Қазақ – ежелден мал шаруашылығымен айналысқан халық. Ғасырлар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі бар олар мал өрісін, тіршілік табиғатын, қадір-қасиетін әбден танып білген. Тіпті, малдың айрықша қасиетін, ерекшелігін танитын сыншылар да шыққан. Сөйтіп халқымыз өзінің тіршілігін, шаруашылығын осы мал өсірумен байланыстыра жасаған.
Мал өсіруге аса қолайлы Қазақстан жерін малсыз елетету мүмкін емес. Мал шаруашылығы еліміз үшін аса маңызды шаруашылық болып қала бермек. Олай болса, кейінгі жастарымыз қасиетті төрт түлікке қатысты ұғымдар мен халықтың бай тәжірибесін ұмытпауы тиіс.
Жылқы – малдың патшасы
Құлын, құлыншақ – жылқы төлі
Жабағы – бір жылға дейінгі төл
Тай – екі жастағы жылқы
Құнан – үш жастағы жылқы
Құнажын – үш жастағы ұрғашы жылқы
Байтал – төрт жастағы ұрғашы жылқы
Сойтал – төрттен асқан жылқы ұрғашысы
Дөнен – төрт жастағы еркегі
Бесті – бас жасар еркек жылқы
Айғыр – аталық жылқы
Сәурік – жас айғыр
Бие – аналық жылқы
Қулық – алғаш құлындағын бие
Қысырақ – үйірге алғаш қосылған жас мал
Мама бие – көп құлындаған жуас бие
Бедеу – құлындамайтын жылқы
Ат – ақталған (кестірілген) еркек жылқы, мініс ат
Түйе – түлік төресі
Бота, ботақан, көшек – түйе төлі
Бүлдіршін – екі жасар ұрғашы түйе
Тайлақ – екі-үш жасар еркегі
Бұзбаша – үш жасар ұрғашы түйе
Буырлыш – төрт-бес жасар ұрғашысы
Буыршын – төрт-бес жасар еркегі
Бура – аталық түйе
Інген – аналық түйе
Атан – ақталған (пішілген) түйе.
Сиыр атаулары
Бұзау – сиыр төлі
Баспақ – алты айға дейінгі төл
Арда, торпақ – бір жылдық төл
Тайынша – жастан асқан еркегі
Тана – жастан асқан ұрғашысы
Қашар – екі жасар ұрғашысы
Құнажын – үш жасар ұрғашысы
Дөнежін – төрт жасар ұрғашысы
Өгіз – пішілген мал. Бұлар жасына қарай өгізше, құнан өгіз, атан өгіз болып аталады
Бұқа – аталық
Сиыр – аналық
Сауын сиыр – сауылып жүрген сиыр
Саулы сиыр – бұзаусыз сауылатын сиыр
Бұқаша, бұқашық – жас бұқалар
Қашақ – жиі қашатын, яғни, бұқаға тоқтамайтын сиыр.
Қой атаулары
Қозы, қошақан – қойдың төлі
Көрпеш – есейген қозы
Көбеген – төл басы, ерте туған қозы
Көпей – кеш туған қозы
Марқа – қозының марқайған кезі
Бағлан – семіз марқа
Тоқты – жасы алты айдан асқан ұрғашысы
Тұсақ – жастан асқан ұрғашысы
Ісек – тарттырылған (пішілген) қой
Құнан қой – үш жастағы піштірілген еркек қой
Дөнен қой – төрт жастағы піштірілген еркек қой
Азбан – тарттырылған қошқар
Қошқар – аталық
Саулық – аналық қой
Ақауыз қой – әбден семірген бойдақ қой.
Ешкі атаулары
Лақ – төлі
Бөрте – алты айлық төл
Шікіраз – жасқа толған еркегі
Туша – жасқа толған ұрғашысы
Шыбыш – екі жастағы ұрғашысы
Ешкі – аналық
Серке – бес-алты жастағы тарттырылған теке. Серке қой бастайды.
Серші – жасқа толған тарттырылған еркегі
Теке – аталық.