Алаш идеясы: бір ғасыр өткен соң

Халықта «бәріне уақыт төреші» деген сөз бар. Орынды айтылған. Революциялық өзгерістермен басталған ХХ ғасыр сол өзгерістерді өмірге әкелген коммунистік идеяның жеңілісімен аяқталды. Шын мәнінде, бұл коммунистік идеяның жеңілісі ме, жоқ әлде, сол идеяны басшылыққа алып, оны солақай әдістермен іске асыруға күш салған саяси партия мен ол құрған жүйенің жеңілісі ме? Бұл сауалға жауапты Кеңестер одағы аталған алып империяның тарихы берді. Бір нәрсенің басы ашық, бүгінгі адамзат қоғамды, қоғамдық қатынастарды өзгерту ісінде революциялық әдіс-құралдардан бас тартты.

Революциялық өзгерістердің табиғатын тура түсініп, адал өмірімізге қажет тұжырымдар шығаруға алысқа бармай-ақ, халқымыздың кешегі өткеніне алған сабақтары жетіп артылады. Есімде, студент кезімізде Ш.Уәлихановтың қоғамдық-саяси көзқарасын талдағанда, «қазақ ғалымы тарихты түсіндіруде үлкен жетістіктерге жетті, дегенмен, оның көзқарасындағы бір кемшілік –қоғамды революциялық жолмен өзгертуге қарсы шықты» деп үйрететін. Иә, рас, Шоқанның «Еуропадағы барлық революциялар үкіметтің тарапынан халықтың еркін даму әрекетін басып-жаншудан шыққан» деген мағынадағы пікірі бар. Ғалымның түсінігінде кез келген теорияның құндылығы – оның өсу жолында тұрған нәрсеге керегін беріп, ал оған қажет емес кедергілерді аластауда ғана. Басқаша айтқанда, үкіметтің негізгі міндеті қоғамдық организмнің дертсіз, еркін өсіп-өнуіне қажет реформалық шараларға жол ашу болса керек.

Өз ретінде айта кетейік, көзқарастық тұрғыдан Шоқан ұстанымына жақын тұрған ХХ ғасырдың басындағы Ә.Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары да қоғамдық дамуда революциялық емес, эволюциялық, реформалық әдіс-құралдарды қолдау жағында тұрды.

«Патшалық Ресей – халықтар түрмесі болды» деген пікірді кеңестік тарихшылар В.Ленинге таңады. Бұл тұжырымға В.Лениннен бұрын А.Герцен де келген. Ол Николай І қоғамды басқару ісіндегі «Ресей өлсе де, шексіз және мызғымас билік қалса болғаны» деген ұранын сынға алып, «Біздің қайсымыз осы жер шарының төрттен бір бөлігін алып жатқан түрмеден, кез келген полицейлік бақылаушы өзін патша, ал патша – өзін полицей сезінетін алып империядан құтылғымыз келмеді?» деп жазғанын мектеп қабырғасында оқып өстік емес пе?

Осы ретте мынадай бір жағдайға көңіл аударған артық емес. «Ресей – халықтар түрмесі» деген ұғым большевиктерге патшалық өкіметке қарсы күрес кезеңінде қызмет жасаған ұран есебінде болды. Большевиктік ұстанымдағы тарихшылар 1941-1945 жылдары соғыс тұсында бұл ұстанымды сынға ала бастайды. Мәселен, Е.Тарле сияқты ресейлік тарихшылар Ресейдің көрші халықтардың жерін өзіне күшпен қосып алуын тарихи қажеттіліктен туған шара ретінде ақтады. Ескеретін жағдай, бұл пікір 1944 жылы мамыр-шілде айларында партияның Орталық комитетінде, оның идеология жөніндегі хатшысы А.Щербаковтың төрағалығымен, сондай-ақ, ОК-тің хатшылары Андреев пен Маленковтың қатысуымен өткізілген «История Казахской ССР» (1943 жылы жарық көрген) кітабын талқылау барысында айтылды. Патшалық үкіметтің жаулап алу саясатына қарсылық көрсеткен Кенесары Қасымұлы көтерілісін оң бағалаған бұл кітапты оқу процесіне енгізуге тыйым салынды.

