Қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары

Қазақ күнтізбесіндегі ай амалдары
Фото: massaget.kz. Константин Кикивидзе, countrynews.kz, phoebesdg.blogspot.com

Қазақтың этнографиялық мәдениетінің ең бір тылсым, құпиясы көп саласының бірі – күнтізбедегі аталған ай амалдарының мәселесі. Қазақ халқы күн мен айдың қозғалысын, көптеген жұлдыздардың туатын және бататын кездерін жақсы білген. Соның негізінде байтақ далада жол тауып, жыл мезгілдерін айырып, мал алу мерзімдерін біліп, уақытты есептеп отырған. Қазақ халқы табиғат құбылыстарын бақылай отырып, көпжылдық тәжірибелерін қорытып, ауа райын болжап астрономиялық түсініктері мен білімдерін жинаған. Жазба күнтізбесі болмаса да, жыл он екі айды өзінше зерттеп, өз ойларына түйген қазақ халықтары он екі ай ішіндегі әртүрлі амалдарды атадан балаға мирас қып, сабақтай білген. Амал ұғымы көшпелі қазақ тұрмысы мен дүниетанымында маңызды рөл атқарған. Қазақтың көне күнтізбесі бойынша амал дегеніміз – әр айда адамға, малға, егіс дақылдарына жайсыз және қолайлы жағдайларды межелеп отыру, әр өндіріс науқанын жүргізетін мезгілдерін белгілеу үшін жұмсалатын уақыттың жалпы атауы. Халық бір жыл ішіндегі айналмалы қар, жаңбыр, ыстық, суық, аяз, жел, боран сияқты құбылыстарды бір сөзбен амал деп атаған. 

Құс қанаты 

«Құс қанаты» ұғымы жыл құстарының көктемде келуіне және күзде қайтуына сәйкес келетін амал. «Құс қанаты» наурыз айының 26-28 күндеріне тиесілі. Көктем мен жыл басы наурыздың соңына қарай жылы жақтан құстар келе бастағанда қар аралас жаңбыр жауады, суық жел тұрады. Мұны халық құс қанаты деп атап амалға жатқызған. Құс жолынан адаспас ұғымы жыл құстарының келіп қайтуына байланысты қалыптасқан. Сондықтан наурыз айының соңғы күндері ауа-райы күрт өзгерсе, қариялар «Жарықтық, құс қанаты ғой, бұл» деп жатады. Ең алғаш өлкемізге келетін құстың бірі – қараторғай. Бұл кезде қайтқан құстардың сусылдаған ызғарынан күн суып, жапалақтап қар жауады. Мұны сол жылғы соңғы қар деп есептейді. 

Бесқонақ 

Наурыз айының соңы мен сәуірде боран соғып, жаңбыр жауып ауа-райы құбылса “бесқонақ” басталады. Бесқонақ – ежелгі түркілерде қолданылған, күн қозғалысына негізделген күнтізбе. Жыл ұзақтығын 12 айға бөліп және оған қосымша күндермен есептейтін күнтізбе ескі жылдың соңы мен келе жатқан ортасындағы аралық күндер қосымша күндерге саналады. Бесқонақ күнтізбесі қыпшақ, оғыз тіл тобына енетін түркі халқының күнтізбесіне негіз болған. «Бесқонақ» деп «өліараның» тууына дейінгі көрінбей тұратын күндерді, осы сәуір айында түсетін жауын-шашынды, суық, әрі лайсаң күндерді атап, халық осы бесқонақты күтіп, қатты сақтанатын болған, ол бес күнге созылады.

Кей жерде сәуір (көкек) айындағы бесқонақ амалы өтпелі, қазіргі малшылардың өздерін де күн райы қанша тамылжып тұрса да, жайлауға көшпеген. Өйткені бесқонақ амалы кезінде ең болмағанда үш-бес күндік суық, қар аралас жаңбыр болмай қоймайды. Бесқонақ өтісімен арқасын сәл де болса кеңге салып, көктемгі шаруаға дайындалады. 

