүшел, 85 жас - жетінші мүшел, 97 жас - сегізінші мүшел, 109 жас - тоғызыншы мүшел деп есептеледі.

Бір мүшелде 12 жыл бар. Жыл қайыруда алғашқы туған жылы қайта оралғанда мүшелге толып отырады. Мүшел жас тақ жылдардан қайырылады, жұп жылдардан емес. Міне, қазақ осы есепті "мүшел қайыру" деп атайды.

Қазақ әдеби тілінде жүзден асып, яғни тоғызыншы мүшелді толық жасаған атаны "арда ата", "ақ ата", "ару ата", "киелі ата" деп атайды. Осындай жасқа толған ананы "кейуана", "ақ апа", "әулие апа" деп атайды.

Қазақтың ғұмыр туралы мына өлең жолдарынан өмірдің қалай өткенін көруге болады:

Бір жаста жанып тұрған шырақтайсың,
Дүниеге жаңа келіп тұрақтайсың.
Қаз тұрып, тәй-тәй басып, былдыр сөйлеп,
Құшағында ата-ананың бұлғақтайсың.

Он жаста жарға ойнаған лақтайсың,
Тай мініп, тайынша мініп жайтақтайсың.
Он бес пен жиырманың арасында,
Көрінсе қыз-келіншек ыржақтайсың.

Жиырма бесте көкжал қасқырдайсың,
Алдыңа не келсе де тайынбайсың.
Жалындап жүрек отың махаббаттан,
Ел аралап, ары-бері талтақтайсың.

Отызда орда бұзып арындайсың,
Қырықта қырқа асып жалындайсың.
Елуде ерттеп мінген аттай болып,
Кәріліктен еш белгі жоқ, шалынбайсың.

Алпыс жаста сары белдің асуындай,
Асылдың суы қайтқан жасуындай.
Сабырың бекемделіп күн-күн сайын,
Дарияның жылып аққан тасуындай.

Жетпісте жер таянбай тұра алмайсың,
Жастармен сауық-сайран құра алмайсың.
Сексенде қара шашың қудай болып,
Ауылдан алыс шығып жүре алмайсың.

Тоқсаныңда тобықтай шал боларсың,
Күніңе сексендегі зар боларсың.
Қырандай жас кездегі қайран көзің,
Көре алмай еш нәрсені қар боларсың.

Кәрілікке ары-бері бұлғақтайсың,
Ақ үрпек балапандай ырғақтайсың.
Келгенде сонау жүзге кім бар, кім жоқ,
Ғазиз жан, қайда барып тұрақтайсың?!

("Қазақ қара өлеңдері" жыр жинағынан)

Қазақ мүшел жасты "қатерлі жас", "қауіпті кезең" деп есептеген. Адамның өмірі әр он екі жылдан бір қайырылғанда қамыстың буын-бунағына ұқсайды деп қараған. Жел ұрған қамыс буынынан сынады. Өмірдің де буыны мүшел жас деп қараған. Сондықтан мүшел жасында алыс сапарға жалғыз шықпаған, той жасамаған, өлімді жерлерге көп бармаған, мал бауыздамаған, адамдармен шармаяқтасып ұрыспаған. Той-томалақта көзге түсіп, көрнекті жерде отырмаған. Туылу, жұлдыздық нышанына қарай қызыл не жасыл, не жыл сыңайына байланысты жарасымды киім киіп жүрген. Өзінің ең сүйікті, жақсы көретін бір затын өзіне адал құрбысына, не достарының біріне сыйға ұсынған. Бір жылдың он екі айының ішіндегі аспандағы ай тллған сайын Айға қарап "Айдан аман, жылдан есен, өмірден бүтін болып келемін" деп ай сайын садақа беріп отырған.

Қазақта он екі буын санның да өзіндік ырым-жоралғысы бар. "Он екіде бір гүлі ашылмаған",  "он екінші мәселе", "бір жыл - он екі ай", "он екінің бірі", "он екі жұлдыз", "он екі ай", "он екі жыл", "он екі мүшел", "ұл бала он екі жаста балиғатқа толды", "он екіде бір нұсқа жоқ", "он екі мүше", "он екі ата" - осының бәрі тектен текке айтылмаған. Он екі сағат, он екі қабырға - барлығын мүшел жасқа байланысты қаузап, талдап, тәжірибеден өткізіп отырған.