Ал осы патшалық биліктің орнына келген Кеңес өкіметі одақ құрамындағы халықтарға өздерін өздері басқару мүмкіндігін беріп, олардың еркін дамуына жол аша алды ма? Бұл сұрауға біржақты жағымды жауап беру тарихи шындықты бұрмалауға ұрындырар еді. Айта кеткен жөн, бұл сұраққа тек жағымды жауап беруге бейім тарихшылар әлі де аз емес. Олай болса, кез келген мемлекеттік биліктің жағымды немесе жағымсыз қызметінің негізгі өлшемі ретінде қандай нәтижені алуға болады?

Француз гуманисі Жан-Жак Руссо мұндай өлшем ретінде сол билік тұсында халықтың сандық тұрғыдан өсуін немесе кеміп кетуін алуды ұсынады. Меніңше, бұл бірден-бір әділетті ұстаным. 1917 жылғы революциялық өзгерістер қарсаңында 6 миллионға жуық қазақ халқы 20-30-жылдары жүргізілген кеңестік реформалардың нәтижесінде жартысына жуығынан айрылды. Соғыс, аштық, репрессиялық шаралар, эксперименттік дәрежедегі реформалар қазақ халқының сандық және сапалық тұрғыдан азып-тозуына жол ашты.

Салыстырмалы тұрғыдан айта кеткен жөн, тәуелсіздік алған 1991 жылы жергілікті қазақ халқы барлық тұрғындардың жартысына да жетпейтін (46%) күйде болса, содан бергі ширек ғасырда оның үлес салмағы 67-68 пайызға жетті. Яғни, түрлі экономикалық және әлеуметтік қиындықтарға қарамастан, ол сандық және сапалық тұрғыдан өсу жолында тұр.

А.Герцен айтқан пікірге байланысты, тарихшы ретінде мынадай жағдайға көңіл аударған болар едім. Қазақ тарихында күрескер Герценнің азаматтық үлгісін жаңғыртқан Мұстафа Шоқай 1917 жылғы революциялық өзгерістерге байланысты біз үшін әлі маңызын жоғалтпаған мынадай ойды білдірді. 1917 жылғы революциялық өзгерістер тұсында біз, ел, ұлт ретінде әлсіз болып шықтық, өз бетімізше еркін қимылдауға, әрекетке келуге мүмкіндік беретін экономикамыз, әскеріміз, тіптен рухани тұрғыдан да даярлығымыз болмады. Бұл жағдай біздің басшыларымыздың орыс демократиясына иек артуына, олардың берген түрлі уәделеріне сенуге негіз болды.

1917 жылғы революциялық өзгерістерден біздің алатын негізгі сабақ, ол –ешқандай қамқоршының уәдесіне сенбеу, өзіңнің экономикалық күш-қуатыңды ылғи да арттырып отыру, мемлекеттік тәуелсіздігіңді нығайту.

Кеңестер Одағы өткен жол не көрсетті? Ол мемлекеттік жүйе ретінде бастапқы кезеңінде берген уәделерінің үрдісінен шыға алмады.

Біз, заңгер, тарихшы, философ ғалымдар осы уақытқа дейін патшалық және кеңестік биліктердің қазақ жеріндегі саяси-құқықтық негіздері туралы тұжырымдарымызды анықтай алмай келеміз.

Кеңестік тарихнама мәселен, патшалық және кеңестік биліктерді легитимді биліктер ретінде көрсетіп, қазақ қоғамына тек жағымды өзгерістер әкелген мемлекеттік құрылымдар ретінде танытуға күш салды. Жоғарыда аталған «История Казахской ССР» (1943 ж.) атты кітаптың осы мәселеге қатысты ІХ тарауында патшалықтың бодандығына ену туралы «антты қазақ билеушілерінің жоғарғы өкілдері ғана берді». Сондықтан да «қазақтардың ресейлік бодандыққа өтуі қазақ ақсүйектері мен патша үкіметі арасындағы келісімнің нәтижесі» болды. Бодандық халық бұқарасының еркінен тыс қабылданды» деген тұжырым жасалынған болатын. Тура осы жасалынған тұжырым 1943 жылы жарық көрген кітаптың сөрелерден алынып тасталуына негіз болғандығын ұмытпаған жөн.

