Қазақ ертегілік және архаикалық эпосындағы ағалы-інілі кейіпкерлер және батыс қазақтарымен көршілес башқұрт, татар халықтарының эпосындағы екі батырдың аттары Еділ мен Жайық деп аталады. Еділ мен Жайық осы халықтар мекендейтін аймақтағы екі үлкен өзеннің атауы болып табылады. Батыс Қазақстан жеріндегі Шыңғырлау, Торатбасы, Қыземшек сияқты топонимдерге қатысты аңыздар да осы екі батыр есіміне байланысты. Эпоста екі батыр дәулерге қарсы соғысады. Ал бір аңызда олар ағайынды аңшы жігіттер болып баяндалса, енді бірінде Еділдің орнына Тоқтағұл есімді батыр Жайықтың ағасы болып жүреді. Бір аңызда аң-құсты аяусыз қыра бергені үшін Құдай Жайықты жазалап, тірілей жерге көмгені айтылады. Башқұрт эпосында Урал батырдың төрт ұлы бар, олар Сақмар, Нугуш, Идел, Яик; Эпостық Идел-Еділдің ұрпақтарынан жеті батыр, жеті ру өрбіген, олар қыпсақ, қатай, түкләс, тамиан, юрмат, табын рулар. Бұлардың кейбірінің аты қазақ ру есімдеріне ұқсас екенін байқауға болады. Еділ мен Жайық ежелгі түркілік егіздер мифологиясының кейіпкерлері, егер алтайлық сібірлік түркілер дәстүрінде оларда дуалистік сипат болса, қазақ-башқұрт дәстүрінде олар тек эпос кейіпкерлері ғана. Бұл сірә, екі өзен Еділ мен Жайықтың соңғы аталған халықтар өміріндегі маңыздылығына байланысты болса керек. Жалпы айта кетер жәйт, қазақ дәстүрінде табиғи объект өзенді адам бейнесіндегі кейіпкер деп есептеу тек осы екі өзенге қатысты. ал қазақ жерінің басқа бірде-бір өзені мұндай кейіпке ие бола алмаған. Егер башқұрт эпосындағы Урал, Идел, Нугуш, Сақмар, Яиктың нақты табиғат объектілерінің атауы екенін ескерсек, Еділ-Жайық ареалында сонау қыпшақ дәуірінде, тіпті протобұлғар-угор дәуірінде-ақ өзенді жанды тұлға деп есептеу салты болған-ау деп шамалауға болады. Ал ежелгі скиф дәуіріндегі өзенді тәңір деп есептеу (Борисфенис, Араке, Танаис) салтын, сондай-ақ қыпшақтармен туыс, ақпараттық мұра сілемдері кішіжүздік телеу (арғымақ немесе аруғ имақ, ертедегі қимақ бірлестігіндегі иемақ тайпасы және теле бірлестігінің есімдік мұрагерлері болып есептеледі) руынан табылатын қимақтардағы Ертісті тәңір деп тану ғұрпын осы үлкен көшпелі аймақта ежелден келе жатқан сабақтастығы бар мифтік дәстүр деп қабылдаудың реті бар. Сонымен, Еділ мен Жайық мифтік егіздер, бірақ көбіне Жайық есімі жиі қолданылады. Алтайлық мифте Жайық бас тәңірдің, не болмаса бас тәңірдің ұлының есімі болады. Мысалы, тува мифіндегі Яйык бас тәңір Үлгеннің ұлы, телестерде Кан Джайык тәңір ұлы, телеуттерде Яяче (Джайяшы) ғалам жасаушы, т.б. Еділ мен Жайық ежелгі космогониялық мифологиядан деуге негіз бар, Саян өңіріндегі Туба өзені маңындағы жартастағы жазуда кездескен: Теңрім өзүк бізке Иділ йерім а беңгү бол яки Тәңірім бізге пана бол Еділ жерім мәңгі бол, деген жолдардағы Еділ сөзін осы еділдерге қатысы бар деп есептейміз. Мұндағы Еділ жер көне түркілік жер су образына ұқсас образ екендігі көрініп тұр. Еділ Ител Атыл сөзінің этимологиясы от және ыл су ылғал сөздерінен тұрады деп қабылдауға болады, яғни бұл сөздің архаикалық мәні от пен су бірлігі немесе ажыратылмаған ғалам. Алғашқы суларда жүзген от күнтекті тумақ болған, кейін, дуалистік сипатының күшеюіне байланысты Еділ есімі төменгі, су дүниесінің тұлғасына айналған, бұған, сірә, нақты Еділ өзенінің аты ықпал етсе керек. Еділдің шежірелік орны мифтік су иесі образына тікелей қатысты, біз келтірген башқұрт жетіруының атасының Еділ болуы да ең алдымен Еділді су иесі деп түсінуден шыққан. Осы трафарет (су иесінің міндетті түрде жеті баласы болуы керек деген) осы аймақтағы кавказ, түркі. финн-угор халықтарына тән, бұл трафаретке осы өңір қазақтары да ие. Оған мысал ретінде әртүрлі мифтік-шежірелік материалдан үзінді келтіруге болады: Бірінші Қырым цикліндегі Асан қайғы су перісінің қызын әйелдікке алады, әлгі қыздың жеті ағасы бар, яғни су иесінің жеті ұлы бар; Екінші Кіші жүздегі жетіру