Он үш жас – бір мүшел

Қазақ есебінде он үш жасқа толған бала бір мүшелге толған кезінде жыл жылжып нысанына, ай айналып аялдамасына, күн айналып бастапқы нүктесіне тоқтайды. Осы кезде баланың да мүшесі бір буын болып өсіп толады деп қарайды.

Қазақ бір мүшелге толған баланы "қозы жасқа толды", "қозыбағар болды" деп мойнына бақташылық міндет артады, мал қайыруға, мал бағуға қабілетті деп есептейді. Он үш жас немесе он бес жаста "отау иесі" деп қарайтыны сондықтан. Ал бір мүшелге толған қыз баланы "ошақ ұстар", "ожау қағар", "қазан қайнатар" жасқа толды деп есептейді.

Он үш жасқа толған ұл баланың уыз кеудесінде алғашқы оты оянады. Айналасына қызыға қарап, ақ-қараны айыра бастайды. Мінезі асау, тарпаң, тамақсау болады. Тез алданады, тез жанданады, қанқызбалау келеді. Ду дегенге дыз етіп жүгіріп кетеді. Ойынға құмар келеді.

Қыз бала бір мүшелінде қызылға құмартады, айналасына ғашық көзбен қарай бастайды. Денесі сүйкімді, сұлу сымбатты бейнеге ене бастайды. Қырда өскен қызғалдақтай құлпыра түседі. Сезімі бәйшешектей бүр жарады. Бітімі түрленіп, пішіні гүлденеді. Бірақ аңқау, бейкүнә, пәк жүрекпен өмір сүреді.

Бұл бір буын мүшелі аса қауіпті саналмайды. Денсаулығы, дене бітімі өсетін өтпелі кезең болғандықтан, оларға ата-аналары мұқият қарап, қамқоршы бола білгені жөн. Өйткені олардың бойы да, ойы да толық пісіп жетілмеген кез. Тілге ергіш, ойнап жүргіщ, еркетотай кезі. Мұны қазақ "сүт таңдай өмір" деп есептейді. Десе де, тәжірибеге сүйенгенде, он үш жастағы өрендердің ішінде ұл болсын, қыз болсын білімі кемелді, ақылы асқан, дана балалар да болады. Қазақтың "ақыл жастан, асыл тастан", "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" деп балаларды бағалап жататыны да тектен тек емес. Дегенмен, бір буын мүшел ішіндегі балалар қауіп-қатерге тез ұшырайды. Олардың бойы мен ойы өлшеуге келмейді, ішкі қуаты, ақыл-ойы кемелдене қоймаған кез болғандықтан "бала, баланың ісі шала", "басының дымы кетпеген", "шикі өкпе" деп үнемі ескертіп отыратыны да содан.

Біз мынаны білуіміз керек: он үш жасқа толған балаларға ата-ана болған адам көзден таса қылмай, үнемі ақыл айтумен, тәрбие берумен, өнегемен үлгі көрсетумен, жарасымды іс-әрекетімізбен қамқор бола білгеніміз жөн. Себебі, бұл жастағы өрендер сынаптай сырғып, тұрақты көзқарас қалыптастыра алмайды, тәндік жақтан үздіксіз өскендіктен рухани жақтан әлсіз болса, "балалық желік" ауруына душар болуы  әбден ықтимал. Бір мүшелге толған баланың бір киімін басқа бір досына сыйға беруді ұмытпаған абзал. Баланы жалғыз-жарым алыс сапарға, бөтен ауылға қыдыруға рұқсат бермеу керек. Өйткені буын желігі он екі айға созылатыны естен шықпағаны абзал. 

Жиырма бес – екінші мүшел     

Қазақ есебінде жиырма бес жас екінші мүшел саналады. Мұны "екінші мүшел", "екі буынды өмір" деп атайды. Бұл жасқа толған азаматтың ақыл-ойы да, сана-сезімі де біршама дамыған шағы. Азаматтар самырсын сапты балтадай, қынынан алған қылыштай жарқ-жұрқ етіп тұрған кез. Алысқанды алқымынан алатын, қыңырды түзететін, күндіз үйде болмай түнде жорытатын көкбөрі кезі. Ал қыз балалардың толған айдай толықсып, ақ сазандай бұлықсып, арулықтың кемеріне келген кезі. Алмадай пісіп, томпиып толған кезі.