Кеңес үкіметі революциялық жолмен өзінен бұрынғы билікті ысырып тастап, мемлекеттік басқару аппаратын орнатты. Ол ешқандай да референдум, сайлау арқылы келген жоқ. Оның орнауына қазақ халқының ешқандай да қатысы болған жоқ. Екіншіден, В.Ленин бастаған большевиктер партиясы қазақ қоғамының сол тарихи кезеңдегі жағдайы мен оның алдында тұрған мақсат-міндеттерімен санасқан жоқ. Өзінің әскери, идеологиялық басымдығын пайдаланып, қазақ азаттық қозғалысын табиғи мазмұнынан айырды. Бұл іс жүзінде, қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жасалған кешірілмес тарихи қиянат еді. Большевиктер, олардың жетекшілері өздерін партиялық тұрғыдан қазақ басқарушы тобынан жоғары тұрғандығына сенімді болды. Мәселен, Алашорда үкіметінің 15 мүшесінің біреуінің ғана (О.Әлжанов) арнаулы орта білімі бар-тын. Ал қалған он төрті түгелдей жоғары білімді еді. Сапалық тұрғыдан Кеңес үкіметінің өзі мұндай құрамда емес-тін.

Әлихан Нұрмұхаметұлы Бөкейханов бастаған қазақ азаттық қозғалысы басшыларының және саяси ұйымының дұрыстығын өмір ағымының өзі жан-жақты дәлелдеп берді.

Қазақ азаттық қозғалысы көздеген мақсат-мұраттардың жалпы адамзаттық құндылықтар арасында екендігін кейінгі әлемдік тарих көрсетіп те берді. Никарагуа ұлт-азаттық қозғалысының басшысы Сандино кезінде «біздің қозғалысымызға сырттан таптық мазмұн, сипат беруге ұмтылыстар жасалынды. Біз оған үзілді-кесілді қарсы болдық, өйткені біздің күресіміз антиколониалдық мазмұндағы күрес еді» деп мәлімдеді. Алаш атауындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысының басшылары Сандино жасаған тұжырымға ХХ ғасырдың 20-жылдары келген болатын.

Міне, бұл келтірілген фактілік материалдар – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің қазақ шындығын қорыту ісінде ресейлік коммунистерден жоғары тұрғандығының айғағы. Алаштық ұстанымдағы зиялылар большевиктер ұсынған социализм идеясымен осы жолда белгіленген төтенше өзгерістерді қабылдай алған жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының большевиктер идеясын қабылдауға даяр еместігіне байланысты олар ұсынған социализм идеясын «шақырылмаған бөтен қонақ» деп атады.

Сөзіміздің соңында, мынадай жағдайды ескертуді өзіме міндет санаймын. Большевиктер ұйымдастырған 1917 жылғы социалистік революция мен одан кейінгі өзгерістерге байланысты бұл айтылған ойлар, әрине, жаңа қоғам құру ісіне белсенді түрде атсалысқан аға буынның жасампаз еңбегін жоққа шығарғандық емес. Қарапайым халық, оның озық туған ұлдары мен қыздары үшін социализм идеясы, Тұрар Рысқұлов дәл атап көрсеткеніндей, түпкілікті жалғыз мұрат емес, қоғамдық өмірді жағымды мағынада өзгертудің құралы есебінде жүрді. Осы тұрғыдан аға буынның қажырлы еңбегі өз нәтижесін бергендігі анық. Олардың түрлі ауыртпалықтарға қарамастан, атқарған мақсаттық қызметі мен еңбегінің ең басты нәтижелерінің бірі – бүгінгі мемлекеттік тәуелсіздігіміз.

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,

ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, профессор

"Егемен Қазақстан" газеті