Отамалы 

Отамалы сәуірдің онында кіріп, он бесінде шығады. Отамалы деген – оттың, көктің, шөптің амалы деген сөз. Өйткені, 3-5 күнге созылған осы амал кезінде, күн шұғыл суып қарлы жаңбыр жауады. Бөктерлерде едәуір қар да түседі. Артынша күн жылдам жылынып, ылғал мен топырақ қызуынан көк жапа-тармағай тебіндей бастайды. Осы амалға байланысты аңыз бойынша сіріңке жоқ заманда көрші ауылдан от алуға барған әйел қайтып үйіне жеткенше бұрқақта адасып, үсіп өледі. Осыдан отамалы атанған. «Отамалы – оңына бақса, от алғанша, терісіне бақса оталғанша» деген мақал бар. 

Қызырдың қамшысы 

Құстар жұмыртқалап болған соң, "Қызырдың қамшысы" амалы келеді. Сәуір айының он бесінен кейін алғаш рет найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанады. Осы кездегі найзағайдың жарқылын "Қызырдың қамшысы шартылдады, қыс біржолата кетті" деп есептеген. Сәуір айының соңында 2-3 күнге созылатын суық жел соғып, тобылғы жарған амалы басталады. Яғни бұл кезде де күн салқындап, жаңбыр жауып, күн күркірейді. Қариялар осы кезде тобылғының бүршік жаруы, яғни өсімдіктердің тамыр жаюы деп, «енді жерге көк шығады», – деп қуанады. 

Қызыл жұмыртқа 

Мамыр айының алғашқы онкүндігінде бір-екі күнге созылған суық болады. Бұл дала (су) құстарының жұмыртқасынан балапанын шығаратын кезі. Халықтың түсінігінше осы мезгілді «Қызыл жұмыртқа» деп атаған. 

Құралайдың салқыны 

Құралайдың салқыны шамамен мамыр айының жиырмасына қарай болады, яғни көктемнің үшінші айы мамырдың аяғына қарай қатты суық жел тұрады. Ол жерді біршама кептіргенімен, оны қатты суытып жібереді. Сол кезде тау басына бұлт төніп, аспан бұзылады. Бұл – аң төлдейтін мезгіл. Осы кезде киіктер лақтап болып, құралайын суық жерден тұрғызып, жүгіртіп өргізеді. Киіктердің төлдеуі екі-үш күнге ғана созылады. Мамыр айының аяғында болатын осындай суық күндерді "Құралайдың салқыны" деп атаған. Қазақтар құралайдың салқынын күтіп, одан да сақтанатын болған. 

Сартан-Зауза 

Сартан-Зауза амалы маусымның онында кіріп, он бесінде шығады. Сары атан түйеге мінген Зауза атты қыз құрбан айтта қыдырып, жолда үсіп өлген дейді. Содан Сартан-Зауза атанған. 

Үркердiң батуы 

Мамыр айының ортасына қарай үркердің аспанда мүлде көрiнбей кетуін қазақ есепшілері "Үркердiң батуы" деп айтады. Маусымның 24-де үркер таң ата батыстан көрінеді де, содан шілде айында 40 күнге созылатын ыстық басталады. Осы аптаты күндерге орай халық арасында "Қырық күн шілде" деп аталатын халықтық күнтізбелік атау пайда болған. Сонымен қатар, халық жұлдызшылары мен есепшiлерi "Үркер жерге түспей жер қызбайды" – дейдi. Жыл мезгілдеріндегі табиғи ерекшеліктерді Үркер жұлдызының қозғалысына қарап анықтаған. Үркер құрғақ жерге түссе, аңызақ жел көп болып, қуаңшылық болады, Үркер тасқа түссе, шіліңгір қатты ыстық болады, Үркер жерге түсерде қой қырқылады. Үркердiң толғағы аталатын амал мал-жанға жайлы кезең, шiлде айының орта кезiнде басталады. Бұл кезде үркер туады, жер құрғап, шөп буыны қатып, сарғая бастайды. Сондықтан қазақ есепшілері үркердің тууы мен батуын үнемі қадағалап, бақылап отырған, шаруашылық маусымдары соған сәйкестендірген. 