Қазақ бұл жастағы ұл балаларды - "бозбала", "буыршын жігіт", "өр кез" деп атайды. Қыз баланы - "бүлдіршін", "бұла кез", "бойжеткен", "ару", "бикеш", "талшын қыз", "қырмызы", "гүл өмір" деп атайды.

Қазақ жиырма беске келген қыз бен ұлды бөрі мен қой деп қарайды. Сондықтан қыз бен ұлды бір үйге түнетпейді. Атам қазақта "Бүлдіршін қыздың бүлігінен сақта, бюуыршын жігіттің бұзығынан сақта" деп белгісіз себеппен некесіз жағдаймен қыз бен жігіттің ортасынан от алып кетуінен сақтанған. "Қыздың қырық жаны бар, оттан ыстық қаны бар, жақсы болса бойында айдай жарқыраған ары бар" деп, қызға ден қоя қарап отырған. "Судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді, жесір дауы  ел дауынан қиын, қыздың жолы - жіңішке" деп, екінші мүшелге толған қызды көзінің қарашығындай қорғай білген. Қазақтың байырғы салтында қызды жиырма беске толмай күйеуге беріп, ұзатып отырған. Жиырма беске толған қызды "марқа қыз" немесе "отырған қыз" деп қараған.

Ал жиырма беске толған жігіт "буыршын жігіт", "бұқа жігіт", "арда азамат", "жігіт ағасы", "сұлтан жігіт" деп, елдің, халықтың жүгін мойнымен көтеретіндігіне көздерін жеткізе отырып, осылай атаған.

Отыз жеті жас – үшінші мүшел

Қазақ есепшілері отыз жеті жасты үшінші буын өмірге жатқызады. Бұл кездегі азаматты "от жігіт", "шоқ жігіт", "орда жігіт", "орда бұзар жас", "оқтаулы жігіт", "арыстан азамат" деп атаған.

Отыз жеті жастағы азаматтың арыстандай болған кезі, ақылы таудай болып толған кезі, айласы арнасынан асқан, десі бәрін басқан кезі. Дене қуаты толық жетіліп, ақыл-ойы кемеліне келіп, ақ пен қараны айырған кезі. Төрт құбыласын түгел көретін, бес қаруы сай, ақылға бай кезі. Бұл кезде ақылы толмаса, ондай азаматты "ынжық", "түбіт", "шикі", "бота бірсек, босбелбеу" деп мін тағып, сын артады.

Отыз жеті жастағы келіншектерді қазақ "келіншек", "жас келіншек", "көктем келіншек", "уыз ана", "бал ана", "балғын қатын", "жас ана", "сырмал ана", "ақ қарын келіншек" деп атаған. Бұл кез келіншектердің белінен бесік исі бұрқырап, бауырында баласы шұрқырап, шұрайлана толған кезі. Бойы қуатты, омырауы суатты, қолы шебер, қойны жұпар аңқып ерлерді еліктірген кезі. 

Қырық тоғыз жас – төртінші мүшел

Қазақ есебінде адам баласының қырық тоғыз жасы - "төртінші мүшел", "төрт буынды өмір" деп есептелінеді. 49-ға келген адам ер болсын, әйел болсын, алмастан соққан қылыштай жарқылдаған кезі. Шапқан жерін кеседі, тиген жерін теседі. Бойы қуатты, ойы суатты болады. Бұл жастағы жігітті қазақ "ақберен жігіт", "қылыш жігіт", "октаулы жігіт", "қыршын жігіт", "төре жігіт", "қырық жас - қыршын бас" деп те атайды.

Ал бұл жастағы әйел адамды "от ана", "көктем ана", "сары қарын ана", "Қыдыр ана" деп есептейді.

