Дана халқымыз қай дәуірде болса да болашақты болжай білетін көріпкелдігімен, көрегендігімен өзге жұрттан ерекшеленіп тұрған. Бұл ұлттың бағына орай қанға сіңген тектілік болса керек. Сайын далада көшпелі ғұмыр кешіп, қиын-қыстау заманда арып-ашып, жалаң аяқ ел кезіп, қос табаны тілімденіп, бодандықтан, езгіден әбден зардап шеккен халық Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның таңы қашан атар екен? деп армандапты ғой. Қой жылында сол таңның шуағы төгілді. 1991 жылдың желтоқсаны қазақ қанша ғасыр армандаған Тәуелсіздік атты бақты, бабалар армандаған ұлы сәтті алып келді. Тәуелсіздік жолындағы күрес бұл бір үлкен майдан. Майданда қарсы келгенді таптап, жапырып соңында тұғырлы туға жеткенде ілулі тұрған жалауды құлатып, өз туыңды қадауың керек. Бұл майданда біз жеңімпаз болдық. Өз байрағымызды қалықтаттық. Бірақ, осы күнді көре алмай жарты жолда қаны атқылап көз жұмғандар қаншама?! Хас батырға оңы да, солы да бір деген бағзыдан келген текті сөз текке айтылмаған. Қазақ Тәуелсіздік алған жылда өзге жұрттан жүйрік болды. Демек біздің халыққа да оң-солы бір болып тұр. Тіпті, қазақ деген сөздің өзін алып қараңыз. Оңынан оқыңыз, сол жағынан бастап оқыңыз бір сөз. Қазақ деген сөздің өзі ұлттың айнасы болып тұр. Ол аз десеңіз Тәуелсіздік әперген 1991 жылды оңынан да, солынан да оқыңыз. Бұл бір тарих толқынындағы жай ғана сәйкестік емес... Тәуелсіздік жайлы айлы түнді тербетіп, таңды-таңға ұрып айтар әңгіме көп. Тоқсан бірде қараңғы бұлттың артынан шуағын шашып күн шығып, қазақ еліне сағымдай болған ашық аспан көрінді. Егер, қиялға ерік беріп айналадағы, қоғамдағы әрбір ұғымды түске теңер болсақ, онда Тәуелсіздік деген сөз қазақ үшін көк түсті білдірер еді. Неге көк? Себеп көп. Тәуелсіздік таңы атты деп көк бөріні аспанға атқан кім? Көкбөрінің ұрпағы. Көк аспандай биікте болуды алға тартып, көк туды желбіреткен де түп атасы көк көзді болған біздің қазақ. Жаңа жылын түннен күн ұзарып, жерге көк шығып көктем орнағанда тойлайтын да біздің жаңбырмен жер көгеретінін нақыл қып, батамен ел көгерткен көшпенді бабаларымыз. Қазақтың қандай текті халық екенін, туған мекенін сағынса, қазір тұрған жерінен елге қашып келетін жануар сияқты жылқы мінезді екенін санадан шығармау керек. Қазақтың қанына сіңген құндылығын, өзгелерді шаңына ілестірмес кей қасиеттерінің ұлылығын біліп, бағалау керек. Жас ұрпақты басынан бағы тайған батыстың методикасымен тәрбиелеудің қажеті шамалы. Түпкі мағынасы тәрбиеге, тәртіпке негізделген қазақтың ұлттық салт-дәстүрі мен ырым-тыйымына сүйене отыра баланы тәрбиелесек, ертеңгі елдің нанын емес, қамын жейтін ұрпақты жасап шығаруға болады. Дайындаған: Аслан Қажиев