- Негізгі бет
- Түп тамыр
- Қамшыны қалай өреді?...
Қамшыны қалай өреді? Қамшы сыры
Қазақ халқының мәдени-тұрмысында, салт-дәстүрінде, рухани зердесінде қамшының алатын орны ерекше. Қамшы өнер туындысы, сый-сыяпаттың төресі, ер жігіттің серігі, айбыны, шаңырақтың киесі, тіпті, кейде батырдың қаруы да болған. Оны жай ғана ат айдайтын құрал деп айта салу ағаттық.
Осы сөзіміздің дәлелі бола алатын «Ақ дариға» әнінің мына бір шумақтарына назар аударып көріңізші:
Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі,
Айтайын мен бір сөзді күлдіргелі.
Орныңнан әрі отырған, ахау, бермен отыр,
Қолымда қармағым жоқ ілдіргелі-ай.
Ауылда өскен әрбір қара домалақ қазақ атқа мінбес бұрын қамшыны қолға алады. Мейлі, қолға алмағанның өзінде үй төрінде ілулі тұратын осы бір бұйымның атауының нені білдіретінін ойлап көрдіңіз ба?
Қамшы сөзінің шығу тегі туралы бірнеше нұсқалар айтылады. «Қамшы» сөзіндегі "қам" түбірі қазақ тілінде бірнеше ұғымға ие. Қам – шикі, шылғи, шала, қам-қарекет, қимыл, айла, тәсіл, амал, қам-уайым, қайғы, қамығу, қам-қамдану, әзірлену, даярлану. Әрі қарай: қамба, қамау, қамал, қамту сөздері мен терісі құнды аңдар қама, қамар, қамшат; қымбат маталар – қамқа, қамқап болып келеді де, барлығының түбірі қам деген сөзден түзіледі. Қамшы өрімі иленбеген шикі, шылғи теріден де өріле беретіндіктен әрі кейде бір ұғым беретін осы сөздер қосарлана айтыла беретіндіктен: қам – шикі, қамшы, қам – шылғи-қамшы түрінде қамшы сөзі қалыптасты деген тұжырымдар бар.
Нағыз қамшы әбден иленген сиыр терісінен 3 таспадан 40 таспаға дейін өріледі. Таспа неғұрлым көбейген сайын жіңішкере береді, әрі ажарлана, күрделене түседі. Бір қызығы, дәл осы өрімге байланысты қамшының бірнеше түрі, яғни, бірнеше атауы бар. Мәселен, ат қамшы, дыр қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, дойыр қамшы, дүре қамшы, ұзын қамшы, шолақ қамшы, сары ала қамшы, білеу қамшы, орама санды қамшы, мүйіз сапты қамшы, киелі қамшы, қасиетті қамшы, тобылғы санды қамшы, шашақты қамшы, бала қамшы, құрау қамшы, шыбыртқы қамшы. Шеберлер бұл бұйымның басына күміс, жез, тері секілді мойнақ салады. Осы қасиетіне орай, күміс мойнақ, жез мойнақ, сара ала мойнақ, ақ мойнақ қамшы деген түрлері бөлініп шығады. Білекке, ер басына, керегеге іліп қою үшін саптың дүм жағынан бір тұтамдай қалдырып, тесіп, қайыстан бүлдірге өткізеді. Қазақ ауылдары осындай тамаша бұйымды жасап шығаратын өрімшілерді ерекше қадірлейтін болған екен.
