- Негізгі бет
- Түп тамыр
- "Алманың атасы" атанған...
"Алманың атасы" атанған академик
Бала күнімізден санамызда жатталып қалған бір ән бар: "Алматының алмасын, сәулем саған сыйлаймын". Расында апортымен даңқы шыққан Алматы жұртшылықты алмасымен де баураған. Тарихқа көз жүгіртсек, Алматының алмасы туралы небір ғажайып деректерге тап боламыз. Ең бастысы, біз қуанатын бір нәрсе бар: Алманың Отаны – Қазақстан. Бұған әлем ғалымдарының көзі жеткен. Сондықтан апорт жайлы әңгіме қозғалғанда, біз қазақ алмасын төрткүл дүниеге танытқан ғалым туралы айтпай кете алмаймыз. Ол – ҰҒА академигi, биолог-ғалым Аймақ Жанғалиев.
Қазақ апорты туралы дерекке көз жүгірткенде, мына бір оқиғаны естен шығармағанымыз абзал. Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толған уақытта 1913 жылы қазақ елінің атынан да бір топ делегация барған көрінеді. Патша әулетіне қазақтар сыйлыққа Алматының апортын алып барған. Әр алманың салмағы 1 келі 300 грамм тартқан. Міне, даңқы алысқа кеткен қазақ алмасының жайы бір ғасыр бұрын-ақ дүйім жұртқа мәлім болған.
Ал 1980 жылдан Ботаника және фитоинтродукция ғылыми зерттеу институтында лаборатория меңгерушісі, сондай-ақ "Өсімдіктер генофондысы" ЖШС-нің бас директоры болған академик Аймақ Жанғалиев алма ағашы ең алғаш рет қазақ топырағында бүр жарғанын төрткүл дүниеге мәлім еткен ғалым. Бірақ өмірден өткенімен, оның жаңашылдық істері жаңа ұрпақ санасында жаңғырып қала беретіні сөзсіз.
Аймақ Жанғалиевтың дерегіне қарағанда, жабайы алмалардың қазақ топырағында өсе бастағанына 50 миллион жыл болған. Академик ғалым басқа құрлыққа алманың көшеті қазақ жерінен барған. Қазақ жеріндегі жабайы алмалар туралы қытайлар 1240 жылдан бастап жаза бастаған көрінеді. Сөйтіп, қазақ алмасы әлемді аралап барып, туған топырағына қайта оралған.
Биолог-ғалым Аймақ Жанғалиұлы Қазақстан алманың Отаны екенін ғылыми түрде дәлелдеп берген. Әңгіменің түп-төркіні жабайы алмадан басталады. Ал қазақ топырағында жабайы алманың 131 тұқымы болған. Жалпы жабайы алманы ешкім аялап, қорғап өсірмеген. Олар эволюциялық жолмен өздері дамиды, өсіп-өнеді. Аймақ Жанғалиұлы бірде мынандай қызғылықты оқиғаны тілге тиек еткені бар. Оксфорд университетінен келген ғалымдар ағылшындарда алманың 2500 сорты бар деп дерек келтірген.
"Алайда бізбен бір жыл бірге жұмыс істегеннен кейін олар бір нәрсені түсінді. Өздері айтып отырған сол 2500 сорттың қазақтың Жоңғар, Іле Алатауының баурайынан тарағанына көздері жетті. Академиктің сөзіне сенсек, ағылшындар айтып отырған алма қазақ жерінде өскен жабайы алманың жетілген түрі. Академиктің мақалалары мен сұхбаттары және ғылыми еңбектеріне көз салсақ, қазақ топырағындағы жабайы алманы ең алғаш рет Тарбағатай тауы бөктерінен ХVIII ғасырда Орта Азияға сапары барысында жабайы алмаларды алғаш зерттеген неміс ғалымы Иоганна Сиверс тапқан. Дәміне сүйсінген ол Үржарда өскен жабайы алманы дүниежүзіне мәлім еткен. Кезінде бұл "Серверс алмасы" деп те атанып кеткен. Сөйтіп, Ресей арқылы Еуропа аралап кеткен қазақтың алмасы кейіннен қазақ топырағына қайта келген. Қайтадан жерсінген алма апортқа айналды. Оны Алатау баурайына алғаш еккендердің бірі Редько және Моисеевтер отбасы болған. Академик Жанғалиевтың дерегінше, Романов әулетінің 300 жылдық тойына сый тарту ретінде апарылған осы Алматының апорты көрінеді. Бірақ біз бүгінгі даңқы асқан Алматының апортын дамытып, сақтай алдық па? Бұл енді үлкен мәселе. Қазір Қазақстанға өзіміздің отандық өнімнен гөрі Польшаның және басқа да елдердің алмалары көп әкелінеді. Әрине, отандық апортты өсіру оңай шаруа емес. Оған барлық жағдай жасалуы керек, күтіп-бапталуы қажет. Нақты айтқанда, өзіндік қиындықтары бар. Негізі апорттың түп атасы ерте кезде жерімізде өскен жабайы алмалар. Мұны академик Жанғалиев ғылыми түрде дәлелдеп берген. Биолог-ғалым Жанғалиевтың ғылыми еңбектеріне назар аударсақ, шетелдік зерттеушілер апортқа емес, бiздегi жабайы алманың сорттарына көбірек қызығады екен. Өйткенi бұлар – өзiн-өзi жаңартып, жетiлдiрiп отырады және дәмді. Бұл ғана емес, ұлыбританиялық жазушы, журналист Кристофер Роббинс біздің елімізді "алма мен қызғалдақтар Отаны" деп баға берген.
Алманың "Грэнни Смит", "Кокс орандж пиппинс", "Бромли" сияқты ағылшындық сорттары да ерте заманда қазақ жерінен әкелінгенін тарих дәлелдеп отыр. Аймақ Жанғалиев 1941 жылы қазақ алмасының арғы түп-тамыры жайында докторлық диссертация қорғағанын да айта кетуіміз керек. Академиктің бұл саладағы еңбегі ұшан-теңіз. Ол мұқым дүниеге алманың Отаны Қазақстан екенін дәлелдеп шықты.
Академиктің қызы София Жанғалиеваның айтуына қарағанда, әкесі 16 жасынан бастап ғылыммен айналысқан. 96 жыл өмір сүрген биолог-ғалым Аймақ Жанғалиев өмірінің 80 жылын алма мен жеміс-жидекті зерттеуге арнаған. Ол Алатау бөктерінде өсетін алманың 150-ден астам сортын анықтап, құжаттандырып үлгерді. Жанғалиевтың алматану саласындағы ғылыми еңбектерін әлем ғалымдары жақсы біледі. Ең бастысы, олар алманың қазақ жерінен шыққанын мойындайды.
Қысқасы, "алманың атасы" атанған академик Аймақ Жанғалиевты бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Ал бір алма құрамының 83-88 пайызын су, 7,5-16 пайызын қант, 0,2-0,5 пайызын қышқыл, 9,5-18,5 пайызын құрғақ қалдық, А,В1, В2, В6, С, РР дәрумендері, тағы да басқа көптеген минералды заттар құрайтынын ұмытпайық.
Қ. Слямбек