Наурыз айы – халықтық күнтізбедегі жылдың басы айы, көктемнің бірінші айы, ал қолданыстағы күнтізбе бойынша жылдың үшінші айы.
Наурыз айының басында күн жылып, қыс бойы жатқан жолдас қардың көбесін көгетін алтын күрек жел еседі. Қар кеткен жерлерде көк шыға бастайды. Қар астынан қылтиып бәйшешек шығады. «Былтыр көрген кісім әлі жүр екен» демесін деп, алғаш көрінген бәушешектің бірін рымдап жұлып тастайды. Жыл құстарының ішінде көктемнің хабаршысындай болып алдымен келетін сарбауыр көкала торғайды түстік жақтарда наурызек, наурыз торғай деп атайды. Наурыз айындағы «елжіреген» күннің көзіне малшы, егінші қауым аса сене бермейді.
Наурыз айының әсіресе алғашқы онкүндігі халық тілінде түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз; ая мейіз алты күн, қырналса қатты күн деп сипаттайды. Қра күрт еріп, жер лайсаң тартып жатқанмен, артынша-ақ алай-түлей қар борап аласапыран болып кетеді. Наурыз айының 10-15-терінде өтетін бұл амалды халықтық метеорологияда отамалы деп атайды. «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін» деген отамалының серті бар деседі есепшілер.
Малшы қауымның қарбаласқа толы тыным көрмейтін шағы наурыз айында басталады. Қой түлігі наурыздың ортасынан аса жаппай төлдей бастайды. Оны қой төгіні деп атаған. Төгіндегі қозыны тәрбиелеуге келетін сақпаншылар жаңа туған қозының аузын үкіп, аяғын сырып жылы орныға жайғастырады, шаранасын жағып енесіне табыстырады.
Егіншілер дән себетін егістік жерін баптап, тоған, арық-атыздарын тазалайды, атыздағы көтермелерін топырақ үйіп жаңартады.
Саятшылар құс салмайды, аңшылар аңға шықпайды.
Көктемнің бірінші айы қазақ жерінің әр өлкесінде әртүрлі: амал айы (батыс қазақтары), отамалы (арқа қазақтары), көкек (жетісу қазақтары). Алайда бұл ай наурызда өтетін мейрамның атымен аталып, жалпыхалықтық сипат алды.
Наурыз (араб. хамал) – жыл басы болып саналатын бірінші ай. Мәшһүр Жүсіп «Хұт тамам болды, ескі наурыз өмірін тауысты» деседі. Екі наурыздың арасы үш жүз алпыс бес күн», – дейді. Көне түркі деректерінен де табиғаттың қайта түлеуі, көктің бүршік атып, айнала қоршаған тіршіліктің жаңа өмірге қадам басуы көктемнің алғашқы айы екені белгілі. Ал парсы тілінен енген наурыз атауы осы айды білдіргенмен, Н.Уәлиұлының айтуынша, негізінен мереке атауын білдіруге негіз болады. Нау «жаңа» деген мағынаны білдіретін сөз болса, руз «күн» деген ұғымды білдіреді. Жылдың бірінші айы атануы, сондай-ақ «жаңа жылдың» енуін білдіретін белгі (мереке) атауы ретінде де қолданылуы өзара сабақтасып, бірін-бірі толықтырып тұрғаны байқалады.
Парсы күнтізбесінде наурыз айдың аты емес, жыл басындағы бір күннің аты болып саналады, ал жыл басындағы айдың айы басқаша аталады. Бұл жаңа жыл келгенін байқататын нышан-белгі ретінде тек мереке атауы ретінде ғана танылатынын байқатады. Ал қазақ күнтізбесінде ай ретінде атауының басты себебі, «Наурыз» мерекесін қыс бойы дайындалып, асыға күткен қазақ халқының бүкіл бір ай бойы тойлайтын әдетімен байланысты болса керек.
Әуелде наурыз айдың аты емес, жыл басы мейрамының атауы болған. Қазақтар наурыз мерекесін тойлау дәстүрімен байланысты ай аты ретінде қолдануды дәстүрге айналдырған.
Ақын Е.Өтетілеуовтің күнтізбе тақырыбына жазылған өлеңдерінен алынған он екі айға қатысты мысалдар әр айдың сипатын дәлме-дәл беріп отырған:
Белгісіндей өткен күн
«Амал» аты қалыпты.
Наурыз – басы көктемнің,
Сүйікті айы халықтың.
«Түске дейін мүйіздей»,
Қар қатпақ боп бағады,
«Түстен кейін киіздей»
Босап, бұлақ ағады.
Күн күлімдеп таранар,
Табиғаттың шартымен.
Бұл өлең жолдарынан халықтың наурызды көктемнің басы деп құрмет тұтып, қадірлегендіктен, жылдың бастауы ретінде ай атын бергенін көруге болады. Бұл айда амал, көрісу сынды батыс қазақтарына дәстүрінде қалған амалдар бар.