- Негізгі бет
- Түп тамыр
- «Алаш» партиясы ұстанған...
«Алаш» партиясы ұстанған бес түрлі тұжырым
Сіздерге жақсы таныс, 1917 жылы шілде-тамыз айларының өліарасында Жалпықазақтық I құрылтай шақырылып «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, жер – Отан, aл Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген деген тұжырымға саяды.
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын. Яғни, бұл «өз жерінің игілігін әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат» деген емеуірінді танытады.
Абай данышпанның:
«…Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» дегеніндегі «ырық» – осы ырық. Өз жеріңнің астына, үстіне, аспанына иелік ете алмасаң, ырықтың кеткені сол емес пе?!.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс.
Тағы да сол Абайдың: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң: атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып тірлік қылады. Бірлік сатылса – антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек»дегендегі бірлік – осы экономикалық бірлік. Ал біздегі сатылмайтын құндылық – тек «жалданып тірлік кұру» ғана болып қалды.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.
«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп Сара ақынның caл Біржанға айтқанындай, бұл төрт мәселеге келгенде, біздің де үніміз шықпайды. Егер қоғамның дамуы осы бетімен кете берсе, күні ертең біз «Құранды» да орыс тілінде оқитын боламыз.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттap (заң) жасалады».
1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған осы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті. Соншама азап шеге жүріп аңсаған тәуелсіздік идеясынан неғып соншама тез жеріндік? Ал «Жапония сияқты ғылымға сүйенген ұлттық-демократиялық мемлекет кұру керек» деген ұстаным үшін анық емес деректерге сүйенсек, 60 мыңдай адам «жапон шпионы» ретінде ату жазасына кесіліпті.
Жоғарыда айтылған ұстанымдарды таратып жатпайын. Ол ұзақ әңгіме. Саясат, экономика, коғамдық даму дегенді былай қойғанда, біз өзіміздің тәуелсіз рухани тәрбиемізді қадірлей алмадық.
1. Қазір дәстүрсіз ұрпақ қалыптасып келеді. Бұл үлкен рухани апат.
2. Тәуелсіз экономика мен тәуелсіз ғылым жоқ. Ал тәуелсіз ғылымсыз – тәуелсіздік те, зияны да, болашақ та жоқ. Тағы да сол «сорлы» Абай: «…малды сарп қылып ғылым табу керек. Ғылымсыз – ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз окыған намаз, тұтқан ораза, қылған қажылық – ешбір ғибадат орнына келмейді» дейді. Біз сол ғылымды «малдың», яғни, бизнестің кұрбандығына шалып отырмыз.
3. Ұлттық ұйытқының, мектептің, соның ішінде бастауыш мектептің ұлттық мәйегі ұйымаған. Ботаника пәнінен Қазақстанның шөптерінің түрі мен атауларын, зоологиядан Қазақстанның жан-жануар мен хайуанаттар дүниесін, жағырапиядан жер-су атауларын, жер қыртысының аттарын, астрономиядан – «он сегіз мың ғаламның» қазақша атауларын, тарихтан, өзгені былай қойғанда, қазақ хандығының құрылған жылы туралы нақты мәліметті таба алмайсыз. (Бұл ретте тарихшылар әлі бір тоқтамға келген жоқ).
4. «Саудасы – ар мен иманы» деп Абай айтқандай, дін – саясат пен бизнестің кұралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отыр. (Дін туралы қабылданбай қалған ескі заң жобасы мен қолға алынып жатқан жаңа заңның сұлбасы солай деуге негіз қалайды).
5. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қолданымнан шеттетіліп отыр. Мысал керек пе? «Кітап шығарудың қажеті қанша? Оны кім оқиды? Электрондық нұсқа бар» дейтін министрлер мен ректорлар пайда болды.
6. Мемлекет өз ұлтынан ажырай бастады. Екеуінің ойы екі басқа. Енді олардың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам.
Бұның барлығы нені танытады? Жоғарыда атап өткенімдей, біздің тәуелсіз мемлекетімізде қарама-қарсы бағыттағы екі ұлттық ағымның қалыптасқандығын анық аңғартады. Ашығын айтайын, мемлекет халықтан ажырап қалды. Қазір мемлекет пен халық басқа: «Мемлекет тек реттеп отыруы керек. Қалғанын базардың өзі реттейді» деп өзеурегендер енді бірер жылдан соң халықтан мүлдем қол үзіп, тағы да сол Ленин айтқандай, «халық бұрынғысынша өмір сүргісі келмейтін, ал биліктегілер бұрынғысынша басқара алмайтын жағдайға» душар болары анық. Былтыр ғана болуы мүмкін болжам, биыл шындыққа қарап бетін бұрып отыр.
Міне, Әлихан Бөкейханов ұйытқан Алаш идеясының негізгі мәйектері осындай.
Тұрсын Жұртбайдың «Әлихан Бөкейханов және біртұтас Алаш идеясы» мақаласынан ықшамдалып алынды
Н. Айдархан