Қырық тоғыз жастағы ер болсын, әйел болсын, "жерорта өмірі", "орта буын өмірі", "жас ортасы" деп қарағандықтан, бұндай адамдар толғанып сөйлейді, ойланып істейді, он ойлап, бір пішеді. Төрт төңірегін күзетеді, сара жолын түзетеді. Артық жол баспайды. Осыған қарап, қазақ бұл жасты кейде "таразы өмір", "безбен тіршілік" деп те жатады.

Біз соны білуіміз керек. Ұзақ тарих, өмір тіршілігі аясынан қорытқан тәжірибесінде 49 жас, яғни төртінші мүшелі адам өмірінің аса қатерлі шағы деп есептелінеді. Неге екені белгісіз, көп пенделер осы 49 жасында ауырмай, сырқамай, тұтқиылдан дүниеден өткенін көп жұрт жақсы білген. Сондықтан төртінші мүшел өмірде көп садақа беру, сақсынып жүру, қатерлі жерлерге бармау, жылдар бойы алыс сапарға шықпау, адамдармен ренжіспеу, отбасының берекесін сақтауға көптен-көп мән беретін болған.

Қырық тоғыз жастағы ер болсын, әйел болсын, өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты, төркін жұрты, ел-жұрты, дос-жарандарымен береке-бірлікте өтсе, қауіп-қатерсіз болады. Бағы өрлеп, бақыты жанады. Дәулеті көтеріліп, абыройы өседі деп қараған.

Алпыс бір жас – бесінші мүшел

Қазақ есебінде адам баласының алпыс бір жасы - "бесінші мүшел",  "бесінші бунақ өмір" деп аталады. Алпыс бір жасқа келген  ер болсын, әйел болсын, ақылы толған, мінезі орныққан, жеңілтек сезімнен, көбелек көңіл-күйден әбден тазарған, ары жарқылдап айдай толған кезі деп қаралады.

Қазақ бұл жастағы ер адамды "ата жасы", "ақыл жасы", жұрт ағасы", "дана жас", "атан жас", "ақберен жас", "ақ сүңгі жас" деп қараған. Сондықтан қазақта "Алпыстан асқаннан ақыл сұра, отыздағы жігіттен олжа сұра" деген тәмсіл бар. Тағы да қазақтың "Жігіттің алпысқа келгені - атан жігіт болып толғаны", "Алпыс - тал түс", "Алпыстағы адамнан бата алған жанның бақыты жанады, тоқсан тарау жолы жақсылыққа ашылады" деп, алпыс жастың қадір-қасиетін, өмірдің қымбатын дұрыс бағалай білген.

Ал алпыс бір жасқа толған әйел адамдарды "ақ жаулықты ана", "ақ самайлы шеше", "ару ана", "ақ қарын ана",  "төр бәйбіше", "от анасы", "орда ақылы", "ауыл анасы", "ел анасы", "ақыл данасы" деп бағалаған.

Алпыстан асқан ананың ақ батасын Алла Тағала пердесіз қабыл қылады деп сенген. Анасы бар үйде қараңғылық болмайды деп білген. Үй құты анада, бағы шаңырақта, қорғауда ер адамда тұрады деп ырым еткен. Үлкен абыроймен сыйлап, құрметтеген. Жастар бетінен алмаған. Алдынан кесе-көлденең өтпеген. Қатты сөз айтып, қамықтырмаған. Себебі ана жолы - үлкен жол. "Ананың ақылы - халықтың нақылы" деп білген.

Расында, алпыстан асқан адамның өмір тәжірибесі мол болады. Әр басқан қадамын есептеп басып, есті тәрбие айтады. Қателік өткізіп алудан, ұятты істерден көш аулақ күйде өтеді. Бұл кез адам баласының өмірінің ең жоғары сапалы дәрежеге өткен, ары айдай толған, иманы кемеліне келген, өте дұғалы ауызды кезі саналады. Қазақта "Әке қарғысы - оқ, шеше қарғысы - боқ" деген мақал бар. Осы мақалдың түп-төркінінде шешенің шындап қарғамайтындығы, жүрегінің күн шуағындай жылы, мейірімді екендігі көрініп тұр.                                        

Жетпіс үш жас – алтыншы мүшел

Қазақ есебінде адам баласының жетпіс үш жасы - "алтыншы мүшел", "алтыншы бунақ өмір" деп аталады. Бұл кездегі ер адамдарды "жер орта жастан ауған жас, қарттық жас, ұлық жас, жетілген жас, жетелі кезең, жеті қырқалы шақ, өтпелі өмір" десе, кейде нашарлау шалдарды "таяқты өмір", "жемір шал", "қақпас шал" деп, мінездеме беріп жатады.