Таразының тууы 

Тамыз айының ортасында ауа райы салқын тартып, қою бұлт пайда болып, алғашқы күз нышаны бiлiне бастайды. Қазақ есепшілері бұл жұлдыздың шығуына қарап: «Таразы туса – таң салқын, бидай, тары піседі» деп тұжырымдаған. Осы кезеңді таразының тууы деп атайды. 

Мизам шуақ 

Қыркүйек айының екінші онкүндігінде салқын басталады, жаңбыр жауады, түнде шөп басына шық түседі, бірақ шуақты күндер де болады. Осындай ауа-райы салқын тартқан кезде далада ұзыннан-ұзақ шұбатылған мизамдар көрінеді. Суық кездегі мұндай жылы мезгілді мизам шуақ деп атайды. 

Сүмбіленің суы жүрді 

Сүмбіленің суы жүрді амалы тамыз айында болатын амал. Қазақ «Сириус» шоғыр жұлдыздарын «Сүмбіле» деп атайды. Сүмбіленің суы жүрмек, сондықтан "Сүмбіленің суы жүріп пе екен?" деп сұраған қазақ. Сүмбіле жаңбыры болып өткен жердің көдесінің түбі көк, малға от болады деп, жылқыны қыста сол жерге жайған. Халқымыз «Сүмбіле туса – су суыр» – дейді, яғни отын-су жинап, жылы үй дайындап, қыстың қамын ойластырған. Осы кезде суық күндер туып, жаңбыр жауып, күз басталады. 

Сүмбіленің тууы

«Сүмбіленің тууы» деген амал қыркүйектің соңғы онкүндігіне тұспа-тұс келеді. «Сүмбіле туар сүмпиіп, ат семірер құнтыйып» деген мақалда Сүмбіле туған соң жаз айы аяқталып, мал тынышын алатын шыбын-шіркей жоғалады. Шөптер пісіп, құндылығы артып, мал семіріп, жүндері жылтырай түседі. Бұл Орионның көкжиектен шығуы, жаздың аяқталғанын көрсетеді, яғни таңертең күн салқындай бастайды, ал Сүмбіле туғанда түнге қарай су қатты салқындайды. 

Киіктің матауы 

Күн үрлесін болып, айнала көзге көрінбей бұрқасындатып тұратын кезді киіктің матауы деп атаған. Ол он жеті тоғысқа (қыркүйектің аяғы, қазанның басына) сәйкес келеді. Бұл кезде киіктің (ақбөкен, қарақұйрық, киік т.б.) текесі үйірге түседі. Елік құралай лағын сәуірдің басында өтетін 5-10 күндік салқында өргізеді. 

Қазанның қағуы 

Қазанның қағуы амалы кезінде қазан айының ішінде күн суытып, қар аралас жаңбыр жауады. Бұл амалды қазанның қара дауылы деп аталады. Қазанның желі қаққан ащы шөптерді осы амалдан кейін қой, түйе малдары жеп ащылайды. Сонымен қатар қазан айында кіші қазан, үлкен қазан деп аталатын амалдары бар. Бұл екі амалдың да ұзақтығы он күннен арасына екі апта салып, кезектесіп келеді. Қарттарымыз бұл амалдардың кіруі мен шығуын ескі санат (юлиан) күнтізбесі бойынша есептеген. Кіші қазанда жел тұрып, күн суып, жаңбыр жауады. Тұщы шөптердің бояуы оңып қурайды. Ал ащылы шөптер: шағыр, сораң, қара жусан, алабота, т.б. пісіп, тұшиды. Қазақ бұл құбылысты «шөпті қазанның қағуы» дейді. "Қазан қақпай мал жемейді" деген сөз бар. Сондықтан мал өсіретін ел бұл шөптерді "қазан қақпай" шаппайды. Себебі, қазан қақпай шабылған ащылы шөп малдың ішіне тиеді, ас болмайды. Ал үлкен қазанда қар аралас жаңбыр жауады, қатты ұшырма жел болады. Өсімдік атаулы түгелге дерлік қурайды, яғни көктемде бой алып өскен өсімдік атаулы қара отқа, бойында нәрі жоқ өлі шөпке айналады. Байырғы кезде қазақтар үлкен қазан амалы жақындағанда-ақ кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарды өріске жібермей, ауыл маңына ұстайды және олардың ішінен қазан асын соя бастайды. 

