TWESCO Моңғолияда археологиялық қазба жұмыстарын бастады

TWESCO Моңғолияда археологиялық қазба жұмыстарын бастады

Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Моңғолиядағы көне түркілердің «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінде археологиялық қазба жұмыстарын бастады.

Бұл жоба Астанада өткен «Ұлы дала» Форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық меморандумы шеңберінде Моңғолия Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Тарих, археология институтымен бірлесіп жүзеге асырылып отыр.

Моңғолия аймағындағы көне түркі дәуірі ескерткіштерінің этномәдени мәнін анықтап, ғылыми тұрғыдан зерделеу, археологиялық қазыналарын байыту мақсатын көздейтін қазба жұмыстары 2 айға созылады.

Қазба жұмыстарына Моңғолия тарапынан белгілі археолог Д.Цэвэндорж, ал Қазақстан тарапынан түрколог-ғалым Н.Бәзілхан жетекшілік етуде.

Зерттеулер нәтижесі бойынша Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Түркия ғалымдарының қатысуымен 2016 жылы 20-25 тамызда «Ұлы дала көшпелілері қазынасы: Тәңіртаудан Өтүкен өлкесіне дейін» атты халықаралық экспедиция ұйымдастырылады.

Айта кету керек, Академия 2015 жылы Ежелгі Өтүкен алқабында орналасқан «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінен табылған түркі ру-тайпалардың таңбасы қашалған «Мәңгі тастың» дәлме-дәл ғылыми көшірмесін Астана қаласында орнатқан болатын.

Дерек: baq.kz

Y. Almabek