бірлестігінің шежіресінің жоғарғы мифтік деңгейі ортағасырлық қимақ немесе имақ ақпараты негізінде жасалған, яғни ертедегі теле этнонимінен телеу руының аты қалса, имақ этнонимінен аруғ имақ Арғымақ ата есімі сақталып қалған. Ортағасырлық қимақтар да өздерін су иесімен таратып, жеті руға бөлсе, қазіргі жетіру өздерін Арғымақ атадан таратады. Үшінші - Жайық сөзінің алғашқы түбірі де осы сөзді талқыламас бұрын прототүркі тілінде от сөзінің ат деп айтылу варианты болған ба деген мәселені қарап алғанымыз жөн, өйткені біз әлгі Еділ есімінің де бірінші буынын от (ит, ет, ат) деп түсіндірдік қой. Қазіргі түркі тілдерінде от сөзі ут, ют деп айтылса да ат болып айтылмайды, оның есесіне біз ежелгі үндіиран мифологиясынан оттың ат деп айтылу нұсқасын кездестірдік, егер от сөзі жалпы үндіевропалықтар үшін ат емес, агни, огонь түбірлі болғанын ескерсек, ежелгі үндіирандар пайдаланған ат сөзі прототүркілік болуы да әбден мүмкін. Міне, осындай шағын тілтанымдық серуеннен соң Жайық сөзінің эволюциясы атық йатық йадық йайық жайық тізбегі бойынша дамыған дей аламыз. Атық отты оттық, бір қызығы түркілік йада (яда, сата) тас сөзі соғды және ежелгі иран тіліндегі яда сиқырлы сөзінен ауысқан деген пікір бар, бірақ сол соғды, иран тілінің өзіне одан да бұрын түркі тілінен ауысып келуі мүмкін бе деген ой туып көрмегенге ұқсайды. Ежелгі түркілік йадық йадақ (оттық) сөзі ежелгі иран тіліне ада сиқырлы мағынасында ауысуы ықтимал, өйткені көк түрік тіліндегі ыдуқ сөзінің сол дәуірдегі мағынасы қасиетті болып тұрған, яғни осы мәнде иран тіліне ауып кетуі мүмкін, ал кейін, түркі ареалындағы қалаларға жаппай қоныс аударуымен бірге яда-сиқырлы сөзі енді иран сөзі болып түркі тіліне қайтып оралған, түріктер жаңбыр жауғызатын сиқырлы тасын ирандық нұсқамен яда таш деп атап кеткен. Йадық пен йад сөзі солтүстік түркілер тілінде (соның ішінде қыпшақ) йайық, йай немесе жай болып өзгерген, бұл қазіргі қазақ тілінің заңдылықтарының бірі (адақ аяқ, ыдуқ үйек). Жайық, Йайық, Йайашы есімдері от, жай, найзағай ұғымымен байланысты, ол күнтектілікті (күн күркіретуші жай түсіруші). жалпы жоғарғы дүниенің жарқын тәңіриелігін білдіреді, алтай-саян түркілерінің мифтерінде Жайық нақ осы сипатында сақталған, ал қазақ архаикалык эпосында ол зұлым, төменгі дүние иелерінің басты аспандық қарсыласы. Жайық күн тәңірі ретінде тастан жаралды деген түркі-ирандық ортақ трафареттен бастау алуы ықтимал, қазақ тілінде жайрату, жайлату, жай соққыр, т.б. басқа сөздері тек найзағайға ғана емес, тасқа қатысты сөздер, ол қазақ тілінде жай тас сиқырлы, ауа райын өзгерте алатын тас ретінде сақталса, күн жайлату тіркесі де осы тасқа қатысты. Міне, осы мағынада Жайық-Күн ретінде тастан шығуы, жаратылуы мүмкін деген миф ерте заманда болған шығар дей аламыз, сондай-ақ түркі тілдеріндегі Едіге есімінің әртүрлі варианттары болып табылатын адық, едік, әдік, жәдік, едігер, ядигар, жәдігер сөздері де тасқа қатысты сөздер болуы ықтимал (бұл жөнінде туған күн мен Мелюзина мотиві деген тақырыпты қара). Сонымен, қазақ арасында Еділ мен Жайық туралы миф сақталмаған, бірақ архаикалық эпос сюжеттері және лингвистикалық анализ арқасында бір кездері арғықазақтар арасында осы аттас мифтік образдар болған дей аламыз. Еділ есімінің су ұғымына телінуі мен угор тілдеріндегі су сөзінің (ведь мордва, вит манси, йенг, йинк хант) еділ сөзіне (еділ, ед ведь вит) ұқсастығына қарап, ертедегі түркі-угор мифологиялық байланысы жоққа шығарылмайды. Ал башқұрт эпосындағы Иделдің шешесінің аты Хумай делінуіне қарап, Еділді мифтік Жұмай Ұмаймен байланыстырудың да реті келеді, қалай болғанда да Еділ мен Жайықтың мифтік табиғатын тану шағын мифолингвистикалық талдаумен шектелмейтіні айқын, бұл жалпы түркілік фольклорлық материалдарды толық жинастыра алғанда ғана мүмкін болар шаруа. Дереккөз: Қазақ мифологиясына кіріспе, Серікбол Қондыбай