Футболсүйер қауымның есінен Зиннедин Зидан есімі әлі шыға қойған жоқ. Ұмытылмауы да мүмкін. Өйткені тегі алжирлік болып келетін әйгілі француз ойыншысы футбол тарихында өз ізін қалдырып кетті. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға қазіргі мадридтік «Реал» командасының бас бапкері көмекшісі қызметін атқарып жүрген тұлғаның өмірлік ұстанымына айналдырып келген ой орамдарын ұсынамыз.
"Менің сәттілігім - өзгелерден сәл ғана артық ойнай алғандығым"
Әлемдік кубок пен Еуропа кубогы, «Алтын доп» атақтары және өзге де марапаттар ұлы Зизуды балалық шағында-ақ негізін салған принциптерін еш өзгерте алмады.
Әкем маған ешқашан жақсы көретіндігін айтпаған, алайда жасаған амал-әрекеттерінен менен артық бұл өмірде ештеңені жақсы көрмейтіндігін әрқашан түсінетінмін. Мен әрқашан есте ұстайтынмын: егер бір нәрсені қатты армандасаң, ол міндетті түрде орындалады. Мен Марсельде нашар ауданда өмір сүрдім. Негізі ең бастысы қай жерде тұратындығыңда емес, қалай тұратындығыңда. Мен жиырма шақты бозбалалармен араластым, олардың ешқайсысы да темекі шекпейтін және арақ ішпейтін. Балалық шағымда өзі үшін жауап беретін мекенде өмір сүрдім, егер сені біреу арандатса, ол еш жазасыз кетпеуі тиіс.
Әкем әрқашан айтатын: иммигранттар жергілікті адамдарға қарағанда екі есе жұмыс істеуі керек деп. Бала кезімде футболды әрқашан он шақты досыммен ойнайтынмын. Солардың арасында неге мен ғана футболшы болып шықтым? Оған, бәлкім, менің 24 сағат бойы футбол жайлы ойлағаным себепші болған болар. Егер саған қандай да бір мүмкіндік туды ма, оны жібермей құйрығынан ұстап қалу қажет. Жетістік үшін кез келген мүмкіндікті пайдалану қажет. Өзіңді бос нәрсеге жұмсап, әлектендірмеу керек. Марсельде нашар өмір сүргеніме қарамастан, ол менің жүрегімде мәңгі қалады. Ол жердің өзінің ауасы мен рухы бар. Бұл жағынан Марсельдің Ливерпульге қандай да бір ұқсастығы бар. Менің сүйікті клубым - «Олимпик». Мен «Канн» командасында ойнап жүрсем де, «Велодромға» жанкүйер болуға келетінмін. Өзіңнің кім екендігіңді және қайдан шыққандығыңды ұмытпауға тиіссің. Өсуіңе көмектескен адамдарды ұмытпа. Марсель жағажайында достарыммен шағын бизнес жасағаным әлі есімде. Демалушыларға менімен шұжық жеуден жарысуды ұсынатынбыз. Менің тамаша тәбетім қашан да жеңімпаз болуыма көмектесетін. «Канн» командасында ойнап жүргенде соңғы маусымда өзімді қақпанның түбінде болғандай сезіндім. Дүйсенбіден бейсенбіге дейін әскерде болдым, ал тек сенбі күндері ғана футбол ойнайтынмын. Ал алаңда ойнағанда еш нәтиже шығара алмадым, доп тепкенде тек 10 метрге ғана ұшатын.
«Бордоға» өту мені қатты өзгертті. Ең бірінші мен өзімнің көрсеткішімнің өсе түскенін және өзімді тез дамыта алатынымды байқадым. «Бордо» менің футболда да, жеке өмірімде де үлкен көпірім болды. Тамақ дайындауды жек көрем. Ары кеткенде, жұмыртқа қуыруды ғана білемін. Ал менің жарым Вероника тамаша аспазшы. Ол тіпті алжирлік ас үйден бірнеше тағам жасауды үйренді. Спортта доппинг қолдану – бұл сұмдық. Бірақ та «Ювентусте» болғанымда креатин деген препаратты қолдандым, бұл Францияда тиым салынған, алайда өзге мемлекеттерде қолдануға рұқсат етілген препарат еді. Ол менің денсаулығыма зиянын тигізді деп ойламаймын. Францияның құрама командасы ұлттық сипатына байланысты бөлінген! Қандай ақымақтық! Біздің команда бірлігі мықты және орталықтанған команда. Біз қайдан келсек те, біздің отанымыз – Франция, біз ойында Франция үшін жанымызды саламыз. Маған ойын кезінде допты көп ұстауды және қақпаға допты көбірек салуымды кеңес етеді. Әрине мен де қақпаға көбірек доп салғым келеді, алайда әріптестеріңе қолдау көрсету – менің басты міндетім. Егерде расымен Зинедин Зиданға біреу ұқсағым келеді десе, мен шынымен де бақытты боламын. Мен мұсылманмын және жоқтан бар еткен бір Аллаға ғана сенемін. Бұл менің ішімде өмір сүреді. Күшіңді үнемдеу - демек, сені асырап отырған өз клубыңды алдау. Менің үлкен арманым бар. Мен әлемдік чемпионатта ойнаудамын. 90-минут. Доп аяғыма тиді. Тебемін... Әрине, қайдан орындала қойсын... Ең үлкен жетістігім - кубоктарым мен марапаттарым емес, менің балаларым мені тамаша әке ретінде санаған кез болмақ. Саяси партиялардың барлығы маған одақтастық жайында ұсыныспен келеді. Алайда мен ешқашан да өзімнің саяси көзқарасымды жарияламаймын, бірақ бұл менің саясат маған қызық емес деген сөз емес.
Матерации (итальян футболшысы)? Ол менің жейдемнен қатты жұлқығаны сонша, мен одан ойын біткенге дейін қолын өзінде ұстауын өтіндім. Ойын біткеннен кейін оған өз жейдемді берсем дегем! Ал ол менің анам мен қарындасыма тіл тигізді. Өзімді тоқтата алмадым. Бұл ақылға сыймайтын іс болды, бірақ өте тез өтіп кетті. Испанияның үздік болуы ешкімді қызықтырмайды деп есептемеймін. Меніңше, Испания Еуропадағы ең мықты футбол державаларының бірі. Кім не демесін, мұнда ешқандай да әлсіз команда жоқ.
Месси және Роналду – тамаша футболшылар. Алайда бүгінде ең нөмірі бірінші ойыншы - Франк Рибери. Ол француз футболының жауһары іспетті. Мен қашан футболдағы істерімді аяқтаймын, сол тұста әкеммен Алжирге ораламын. Сол бір әкемнің шопан болған кішкене ауылыма барамын. Бұл - менің футболды аяқтағаннан кейінгі ең үлкен мақсатым. Адамдарға менің ойнағаным ұнайды, алайда одан да қатты оларға ұнайтыны менің қарапайымдылығым. Маған тек өзгелерге қарағанда футболды сәл ғана жақсы ойнағандығым сәттілік болды, сондықтан өзімді таңдаулымын деп есептемеймін. Ата-анам мені өзгелерден жоғары қоймауды үйретті, мен олардың осы іліміне алғысымды білдіремін.
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: vk.com, fannet.org