- Негізгі бет
- Түп тамыр
- Абайдың туған күніне...
Абайдың туған күніне араша керек
Осы бір жағдайға көп болып әрі жан-жақты көңіл аудармасақ болмайды. Ол ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының туған күні төңірегіндегі тұрақсыздық. Жасыратыны жоқ, хакім Абайдың дүниеге келген күні соңғы жылдары әрқилы аталып жүр. 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде тойланған ақынның туған күні соңғы бірнеше жылдан бері 10 тамыз емес, 23 тамызда аталып жүр. Ақынның туған күні 10 тамыз ретінде халық санасына әлемдік межеде тойланған мерейтойы арқылы сіңген еді. Кейбір бастамашылар бұл датаны 23 тамызға өзгертіп, елге екіұдай күй кештіріп қойды, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
«Екіұдай» дейтініміз, 23 тамызды қоғамның басым бөлігі әлі қабылдай қойған жоқ. Бұл анық жайт. Сол себепті, төменде осы мәселе төңірегіндегі ойымызды ортаға салып, тиісті мамандар мен қатысты мекемелер туған күн датасының тұрақтануына оң ықпал етсе екен дейміз.
Әр ұлт өзінің рухани көсемін шексіз сүйеді және ешқашанда ұмытпай, тағзым жасайды. Мысалға, ағылшын Шекспирді, орыс Толстойды, француз Бальзакты, грузин Руставелиді, неміс Гетені жанына жақын тұтып, мақтан етеді. Ұлы Абайды пір тұту, қастерлеу жағынан, біз, қазақтар да, әрине, ешбір ұлттан кем түскен емеспіз. Алайда, ұлы ақын туған күнінің дәлдіктен алыстағаны көңілге қаяу түсіріп тұр. Оны нақтылап, біржақты етуге зиялы қауым да құлықсыздық танытып келе жатқандай.
Сөйтіп, басқа басқа, қазақтың маңдайына біткен әлемдік ойдың алыбы - Абайдың туған күнін екі түрлі датамен атау қалыптасып бара жатыр. Әр мекеме өз ойына келгенін істеуде, қаласа - 10, қаламаса 23 тамызда мерекелеу етек алып тұр. Әріге бармай-ақ, биылғы жылдың өзінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде осы дата туралы екі түрлі ақпарат берілді. Әрине, бір айдың екі күнін Абайға арнау артықтық етпес. Бірақ нақтылы бір күнді атағанға не жетсін, қазіргі жағдайда желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектер «Неге?», «Бұл қалай?» десе, аңтарылып, жерге қарап қалатынымыз күмәнсіз.
Иә, 23 тамыз қайдан шықты? 1990-жылдардың соңында «Абайдың туған күні жаңа стиль бойынша 23 тамыз» деген пікірді алғаш көрнекті абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов айтқан болатын. Бірақ, 23 тамыз негізгі дата ретінде өмірге жолдама алады деп ғалымның өзі де сене алмай өткен шығар-ау. Ғажабы сол, жылма-жыл соған ауып барамыз. Бұл құптарлық жайт емес, әрине. Себебі, 10 тамызға берік тоқтаған ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі 1940 жылы Әрхам Ысқақовқа тапсырма беріп, осы уақытты анықтаған, Қаныш Сәтбаев сынды ғалымдармен кеңесе отырып, қабылдаған (бәлкім, жаңа стиль есепке алынып, 13 күнге ілгерілеткен шығар), сондықтан бұл күн - соғыстан кейінгі аса ауыр жылдардан бері санаға сіңген дата. Оған 1995 жылғы ЮНЕСКО шешімінде осы күннің көрсетілгенін қосыңыз.
Сөйтіп, қай жағынан алғанда да, 10 тамыз айшықты, керек десеңіз, қастерлі дата. Сондықтан мәселенің түбін терең қазбалап, оның анық-қанығына тоқталуға мәжбүрміз.
