«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Ұрпағын жақсылық пен қайырымдылық жасауға, бір-біріне мейірімді болуға шақырған. Алған жақсылықтың игілігін де беруге тырысқан. Үлкен кісілер көмек жасаған адамға бата беріп, бақыт тілеп жатса, кішілер жағы бір-біріне алғыс айтып, ризашылық білдіреді.
Кездескен адамдар бір-біріне «Ассаламауғалейкүм!» деп амандасып, сәлем береді. «Сізге де нұр жаусын» деген мағынаны білдіреді. Ал сәлем алушы жағы «Уағалейкүмсалам» деп сәлемін қабыл алады. Бұл «Өзіңізге де нұр жаусын» деген сөз.
Біреуге ризалық, алғыс айту үшін «рахмет» деп айтады. Қолғабыс, көмек, жәрдем бергендерге «Бақытты бол», «Өмірің ұзақ болсын», «үбірлі-шүбірлі бол» деген тілектер білдіреді. «Көсегең көгерсін!», «Көкте!» деген де тілек бар.
Көмек сұрағандарға міндетте түрде жәрдем жасаған.
Көмек көрсетіп, мейірімділік танытқан жастарға ризашылық білдірген қариялар:
Дәулетің көп болсын,
Перзентің көп болсын.
Басың көп болсын,
Асың көп болсын,
Жасың көп болсын,
Досың көп болсын! – деп бата беретін болған.
Ал қариядан бата алған жастың қуанышында шек болмайды. Бата көп алған сайын, жолың да тез ашылады. Бата, алғыс алуды әрбір қазақ баласы бақыт санаған. «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» дейді халқымыз.
Өртте, індетте, апатта мал-мүлкі шығын болғандарға бүкіл ауыл, туған-туыстар міндетті түрде көмек көрсетеді. Асарға шақырған кезде қалыс қалу – ұят іс.
Туыс, жегжат адамдар қуанышты, қазалы күндерді бірлесіп көтереді, ат салысады, көмек береді. Бұл – ағайыншылдық пен туысқандықтың белгісі.
Қарттарға сәлем беру, науқастың көңілін сұрау – азаматтық үлкен міндет. Ауырған адамның көңілін сұрау – үлкен адамгершілік.
Ал жастардың ісіне көңілі толып, оның көмегіне риза болған қариялар олардың арқасынан қағып, ризашылық білдіреді. Бұл жастардың істеген ісінің дұрыс екенін көрсетеді.
Жігіт қызға, жас палуан қарт палуанға, жас ақын аға ақынға жолын береді. Бұл – мәрттіктің, қазақы қалыптың шын белгісі. Азаматтың мәрттігі мен жомарттығына риза болғандар алғыс білдіріп жатады.
Үй иесі қонақ аттанарда одан «Бұйымтайыңыз бар ма?» деп сұрайды. Бұл «қонақтың қалағаны, тілегені бар ма?» деген сөз. Қонақтың тілегін орындау парыз. Халқымыз қонақтан да алғыс алып қалуға тырысқан.