Ал енді бұл жастағы аналарды "асқар ана", "дана ана", "қарт ана", "сары қарын ана", "құт ана", "ақ шылауышты ана", "ақ самайлы апа" деп атайды.

Жетпістен асқан ата болсын, ана болсын, ауылдың құт-берекесіне санайды. Төрдің сәні, өмірдің мәні деп қарайды. Ауыр жұмысқа шекпейді, бетіне қатты сөз айтпайды, бұл жастағы ата мен ананың кәрін төксе, кәрін төккен адам оңбайды. Бастағы бақыттың қайтуы осындай ата мен аналарды ренжітуден, өмірдің қысқаруы, жолдың болмауы, бақтың байлануы, сордың қайнауы ата мен ананы өкпелетуден бастау алатынын ұмытпаған абзал. Қайта олардың батасын алып, көңілін тауып, қош етсеңіз, алдыңыздағы бар бақыттың қақпасы ашық тұрады.

Сексен бес жас – жетінші мүшел

Қазақ сексен бес жасты - "жетінші мүшел", "жетінші буын өмір" деп атайды. Бұл жастағы аталарды "сеңгір жас", "алып жас", "қарт ата", "әулие ата", "пір ата", "ел атасы", "қор ата", "ақсақал", "ақ ата", "жан ата", "шуақ ата" деп те атайды.

Ал жетінші буындағы аналарды "ақ шылауышты ана", "ұлы ана", "ақ самайлы ана", "қарт апа", "кейуана", "киелі ана", "мөлдір ана", "асыл әже" деп атайды. Бұл мүшелге жеткен ата болсын, ана болсын, үйдің құтына, өмірдің жарық шырағына, төрдің сәніне, өмірдің мәніне, ауылдың қазынасына айналған шағы. Әрбір бала, немере, шөбере, шөпшектерінің алдында тұрған ақ бастау өмір деп қаралады.

Қазақ - "сексен бес жас - сеңгір асу, селкілдек өмір, сақал-мұрты ағарған желпілдек өмір" деп тектен-текке айтпаған. Сексен бестен асқан қартты ажал 85 жерден аңдиды. Арты құз, алды жар, жолы тар, бақиға таяу тұрған шағындағы, батар күн алдындағы тіршілік иесін еш ренжітпеген оң болады. Сексеннен асқан ата  мен ананың батасын алу, бағып күту - бар ұрпақтың маңдайына тегіс жазыла бермейтін бақыт.

Тоқсан жеті жас – сегізінші мүшел

Қазақ есебінде тоқсан жеті жас - "сегізінші мүшел", "сегізінші бунақ өмір" деп есептелінеді. Бұл жасқа келген ата мен апаны қазақ "қақпыш буын", "ақтық буын", "қақсал буын", "қарт буын", "әулие баба", "кейуана", "киелі ана", "пір ана", "тау ата",  "орман ана", "баталы ғұмыр", "бақты өмір", "шырақты тіршілік", "көмбелі кезең", "кезең асқан жас" деп атайды.

Бұл мүшелге толған ақ ата мен ақ ананың бір кездегі таудай болған денесі тобықтай болып солады. Айдай толған ажарын терең әжім басады. Кезіндегі сері сезімі сірі ақылға айналады. Ақ таяққа таянады. Құлақтан азады, сөзден тозады. Төрінен көрі жақындайды. Көп нәрседен жиренеді, әлсіз күй кешеді. Осыған қарап оны кейде "қаңбақ шал", "қаңбақ апа" деп те жатады.

Рас, жүз жастық - бір ғасырлық ғұмыр кешіп, ұл мен қыз, немере-шөбере, шөпшектерініңм алдында, ажал аузында ақырғы сәтте отырған, ақтық демінен бата алған ұрпақтың бақыты бір ғұмыр жанады. Қарт ата мен ананың құты шаңырағына дарып, шырағы өшпес болады.

tengrinews.kz

Н. Үсенова