Қарашаның қайтуы 

Қараша айы туысымен құстар жылы жаққа қарай ұшып, алғашқы қар түседі, күн суып, өзен, көлде мұз қатады. Қарашада құстардың қайтуына, қараша айының қайта келуіне байланысты жылдың осы мезгілін «қарашаның қайтуы»деп атаған. Бұл кезде солтүстікте қыс ерте басталып, күн суытады. 

Қырбастың қызылы 

Желтоқсанның басында болатын алғашқы аязды жұрт «қырбастың қызылы» деп атайды. Сарыарқада қыс ерте түсіп, қатты аяздар, бұрқасын борандар басталады. Желтоқсанның соңғы онкүндігіндегі киік текесінің маталып, ұрғашысын қашыратын кезі. Бұл онкүндікте қатты боран соғып, киіктер екі-үш күн ішінде толық маталып болады. Сол себепті мамыр айының аяғында да киіктер екі-үш күннің ішінде лақтап, балаларын өргізеді. 

Қыс шілдесі 

 Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне енеді. Сақылдаған сары аяздар келіп, қыстың нағыз өз күшіне енген уақытын «қыс шілдесі» дейді. 

Бөрі сырғақ 

Бөрі сырғақ – күн қайыру мен ауа-райын болжау танымындағы амал атауы. «Ат құлағы көрінбейтін борандар» осы уақытта күш салады. Ай аяғындағы қарлы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көпті көрген көне көздер бұл амалдың «бөрі сырғақ» деп аталуы да осыдан шыққанын айтып отыратын. 

Ақпан-тоқпан

Ақпан-тоқпан – ақпан айында болатын амалдың атауы. Бұл амал кезінде 3-7 күндік қатты суық болады. Ол өткеннен кейінгі құт айындағы ауа райын түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз деп те атайды. Яғни күннің көзі шуаққа толып, ашық күндері түс қайта жіпсіленденіп тұратын жайын суреттеген. Халық аңызында Ақпан-Тоқпан есімді ағайынды екі жігіт кезекпен қой бағады екен. Ақпан қой жайған күні ауа-райы кенеттен бұзылып, қоймен бірге далада үсіп өлген. Сол қыс жұтқа айналып, содан ақпан амалы қалған.

Қазақ есепшісі ақиқат дүниеден, табиғи ортадан әртүрлі ақпарат алады, оны өңдейді, өзінің іс-әрекетінде, қызметінде оны қолданады, дамытады. Байырғы заман есепшісі жер бетіндегі табиғат құбылыстарының алдымен қайталанып отыратын ерекшеліктеріне (циклдік сипатына) ерекше назар аударған: күн суытады, жер бетін қар басады, күн жылиды, қар ериді, көк шығады, жердің оты піседі, шөп басы толады, шөп сарғаяды, жердің оты кетеді, күн суытады, қар түседі. Бұл амалдар белгілі бір мезгілде болатын әр жыл сайын дәл сол кезде тұрақты қайталанып отыратын елеулі ауа-райы құбылысы. Әр құбылыстың өз мезгілі болады. Ертедегі қазақ есепшілері осы қайталама құбылыстарды мезгілге бөліп, оның қайталама сипатын аспан денелерінің қозғалысымен байланыстырып отырған. Сөйтіп, күнтізбе жүйесінің алғышарттарын жасаған.

Massaget.kz