Қамшының түрі мен атауының сырын біліп алсақ, құрамын тарқатып көрейік. Қамшының бөліктері: өрім, сап, бас, дүм, алақан, бүлдірге, орам, кежеге, шежемей, айдар, мойнақ, бүркеншік, бунақ, бауыр, шашақ, өзек, түйін, шығыршық, топшы, түйнек. Осылардың ішінде қамшының сабына ерекше көңіл бөлінеді. Оны тобылғыдан, ырғайдан, еліктің, киіктің сирағынан, мүйізінен, таутекенің мүйізінен жасайды. Әсіресе, елік, керік сирағынан металлмен, терімен мойнақтап, орам салып, шашақталған қамшылар өте жоғары бағаланады, көптің қолы жете бермейді. Негізінде, сап үшін ең көп қолданылатын ағаш – тобылғы екен. Мұның бояуы да, беріктігі де, әдемілігі де бар. Қызыл түсті бояуынан жасалған қамшы көзді тартады. Ерте кезде осындай қамшымен қызға барған серінің абыройы асқақтап, құрметке ие болған көрінеді.
Қамшының мырзалыққа жақындығы бір бөлек, ал күнделікті тұрмыс үшін қызметі бір бөлек. Халқымыз қамшыны мал айдауға, ұрыста, соғыста қару орнына пайдаланды деп жоғарыда айтып кеттік. Бұлар: дыр, дырау, дойыр қамшылар. Олардың өрім өзегіне темір, ұшына қорғасын орап өрген. Сабы да жуан, қатты ағаштан жасалған. Кейде бұларды екі-үш жерден үзбелете өрген. Мұндай қамшының күшімен жылқылар ғана емес, атан түйелер мен өгіздер жүріп кетеді екен. Көпті көрген қариялар: «Дыраумен бір тартқанда адамға шабатын бура да, көкжал қасқыр да орнынан тұра алмай қалған» - деп жатады
Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, ережелері болады. Мұны да білген жөн. Қамшы әрдайым оң қолға ұсталу керек. Жайшылықта қамшыны екі бүктеп ұстайды. Қамшы өрімін салбыратып ұстау дұшпандық, әдепсіздік белгісі деп танылған. Сондай-ақ, жөн, жол көрсеткенде де саусақпен емес, қамшымен нұсқайтын болған. Қамшыны сыйға тартқан кезде кісінің қолына ұстатпайды, жерге тастаудың мәні береке-құт бірге кетпесін, ұшығы жерде қалсын, салмақты жер ғана көтереді дегіндігі. Қазақта қамшы ұрлау үлкен қылмыстың бірі саналады.
Білесіз бе, біздің халқымызда "Қамшы ойыны" деп аталатын күрделі спорттық ойын да болған. Қолынан қамшысы түспейтін қазақтың бұл тапқырлығы сізді таңдандыра қоймас. Ал қамшыгерлік өнері туралы білетініңізге сенімсізбіз. Яғни, адамдар қамшының көмегімен өнер көрсеткен. Төрт жақтан керілген өгіз терісін қамшымен бір тартқанда тіліп түсіру, жаугершілікте, ұрыс-жанжалда жауын қамшымен сатып алу, қасқыр соғу қамшыгер абыройын арттыра түседі. Қазақ жазушыларының шығармаларында осы өнер түрі жақсы суреттеледі. Мұнан басқа, құдалық жол-жоралғыда "қамшы қайтару" деген салт бар. Дәстүр бойынша, қыз айттыруға келген жігіт жағының басшысы (жігіттің әкесі, «жаушы» т.б) қамшысын қыз үйінің төріне іліп кеткен. Егер қыз әкесі келісімін бермесе, көп ұзамай қамшыны иесіне қайтарып жіберген. Ал ұл баланы "атқа мінгізу" ғұрпында бәсіре атқа ашамай ерттеп мінгізіп, аяғын тепкішекке сұғып, қолтырмаш ағашпен екі қолтығынан сүйемелдеп танған соң ақсақалдар бата беріп, баланың қолына аттың тізгіні мен қамшы ұстатады. Жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашатын кездер де болған.
Дала қазағының өмірінде өшпес ізін қалдырған қамшының осындай ерекшеліктерін білу, өзгелерге насихаттау әрбір қазақ үшін маңызды міндет деп білеміз.