Христиан күнтізбесінде жыл санаудың ескі және жаңа стиль деген екі тәсілі бар. Сонан туындаған мәселені, яғни 13 күн айырмашылықты Еуропа елдері ХІХ ғасырдың соңында-ақ шешіп алғаны мәлім. Себебі, Франция мен Англия арасындағы жүзжылдық соғыс сияқты, том-том хатталған тарихи кітаптарда даталар әр елде әрқилы көрсетіліп, шатасудың көкесі басталып кеткен-ді. Ақырында «13 күнге ілгерілету керексіз, ондай әрекет тоқтатылсын» деген ортақ халықаралық шешім қабылданып, нақты жүзеге асқан. Мысалы, сөз басында аталған әлемдік деңгейдегі алыптардың туған күні де бұрынғы датасынан қозғалған емес.
Енді патшалық Ресей империясына көз салар болсақ, онда жыл санаудың ескі стилінен жаңасына көшу тұп-тура 1917 жылғы Қазан төңкерісі уағына келді. Билікті күшпен алған большевиктер ең алғашқы декретімен-ақ жаңа стильді енгізе салды. Тегінде, бұл дереу қолға алынуға тиісті қажеттілік емес, «ескі әлемді түбірімен қопарып, жаңа әлем орнатамыз» деген ұранға сайма-сай таза саяси әрекет-тұғын. Революция көсемдері жоғарыда айтылған буржуазиялық Еуропа шешімін пысқырсын ба, дата атаулыны не болсаң о бол дегендей, 13 күнге ілгері ауыстырды да тастады. Сөйтіп, 25 қазанда болған революция 7 қараша деп өзгертілді және т.т.
Бір қызығы, пролетариат көсемі Ленин өзінің де, орыстың ұлы тұлғаларының (Пушкин, Лермонтов, Толстой және т.б.) да туған күндерін қозғамаған. Тек атақты революционерлер мен кеңестік ақын-жазушылардың туған күнін екі стильмен (бірін жақшаның ішінде) көрсету жаппай етек алған. Келе-келе бұл жайт жазылмаған қағидаға айналып кете барды.
Революция өрті лаулаған қарбаласта большевиктер жанұшыра қабылдаған бір ғана «қызыл декреттің» қысқаша тарихы осы. Жоғарыда Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың туған күні жаңа стиль бойынша 23 тамыз болу керек» деген жору-болжамы да осымен өз түсінігін табады. Ғылымда жору, топшылау бола береді. Бірақ, кез келген болжам-ұсыныстың жүзеге асуы ұзақ жол және мықты дәлелдерді талап етеді. Ал Қайым ағаның осы бір пікірі шынайы өмірге тез арада еніп-ақ кетті. Қалайша, қайтіп?.. Оған ешқандай да ғылыми негіз жоқ еді ғой?! Ойлап қарасақ, жаңа стиль жалғыз Абайға ғана қатысты ма? Онда Әлихан Бөкейханның, Мұхтар Әуезовтің, Қаныш Сәтбаевтың туған күндерін де 13 күнге ілгері қозғау керек емес пе? Басқа да күллі тарихи даталарды қайтпекпіз?
Алда - ұлы Абайдың 175 жылдық мерекесі. Оны да 23 тамызда атайтын болсақ, кейінгі ұрпақ, сол сияқты шетелден келген көзіқарақты саяхатшы, я болмаса, ғылыми конференцияға қатысушы ғалымның бірі: «Оу, сіздер данышпан Абайдың туған күнін неге өзгерткенсіздер? Себеп қандай?», - деп сұрақ қояр болса, масқарамыз шығып, қатты ұятқа қаларымыз анық. Өйткені, халықаралық ғылыми орта ЮНЕСКО шешіміне сүйенетіні анық қой.
Тиісті мекемелер осы бір жайға түбегейлі назар аударса дейміз.
Дереккөз: inform.kz
T. Кіршібаев