Вероника Кэмпбелл-Браун допингпен ұсталды

Ямайканың бетке ұстар спортшысы, мансабы жолында ең көп табысқа жеткен Вероника Кэмпбелл-Браунның Jamaica Invitational Meet турнирінің қарсаңында 4-мамыр күні допингке тапсырған тесті қанының құрамында тиым салынған дәрі-дәрмектің мөлшері бар екенін анықтап берді. Тапсырылған А үлгісінде диуретиктің біршама мөлшері табылған көрінеді. Айта кетейік, бұл химиялық құрам әдетте тиым салынған препараттардың әсерін күшейтіп, оны қан құрамында жасыруға пайдаланады. Сондықтан диуретик Әлемдік антидопингтік агенттіктің тиым салынған құрамдар тізімінен орын алған.

Jamaica-gleaner.com хабарлауынша, спортшы қыз Монреаль қаласына 13-маусым күні Ямайка құрамасымен келіп жеткен. Сол кезде оның тапсырған қанының B үлгісі де оң нәтиже көрсетіп, спортшының допинг қабылдағанын толықтай дәлелдеп берді. Ал Кэмпбелл-Браунның өзі бұл туралы айдың басында білген. Алайда ол қанның В үлгісінің нәтижесіне үміт артқан көрінеді.    

Сонымен орын алған жағдайға байланысты жеңіл атлетика федерацияларының Халықаралық Ассоциациясы (IAAF) алдағы аптаның басында арнайы мәлімдеме жасайтын болады. Егер Ассоциация Әлемдік антидопингтік агенттіктің жариялаған тест қорытындысын мақұлдап жатса, онда Вероника Кэмпбелл-Браун бүкіл атағы мен медальдарынан қағылатын болады. 

Ескерте кетсек, Вероника Кэмпбелл-Браун – 200 метрге жүгіруден қазіргі әлем чемпионы болып табылады. Одан бөлек, Ямайканың ең титулды жеңіл атлеті. 2004 жылғы Афины Олимпиадасының 200 метр және 4х100 эстафетасының жеңімпазы. 2008 жылғы Пекин Олимпиадасында 200 метрде топ жарды. Сондай-ақ ол әлем чемпионаттарында 9 медальге ие болған. Оның екеуі алтын алқа: 100 метр және 200 метрде.

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/UGwWkw5xSXs","width":"450","height":"314"});

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: rusathletics.com